Былтырғы жылдың соңында облыстық деңгейдегі түрлі ұйым мен мекемелер өздерінің бір жылда атқарған жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарларын белгіледі. Солардың қатарында облыстық қоғамдық кеңес те бар.
Көп кеңестен не пайда?!
604
оқылды

Жалпы, Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестердің қағаз жүзіндегі міндеттері аса ауқымды әрі асқан жауапты. Солардың ішіндегі ең бастысы – халық пен билік арасындағы түсіністікті қалып­тастырып, қалың бұқараның былайғы кезде атқарушы органдарға жеткізе алмайтын, ақыр соңы шыдамы таусылған шақта көшеге шығуға әкеліп соқтыруы мүмкін барлық мәселелері мен жанайқай­ларын тиісті орындарға жеткізіп, тез әрі тиімді шешілуіне ықпал ету. Тоқетерін айтар болсақ, билік пен бұқара арасындағы алтын көпір міндетін атқару. Өкінішке қарай, қоғамдық кеңестер сол абыройлы да салмақты жүкті тиісті деңгейде арқалап жүр деу қиындау болып тұр. Оны біз өзіміздің байқауымызбен бірге жұрттың көңіл-күйімен пікірінен де аңғарамыз. Көпшіліктің пайымдауынша, қоғамдық кеңестер биліктің мақұлдауын қос қолын көтеріп құптаудан басқа әрекет-қимыл­дарымен дараланбайтын мәслихаттардың айнымас көшірмесі іспетті. Өз беттерімен әкімдердің, атқарушы биліктің алдына ашықтан-ашық мәселе қойып, тез арада ше­шілуін талап етіп жатқан батыл қаре­кеттері есімізде жоқ. Жылдың соңында Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен, 11 қоғамдық кеңестің жетекшілері мен белсенді мүшелері қатысқан қорытынды жиындағы көрініс те осынан айныған жоқ дейді куә болғандар. Қайта облыс әкімі мақтауға көп орын бермей, орынды сынын айтып, кеңестер жұмысын жетілдіру мен жауапкершілігін арттыруға қатысты ойларын ашық білдірді. Әйтпесе, қоғамдық кеңестер атынан сөз алғандар сол бұрыннан әбден таптаурын болған сүрлеуден ауытқымай, жаттанды дүние­лерді қайта жаңғыртқандай болды. 

– Кеңестер жаңа әлеуметтік-қоғамдық институт болғандықтан негізгі міндет – қо­ғамдық кеңестер қызметіне деген ха­лық­тың сенімін арттыру. Бұл тұрғыда қо­ғамдық кеңестер жүйелі түрде азамат­тарды қабылдауды практикаға енгізуі қажет. Сонымен қатар қоғамдық кеңес отырыстарының күн тәртібі де, азамат­тар көтеретін мәселерге байланысты құрылуы керек. Қазір ақпараттандыру – кез келген қызметтің негізі болып са­на­ла­ды. Өкінішке қарай, қоғамдық кеңестер қызметі жөнінде қоғамға кеңінен ақпарат тарату мәселесі әлі тиісті деңгейде емес. Яғни, бұқара халықтың басым көпшілігі қоғамдық кеңестердің қызметі, мақсаты, міндеті туралы толық ақпарат­танып отырған жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік желі де ақпараттындырудың негізгі көздерінің бірі. Сондықтан қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік желілерді қажеті мен қисындылығына сай ұтымды пайдаланса еш артық етпейді, – деген облыс әкімі Б.Исаев қоғамдық кеңестің мақсат-міндеттерін тарқата айтып, таразылады. Соңғы жылдары заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысы мен талабын тарқата түсіндірді. 

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ерғазы Қошанбеков бұрынғы сарынмен жыл көлемінде атқарған жұмыстарын, алдағы жоспарын тізбектей жөнелгенімен, елді елең еткізердей, жұрттың жүрегіне жол табатындай ештеңе айтқан жоқ. Сол баяғы қоғамдық кеңестер қозғамаса да атқарушы билік пен мемлекет тарапынан тікелей міндеттер жүктелген органдар жүзеге асырған, реттеген бірқатар әлеуметтік мәселені өздері шешкендей жариялады. Жұрттың жыл сайын көтеріп жүрген үй салу үшін он сотық жер телімін алу мәселесін қаузады. Сырт көмекке мұқтаж жандардың жүріп-тұруы, тиісті қызметтерді елмен қатар тұтынуына қатысты түйіткілдерді түгендеді. Айтылған жағдайлардың дені облыс орталығына қатысты болды. Соған қарағанда, тұрғын­дарының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратын Жетісу облысының алыс аудандары мен шалғай ауылдарында ешқандай мәселе жоқтай сезіледі екен. Жыл сайын күзгі жиын-терім науқаны барысында өзектенетін өнім өткізуге қатысты проблемалардың былтыр тіптен асқына түскені, жүгерішілердің жанайқайы Астанаға дейін жеткені, қылмыстың қатігезденіп бара жатқаны, денсаулық сақтау саласындағы сорақылықтар, білім саласындағы былықтар, жерге қатысты дау-дамайлар қоғамдық кеңестегілердің басын ауыртпайтын сыңайлы. 

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасынан кейін мінберге көтерілген Талдықорған қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Жексенбай Арғынғазыұлы да, облыс орталығындағы күрмеуі қиын мәселелерді жіпке тізді. Оның айтуынша, қазір қалада 32 мыңнан асатын мектеп оқушысы бар. Бірақ олардың жазғы демалысын өткізетін лагерьдің болмауы тұрғындар шымбайына батып жүр. Уақытында аты дүркіреген лагерьлер қазір жекенің қолында, басқа мақсаттарға қызмет етуде. Былтыр жергілікті әкімдік пен білім беру ұйымдары 1 600 оқушының жазғы демалысында тынығу лагеріне баруын ұйымдастырыпты. Бұл 32 мыңның 5 пайызының ғана демал­ғанын білдіретін, мақтана қоятындай көрсеткіш емес. Сонымен қатар төрағаны Қаратал өзенінің экологиялық ахуалы толғандырады екен. Соңғы жылдары қараусыз қалып, жасыл қаланың көркін қашырған, жыл сайын халықтың ақшасына егілігенімен, көктем күшіне енбей жатып көктей солатын көшеттер жайында күйзеле айтты. Көпшілік атынан сөз алған қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Толыбек Данабеков жабайы сауда, базар мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қаланың экологиялық-санитарлық аху­алын мүшкіл күйге түсіріп тұрған базарды қала сыртына шығару кейінге қалдыра беруге болмайтын мәселе көрінеді. 

Жоғарыда айтылған Талдықорған қаласына қатысты мәселелер туралы біздің газет те бірнеше рет дабыл қаққан болатын. Бірақ сол жалпақ жұрттың жанайқайына тиісті орындар дұрыс назар аударған жоқ. Қараталдың табанынан қиыршық тас пен құм алушылар айылын жиды деп айта алмаймыз. Қаладағы жа­сыл желектің жағдайы нашарлап барады. Жабайы базар жайылып барады. 

Облыс әкімі қозғалған жағдайларға қатысты барынша нақты жауап беруге тырысты. Қаладағы жабайы базар мәселесін өзіне дейінгі 5 облыс әкімінің де шеше алмағанын, осынау күрделі күрмеуді тарқатуда қала тұрғындарының таңдауы көп нәрсеге ықпал ететінін алға тартты. Қаратал өзенінің табанын қазу мәселесіне қатысты алдағы кезде нақты істер атқарылатынын жеткізді. Үй салуға 10 сотық жер беру мәселесін шешу үшін Талдықорған қаласы маңынан 9 мың гектар жер қарастырылуы керек екен. Ал облыс орталығында дәл қазіргі кезде ондай мүмкіндік жоқ. Есесіне қаланың келбетін қалыптастыратын көпқабатты тұрғын үйлер салуды қолға алып, баспана қажеттілігін азайту жолға қойылмақ. 

Осылайша, Жетісу облысының қоғамдық кеңестері өткен жылды қорытындылады. Осы аймақта жылдар бойы қызмет етіп жүргенде, мәслихаттың атқарушы билікке қарсы шығып, оның ішінде әкімнің алты айлық жұмысына қанағатанбайтындарын ашық айтқанына бір рет куә болған едік. Осыдан оншақты жыл бұрын Сарқан ауданында сондай жағдай тіркеліп, бүкіл республика елең ете түскен. Ақыр соңында аудан әкімі де, мәслихат төрағасы да жұмыстарынан кетіп, барлығы жылы жабылған. Ал былайғы кезде облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың жиындарына қатысып жүргенде, мәслихат төрағасынан бастап, барлық халық қалаулысы төрде «төбедей» болып отырған облыстың немесе ауданның бірінші басшысының қабағын бағып, емеурініне елеңдеп отырады. Сол сессияға келер алдында ғана қолдарына алған, дұрыс танысып үлгермеген ұсыныстарды да бір кісідей қабылдайтынын қайтерсің?! Бүгінгі қоғамдық кеңестердің де жай-күйі осындай десек, ешкім артық айттың дей қоймас. 

Қазіргі кезде Жетісу облыстық қоғамдық кеңесінде 25 мүше бар екен. Тізіммен танысып, барлығының өткен-кеткеніне, қазіргі жеткеніне үңіліп көрдік. Денінің жасы біразға келіпті. Жетекшілері – небір қызметтің дәмін татқан, атқарушы биліктің ұңғыл-шұңғылын, қитұрқыларын жатқа білетін жандар. Мүшелерінің біразының бизнесі бар, тағы біразы кезінде атқарушы билікте, кейбіреулері қазір сонда лауазымды қызметтер атқарады. Бір қызығы, барлығына жуығы Талдықор­ған қаласы мен сол төңіректе тұрады. Біз­дің ойымызша, облыстық кеңес де­ген­нен кейін өңірдің барлық аймақтарынан өкілдер болуы керек. Өйткені жергі­лікті халықтың мұң-мұқта­жын, жұрттың жағдайын, ел мен жердің қорда­ланып қалған проблемаларын, ауданда шешіл­мейтін мәселелерді облыс басшысының алдына қою үшін сол ауданда тұратын, жағдайды жете білетін, ел сенетін жанның қоғамдық кеңес мүшесі болғаны абзал ғой. Бізде бәрі керісінше, қалың бұқарадан алыстау, билікке жақындау жандар, қоғамның жағдайын білмейтіндер көбірек сияқты. Сонымен бірге бизнесі барлар да бірқыдырау дедік. Жеке кәсібін дөңгелетіп жүргендер мен мемлекеттік қызметтен нан жеп отырған­дар өздерінің ісіне жоғары жақтың зияны тимеуі үшін жалпақ жұрттың емес,  атқарушы биліктің айтқанына ден қояры анық. Қалай болғанда да, қоғамдық кеңеске мүшелер таңдағанда, бұрыннан лауазымды қызметтерде болғандар мен қалталыларды емес, бірінші кезекте елдің ішіндегі жұрт тыңдайтын, пікірін батыл айта алатын, жеке басынан гөрі мемлекет пен халықтың мүддесін жоғары қоятын жандарға басымдық берген дұрыс болар еді. Ал бізде бәрі керісінше, облыстық кеңестің басында бірнеше ауданда әкім болған, «Нұр Отанның» облыстық филиалын басқарған жан отырса, Талдықорған қалалық кеңесін жылдар бойы «Қазақ­телекомның» облыстық филиалының директоры болып, зейнетке шыққан адам басқарып отыр. Кеңес мүшелерінің көбінің бұрынғы, бүгінгі қызметтерінде, айналысып отырған кәсібінде «осалы» жоқ. Барлығының бір ұшы барып, атқарушы билікпен өзара «сыйластықтағы» қарым-қатынасқа тіреледі. Олардың сол кеңестерге таңда­луының кейбір тұстары күмән туғызатыны да содан ба дейсің? «Адал іріктеу болмайды. Жоғарының айтқанынан шықпайтын, мақұлдан жазбайтындар таңдалады» деген әңгімелер де жиі көрініс береді. Кейде мезгіл-мезгіл ауыстырып тұру да естен шығарылып, жылдап кеңестерде төбе көрсетіп жүретіндерден де жұрт жалыққан сыңайлы. Соған қарағанда қоғамдық кеңестер туралы ел ішінде қалыптасқан: «Биліктің қолбаласы ғой!» деген пікірдің жаны бар ма дейсің. Осыған орай облыстағы, қаладағы елге есімдері белгілі-ау деген бірнеше адамнан пікір сұраған едік. Олардың жауабы төмен­дегідей.

 

Сандуғаш ДҮЙСЕНОВА,

журналист, блогер: 

Жұрттың жанайқайын жоғарыға жеткізгенін көрмеппін

– Жасыратын ештеңе жоқ. Менің көргенім, түйгенім бойынша қоғамдық кеңестер – мәслихаттардың айнымас көшірмесі. Мәслихат сессияларына сан рет қатыстық қой. Сонда төрде әкім отырғанда, залдағылардың барлығы соның қабағын бағып, ыңғайын бақылап отырады. Бірде-бір рет алдын ала дайындалып қойылған шешімдерге қатысты ашық қарсылық білдіргендерді көрмедім. Тіпті, кейбіреулері алдында тұрған құжаттармен таныспағанын да байқатып алады. Бірақ қасындағылардан қалмай, қолын көтеріп «қолдап» жатады. 

Қоғамдық кеңес деген атауы айтып тұрғандай, ондағылар халықтың ішінде жиі болып, олардың жоғарыға жеткізе алмай жүрген арыз-армандарын, мәселелерін тыңдап, өзара ақылдасып, түйіндеп, тиісті орындарға, әкім-қараларға жеткізіп, шешілуін талап етуге, бақылауға алуға міндетті ғой. Алайда олардың өз еріктерімен бастарын ортақ қамыттан шығарып, жұрттың жанайқайын жоғарыға жеткізіп, мінез көрсеткенін естімеппін де, көрмепппін де. Өйткені көбінің жасы келіп қалған және зейнетке шыққанша мемлекеттік қызметте түрлі лауазымды атқарған, жоғарыға қарсы шықпауды мықтап меңгерген жандар. Сондықтан биліктің қолбаласы дегенмен келісемін. 

 

Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ,

Жетісу облыстық қоғамдық кеңес мүшесі: 

Қоғамдық кеңесте жастардың көбірек болғаны жөн

– Өз басым бүкіл қоғамдық кеңестің жұмысын жоққа шығарып, елге пайдасы жоқ дегенмен түбегейлі келіспеймін. Шындығында, онда бар-жоғы білінбейтін жандар да бар. Бірақ қандай жиында болмасын, ойын ашық айтып, жұртты толғандыратын мәселелерді шамасы жеткенше қозғап жүретіндер да жетерлік. Өзімді солардың қатарына қосамын. Елдегі кейбір жағдайларды, күрделі мәселелерге қатысты ұсыныс-пікірлерімді жиындарда айтып қана қоймай, әлеуметтік желілерде де жариялап жүремін. Барлығы­ның жасы жетіп қалған деудің де жөні жоқ. Қазақ қашанда, үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдап, бағыт-бағдарын басшы­лыққа алып отырған. Облыстағы кейбір жауапты салалардың жетекшілері де кеңес мүшесі ретінде онда айтылғандарды тыңдап, шешуге атсалысса жаман ба? Дегенмен дәл бүгінгі күннің талабын, бағытын жақсы білетін, білімі де қазіргі кезге лайықты жастардың көбірек болғаны артықтық етпейді. 

 

Толыбек ДАНАБЕКОВ,

Талдықорған қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі: 

Талапқа бағынбау жақсылыққа апармайды

– Мен қай жерде, қандай жиында болсын өзімнің ойымды, ұсынысымды айтып жүрген адаммын. Сонан да болар, қоғамдық кеңес мүшелігіне іріктеуден іркілмей өткенім. Біздер қарап отырғаны­мыз жоқ. Мүмкіндігінше елдің, жердің мәселесін облыс, қала басшылығына, реті келгенде республикалық деңгейдегі орындарға жеткізіп-ақ жүрміз. Біздің де айқындалып, бекітілген міндеттеріміз бар. Одан асып кете алмаймыз ғой. Қандай жағдай болмасын, ортақ талап пен ереже болады. Оған бағынбаудың соңы жақсылыққа апармайды. Барлық мәселені шешіп тастаймыз деуден аулақпын. Кейбір шетін дүниелердің реттелуіне шамамыз жеткенше жәрдем­десіп келеміз. Басқалар атынан жауап бере алмаймын, жеке басым ешқашан ешкімге қолбала болып көргенім жоқ және болмаймын да. 

 

Байыс ТҰРСЫН,

Талдықорған тұрғыны: 

Ұйымдардың не тындырып жатқанын білмеймін

– Қоғамдық кеңестер дейсіз бе? Ондай­ды естіп көрмеппін. Басқа да ұйымдардың не тындырып жатқанын жақсы білмеймін. Бір кездері жеке кәсібімді ашу үшін грант ала алмай сандалғанда, сол кездегі партияның қабылдауына барғанмын, ештеңе шықпады. Содан соң барлығына қолды сілтеп, күнкөрістің қамын күйттеп, көпшілікпен бірге тырбанып жүрмін әйтеуір. Ұйым көп болғанымен, елдің тірлігін айрандай ұйытып отырған ешқайсысы жоқ сияқты көрінеді маған. Ренжімеңіз, асығыс едім... 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы