Жоқтан бар жасап, әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдардың қажетіне сеп болып жүрген жастардың жұмысы бізді қуантып отыр. Бір дүниені ойлап табу жас ерекшелік таңдамайтыны рас.
Қолғанат құрылғы қазақша «сөйледі»
502
оқылды

Сөзімізге Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Диана Хашимованың зағип жандарға арналған есту құрылғысын ойлап тапқаны дәлел бола алады. Құрылғыны пайдаланып көрген қарттар оқушының жұмысына дән риза.

Осыдан екі ай бұрын зағиптар қоғамының өкілі Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі қызметкерлерінің көме­гіне жүгінген. Қариялар мектеп кітапхана­сында кездесу өткізіп, өздеріне көмектесетін құрылғыны ойлап табуды ұсынды. Кездесу барысында мәселенің неде екенін түсіндіріп, өтініш қалдырыпты. Диана жетекшісі Ни­колай Авдюнинмен бірге қариялар ұсынысын орындау мақсатында Ардуино микрокомпью­тері негізінде зағип жандардың тыңдау қа­білетіне арналған құрылғы жасауды қолға алды. Әзірлеуші Диана Хашимованың ай­туынша, жаңа құрылғы зағип жандардың Брайль шрифтін үйренуіне көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар оқу орындарында қолдануға да жарамды. Қазір елімізде 160 мыңға жуық зағип жан бар екен. Білім ошақтарында 350-ден астам мүлде көрмейтін оқушы оқиды. Олар қарапайым Брайль шрифтін үйренуге ұзақ уақытын жұмсайды. Ал Диана ойлап тапқан құрылғының көмегі­мен дайын мәтінді оқуға, ойнатқыштар ар­қылы тыңдауға және орыс, ағылшын тілдерін үйренуге мүмкіндік алады.

«Құрылғы BD (Braile Device) project деп аталады. Бұл зағип жандардың тіл үйренуіне қажет. Құрылғы дыбыстық режимде жұмыс істейді. Сондықтан көзі көрмейтін адам үшін жасалған құрылғы көзілдірік пен линзаның болуын аса қажет етпейді. Бұл жобаны жасауға екі айға жуық уақыт кетті. Бірақ әлі де дамытып жатырмыз. Өйкені құрылғыны пайдаланып көрген зағиптар қоғамының өкілі бірқатар қателік пен кейбір жақсартулар туралы кеңес берді», – деді Д. Хашимова.

Диананың айтуынша, жақында ғана жасалған құрылғы барлық жастағы зағип жандарға арналған, өйткені түрлі жағдайға байланысты көп адам кез келген уақытта көру қабілетін жоғалтуы мүмкін. Зағип және нашар көретін адамдарға арналған жаңа жоба «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Қуаныш Қапановпен кездесуде сыналды. Қария құрылғыны пайдаланып, оның жарамдылығын тексеріп көрді.

– Менің ойымша, Диананың құрылғысы ерекше. Бұл – Жетісу облысындағы зағип жандарға арналған алғашқы өзін-өзі үйрету құрылғысы. Автор біздің барлық қалауымызды ескеріп жасаған. Дыбыстаудың барлық режимі қарастырылған. Жалпы, жоба – Брайль шрифтерінің барлығы, тыныс белгілер мен математикалық сандар алты батырманың жұмысымен дыбыстық жүйе арқылы бізге түсінікті болған құрылғы. Мұның бәрі үш тілде, – деп Қуаныш Қапанов өз әсерімен бөлісті.

Құрылғының негізгі жұмысы – Брайль шрифтінің өздігінен сөйлеп, кіріктірілген дауыс зорайтқыштары арқылы ақпарат беру. Автор оның жұмыс істеу принципін қолданушылар үшін ыңғайлы етіп жасаған. Ұқсас әріптерді бір батырмаға кіріктіріп, математикалық сандарды басқа батырмаға жүйелеген. 

«Құрылғы алты нүктелі жүйеден тұрады. Бұлар кез келген комбинациямен, мысалы, 3, 5, 6 батырмасы MP3 ойнатқышы арқылы бел­гілі бір дыбыс шығарады. Комбина­цияларды қайталай отырып, сіз Брайль тілін, оның барлық математикалық әрекеттерін және алфавиттің өзін тезірек үйрене аласыз. Құрылғыға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің әліпбиі енгізілді. Ойнатқыштан басқа негізгі компоненттер Arduino микроконтроллеріне негізделген, басқару түймелері және зарядтау мүмкіндігі бар батарея бар. Әрі құрылғыны қасыңызды ұстап жүру өте ыңғайлы. Құрылғыны ойлап табу аса қиынға соққан жоқ. Өйткені өзімде Брайль таңбалары көрсетілген кітап бар еді», – деді Диана.

Талдықорған NIS робототехника пәнінің мұғалімі Николай Авдюнин сәтті шыққан Диананың жұмысын ерекше бағалап, еліміздегі қазақ тілінде сөйлейтін алғашқы құрылғы екенін атап өтті.

«Диана құрылғыны жасау процесіне бар күш-жігерін сала кірісті. Бұл жобаны бастамас бұрын шынайы қызығушылық танытқан еді. Бұған дейін зерттелген ғылыми әдістерді пайдалана отырып, зағиптар қоғамына көмектескісі келген. Сондықтан ең алдымен құрылғыны пайдаланушы өзімен бірге алып жүруге ыңғайлы болуына зор мән берді. Шағын құрылғының жұмысын батырмаларды орналастыру арқылы жеңілдетті. Дианамен электрониканы, бағдарламалық кодтың жалпы жоспарын бірге жасадық. Бұл аппарат – қазақ тілін қолданатын еліміздегі тұң­ғыш әмбебап құрылғы», – деді жоба жетекшісі. 

Технология қарыштап дамыған қазіргідей уақытта адамның табиғи мүмкіндіктерін арттыратын құрылғыларға басымдық беріліп келе жатқаны белгілі. Бүгінге дейін зағип жандарға арналған құрылғылардың қазақ тілінде «сөйлемеуі» бізге сын еді. Өйткені көршілес өзбек, қырғыз елінің барлығында өз ана тілінде сөйлейтін зағип жандарға арналған синтезаторлардың бұрыннан бар екенін ескерсек, еліміздегі осы типтегі құрылғыларда қазақтілді әріптер мен сөздер дұрыс оқылмай, адамдар үшін қолжетімсіз болып келді. Енді қазақ тілінде сөйлейтін құрылғының жарыққа шыққаны бүгінгі заман­ның талабын тамырынан тап басып тұрғандай. Қалай дегенмен жарық дүниенің жалғыз сәулесін көрудің өзі арман болған жандардың талап-тілегі тасада қалып қой­мады. 

Жанарынан айырылса да, қоғам өмірінен тысқары қалмайтын зағип жандардың жара­тылысы бір бөлек. Тек түйсіктің сезімталдығы арқылы барлық іске икемділігін көрсете алады. Халық даналығында «Болар бала жасынан» деген сөз бос айтылмаған. Қазір жас өнертапқыштың шығарған BD project құрылғысы зағип жандардың болашағына жол ашпақ. Жобаның ресми тұсаукесері қаңтар айының соңында өтеді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ