Әлеуметтік желіде ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің өзінің Telegram арнасында еліміздегі орыс тілінің ауқымы тарылып бара жатқанын айтқан жазбасы қызу талқыланып жатыр.
Әлдебіреудің пікірін талқылаудың қажеті жоқ – Мәжіліс депутаты
Фото: parlam.kz
805
оқылды

Әрине қатардағы журналистің сөзінің пәтуасы жоқ екені анық. Дегенмен қазақ қоғамы оның жазғандарына шамданып қалған сыңайлы. Ал біз мұндай пікірлерге қалай қарауымыз керек екені жайлы Мәжіліс депутаты Айдос Сарымнан сұрадық.

– Айдос Әміроллаұлы, теріскей көршімізде Қазақстанның ішкі мәселесін сөз ететін саясаткерсымақтар, популистер кездесіп қалады. Жуырда бір журналист байбалам салды. Мұндай пікірлерге қатысты Сіз не дейсіз?

– Жалпы өзге мемлекеттердегі әлдебіреулердің әр сөзін жалпы талқылап, даурыға берудің қажеті жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Орта Азия бойынша орыс тілі біздің елімізде көп қолданылады. Ол рас. Тина Канделаки жазғандай, біз елімізде егер әлдебір атауларды қазақшаласақ, қазақ тілінің дамуына жағдай жасасақ – ол біздің ішкі саясатымыз. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Кез келген мемлекет өзінің мемлекеттік тілін дамытуына мүдделі. Әркім өз шаруасымен айналысқаны жөн. Өзге елде отырып, көрші тәуелсіз мемлекеттің ішкі саясатына ешкім араласпайды.

– Мұндай пікірлер екі ел арасына сына қағу мақсатын көздемей ме?

Мұндай жағдайлар екі елдің арасына сызат түсіріп, сына қағу, іріткі салуға алып келеді. Біздің Ресей мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасымыз жақсы. Екі елдің арасында экономикалық жағынан болсын, өзге жағдайлар болсын көптеген байланыс бар. Өткен жылы қараша айында Ресей президенті Владимир Путин елге ресми сапармен келіп кетті. Одан бөлек Кремльде екі ел президенттері келіссөздер жүргізіп, оның шеңберінде екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту мәселелерін, еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі өзара іс-қимыл перспективаларын талқылаған болатын.

– Демек «популистердің мұндай мәлімдемелері ресми көзқарас емес» дейсіз  ғой...

– Мұндай мәлімдемелер Кремльдің яки Ресей президентінің көзқарасын білдірмейді. Естеріңізде болса, бұған кезінде  Ресей басшысының баспасөз хатшысы және Кремльдің өкілі Дмитрий Песков та жауап берген болатын. 

Онда: «Бұл – саясаттанушылардың пікірі. Ол пікір Үкіметтің, Кремльдің саяси ұстанымын білдірмейді. Оларды тыңдап, көрудің қажеті жоқ» деген еді. Осыған қарап-ақ біз өз ұстанымызды айқындауымыз керек. Яғни, әрбір айтылған сөзге ұлардай шулап, даурықпауымыз қажет. Қазақта «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар. Осындайда, ит үрді екен деп мен де үрсем ауызымда қандай қасиет қалады» деп ақылдылар айтқан сөзге тоқтаған жөн.

Наурызбек САРША