Сапасыз қыз­мет көрсеткені үшін Tele2, Kcell және Beeline-ға 3,2 млрд теңге айыппұл салынды. Бұған олардың ештеңесі де кетпейді: мұның бәрін олар тариф көтеру арқылы тұтынушы­лардан өндіріп алады.
Тізгінсіз кеткен тариф
коллаж: Елдар ҚАБА
840
оқылды

Ұялы байланыс нарығында үлкен проблема қордаланғанын Үкімет мойындап отыр. Мысалы, халық ұялы байланыс тарифтерінің жаппай қымбаттап жатқанына наразы. Байланыс операторлары оның инвестиция салу нәтижесінде көтерілгенін алға тартты. Тексеру олардың, керісінше, инвес­тицияны күрт кеміткенін әшкереледі.

Айыппұлдан қайран бар ма?

Қазақстанды сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз етуге Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауапты. Ол нарықтағы бассыз кеткен ойыншыларды жөнге салып, тариф атаулыны тәртіпке келтіруі тиіс еді. Осы мақсатта министрлік жазалау тетігін қайта іске қосты. 

Ведомство реттеуші ретінде айыппұл салу түрінде жауапкершілікке тарту уәкілеттігіне ие. Бұл үшін ол ұялы байланыс пен интернет желісіне қол жеткізу сапасына тұрақты мониторинг жүргізіп тұратын көрінеді. Содан ол сапасыз қызмет ұсынғаны үшін Tele2, Kcell және Beeline ұялы байланыс операторларына 2023 жылы жалпы сомасы 3,2 млрд теңге айыппұл салған. Бірақ олар соның өзін толық төлемепті. 

«Министрлік 2023 жылы 782 тексеріс жүр­­­гізіп, нәтижесінде 3 млрд 288 млн тең­ге айып­пұл салды. Бұл ретте заңнамада жеңіл­дік­тер қарастырылған, соларды ескергенде, опе­раторлар жалпы көлемі 1 млрд 644 млн тең­ге айыппұл төледі. Оның ішінде Tele2 – 751,4 млн теңге, Kcell – 563,2 млн теңге, Beeline 329,4 млн теңге аударды», – деп хабар­лады Цифрлық даму министрлігі. 

Әйткенмен, айыппұл салу оларды тәр­тіпке салмайтыны аңғарылады. Өйткені операторлар жылда дерлік айыппұл төлеп құтылады. Мысалы, Цифрлық даму министрлігі 2020 жылы 93 тексеріс жүргізе келе жарнамадағы уәделерін және шарттардағы міндеттерін орындамай, ла­­­йықты сапада қызмет көрсетпеген операторларға жалпы сомасы 47,8 млн теңге айыппұл арқалатты. 

2021 жылы тексеріс саны 562-ге де­йін өсіп, айыппұл сомасы 5,5 есе өсіп, 264 млн теңгеге жеткен. 2022 жылы жүргізілген 1 175 тексеріс ұялы байланыс опе­­­­раторларына 1,6 млрд теңге айыппұл жазылуына әкелді. 

Сапа сол бойы жақсартылмады. Бұған билікпен түрлі диалог алаңдарындағы қазақстандықтардың қаптаған шағымы дәлел. Ауыл-аймақ түгіл елорданың өзінде мобильді интернет «ауламайтын» аудандар жетерлік. Алайда Бағдат Мусиннің командасы марқайып отыр. 

«Біздің жүргізілген тексеріс және айыппұлдар сомасының арттырылуы ұсынылатын қызметтердің сапасы үшін операторлардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік берді», – деген пікір білдірді Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Сонымен, бір мезгілде бұл реттеу­шінің ұйғарымдарын нарық алпауыттарының орындай бермейтіні әшкереленіп қалды. Мысалы, 2019 жылдан 2022 жылдар аралығында операторлар өзіне ба­­­ғытталған ұйғарымдардың бар-жоғы 33%-ын ғана орындапты. 2023 жылы айыппұлдар көлемі екі еседей арттырыл­­ған соң операторлар уәкілетті органның ұйғарымдарының 65%-ын орындаған екен. 

Билік органының бұйрықтарына пысқыра қоймайтын азулы алпауыттар қа­­­­тардағы тұтынушының мұң-зарын қайт­сін?! Әділетті Қазақстанда бұл әділет­­­­сіздікке де тосқауыл қойылса жөн.

Әр абонент – оның табыс көзі

Қазақстандықтар толық тәуелділікке түсті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің дерегінше, республикада мобильді интернет – ғаламторға шығудың негізгі көзіне айналды. Себебі 2022 жылдың қорытындысында сыммен берілетін тіркелген интернет абоненттерінің саны тек 2,9 млн-ды құрады. 

Ал мобильді интернетті пайдаланатын ұялы байланыс абоненттерінің саны 17,4 млн-нан асты. Жалпы, Қазақстанда ұялы байланыс абоненттерінің саны 25,1 млн-нан көп. Алайда нөмірін іске қосқанымен, мобильді интернетті қолданбайтын адамдар да бар. 

2023 жылы ұялы байланыс абоненттерінің үлесі – 88%-ды, ал тіркелген телефон байланысы абоненттерінің үлесі 12%-ды құрады. 

Осы 88 пайыздың бәрі – ұялы байланыс операторларының табыс көзі. Олардан қанша ақша жинаймын десе де өзі біледі. Өзім білемдік операторларды тарифтерді жылына үш ретке дейін көтеруге мүмкіндік беріпті.

«Операторлардың жауапкершілігін арттыруға септесті» деп Мусиннің ұжымы мақтан етіп отырған 3,2 млрд теңге – операторлар үшін мардымсыз сома. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір ғана 2022 жылы отандық телекоммуникация нарығының алпауыттары 1,106 трлн теңге табыс тапқан. Бұл 2021 жыл­­­ғыдан 8%-ға көп. Айтпақшы, 2021 жы­лы да табысы 14,4%-ға көтерілген еді.

Жаңа аяқталған 2023 жылдың толық­қанды қорытындысы шыққан жоқ, дегенмен былтырғы жартыжылдықта олар­­­­дың табысы тағы 9,1%-ға ұлғайды. 

Салыстырар болсақ, мысалы, жергілікті сымды телефон байланысы қызметтері 2022 жылы, яғни бір жылда 29,1 млрд теңге кіріс әкелген. Сөйтіп, 2021 жылғыдан 16,6%-ға кеміді.

Ұлттық статбюро мәліметінше, ұялы байланыс операторлары тек интернетке қол­­­жетімділік қызметін көрсетуден бір жыл ішінде 474,1 млрд теңге табыс тапты. Бұл алдыңғы жылғыдан 15,4% көп. Ендеше ал­пауыт операторлар үшін 329 млн-нан 751 млн теңгеге дейінгі айыппұл салу – пәрменді шара емес, кекесін-иронияға ұқсайды.

Жаңа жыл қарсаңында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазақ­­стандықтардың бағаны көтеруге қатыс­ты шағымын қарау аясында ұялы байланыс саласына жүргізілген тергеп, талдауын аяқтады. Қорытынды түңілтеді. 2023 жыл бойы ұялы байланыс операторлары төл тарифтік жоспарларының бағасын 57,3%-ға дейін күрт арттырған. Салдарынан елдегі инфляцияның өршуіне ықпал етті. 

Тіксінтетіні сол, ымыраласқаны ма, кім білсін, операторлар тарифтерін бір мезгілде көтеріп отырған. Мысалы, антимонополиялық орган тіркегендей, 2023 жылдың тек мамыр-шілде айлары аралығында ғана ұялы байланыс операторлары бірден 30-дан астам тарифтік жоспар құнын бірінен соң бірін қымбаттатқан. Бұл елдегі әлеуметтік кернеудің ушығуына ықпал етті. 

Сондықтан антимонополиялық агент­­­­тік қазір «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel бірлескен компаниясы) және «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) ұялы операторларына қатысты жаңа тергеп-тексеруді бастады. Ведомство олардың іс-әрекеттерінен «бір күнтізбелік жыл­да бәсекелестікке қарсы ымыраласып, баға келісу» белгілерін байқап отыр. 

Операторлардың басқа да былығы жетеді: бұған дейін агенттік ұялы байланыс операторларының 1 минуттық сөйлесудегі қоңыраулардың құнын және тарифтік жоспарлардағы 1 SMS-тің құнын белгілеу тарифтерінен де бәсекелес­тікке қарсы келісілген іс-қимылдардың белгілерін (Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы) анықтады. 

Осыған байланысты агенттік операторларға 1 минут сөйлесу мен 1 SMS -хабардың бағасын төмендету керектігі туралы ескерту жолдады. Ұялы операторлар ол хабарламаны орындамаса, ескертуін елемесе, онда антимонополиялық орган бұл бағытта да тергеп-тексеру жүргізуге шешім шығарады.

Алпауыттар қанжығалаған нарық

Ұялы байланыс операторлары мамандарының түсіндіруінше, әрбір тарифті қалыптастыруға көптеген фактор әсер етеді. Әлемдік тәжірибеде барлық оператор мен қызметтерге жарайтын ортақ, әмбебап әдістеме жоқ. 

Операторлардың мәліметінше, біріншіден, тарифке көрсетілетін қызметтің тікелей шығыстары ықпал етеді. Оған интерконнект, контент шығындары, техникалық шешімдерді сатып алу және басқасы кіреді.

Екіншіден, компанияның жалпы шы­ғыстары да тарифтер арқылы өтеледі. Бұ­­ған мүлік-мүкәммалды сатып алу, маркетинг, пиар сияқты коммерциялық шығыстар, желіге қызмет көрсету, бағ­­­дар­ламалық қамтылымды сатып алу және қызмет көрсету және өзге де техникалық шығыстар, сондай-ақ басшы­­лықтың бонустары мен сыйақылары, персоналдың жалақысы, әкімшілік шығыстар, кеңес-консалтинг, бюджетке алым-са­­­лық­­тар жатады. 

Үшіншіден, инфляциядан, отандық және жаһандық нарықтағы бағалардың жоғарылауынан келген шығыстар, тіпті айыппұлдар ауыртпалығы да абоненттер иығына түсіп, солардан өндіріледі. 

Төртіншіден, тұтынушылардың интернетте көп отыруы нәтижесінде интернет-трафиктің артуы және желіге түсетін жүктемелер де шығынды ұлғайтады. 

Бесіншіден, операторлар тарифтердің қымбаттауына инфрақұрылым желісін дамытуға тартылатын инвестициялар себепші болғанына сілтейді. Онсыз қызмет сапасы көтерілмейді. 

«Байланыс операторлары бағаның өсуін желіні дамытуға салынған инвестициялар көлемінің артуымен түсіндіреді. Алайда алынған мәліметтерге сәйкес, динамикада инвестициялар көлемінің керісінше, төмендеу үрдісі байқалады. Мысалы, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2021 жылы инвестициялар 20%-ға, 2022 жылы 30%-ға құлдырап кеткен. Дәл осы кезде ұялы байланыс операторларының инвестициялық мүмкіндіктері де (2022 жылы +11,5%), сондай-ақ пайда-табысы да (2022 жылы +21%) өсуде», – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Қорыта айтқанда, салада қордаланған проблема көп. Нарық сол бойы жоғары шоғырланған және монополияланған күйде қалып тұр. Мобильді байланыс нарығын қос алпауыт өзара бөліске салып жатыр. Ресми мәлімет бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның меншігіндегі «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) еншілес мобильді операторлары бұл нарықтың 63%-ын астына басты. Қалған 37%-ы – «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) жеке операторының қанжығасында кетті. Антимонополис­тердің және Үкіметтің «Қазақтелекомды» бөлшектеп, оның құрамынан мобильді операторларды алып шығу талабынан әзірге түк шықпады.

Елдос СЕНБАЙ