Жыл басталысымен көктемгі су тасқынына қызу дайындық бас­та­лып жатады. Жауапты министр­лік­тер ұзын-сонар баяндамалар жасап, алдағы болар апатты жағ­­­дайларға дайындықтарын пы­­­­сықтайды.
Тасқын су
873
оқылды

Дегенмен барлығы нә­­­­­­ти­­­желі ме? Қазгидрометтің алдын ала жасаған болжамына сәйкес, елі­­­міздің көптеген өңірінде қаңтар және ақпан айларында ауа тем­пературасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары, жауын шашын мөл­шері де нормадан жоғары болады деген болжам бар. Бұл ретте, 5  өңір­­дегі аумақтарда қардың тү­суі 70%-ға дейін, 12 өңірде 90%-дан астам болуы мүмкін. Ендеше биыл су тасқынына дайындық қан­дай деңгейде?

Былтыр Батыс Қазақстан облысында 210 тұрғын үй, Ақтөбе облысында 89 тұрғын үй, Қостанай облысында 44 тұрғын үй су астында қалса, бұл ретте Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 46 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылған екен. Нәтижесінде, Ақтөбе облысының әкімдігі 24 үй тұрғызса, Батыс Қазақстан облысында 16 үй салынды. Жалпы, 1,3 млрд теңге жұмсалып, әжептеуір шығын келтірген. 

Жуырда аталған мәселеге қа­тыс­ты Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов 2023 жылғы 26 желтоқсанда 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасын орындау қорытындылары туралы Ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның жоспардан тыс отырысы өткенін мәлімдеп, бүгінде жоспарланған іс-шаралардың жартысынан астамы немесе 57,7%-ы іске асырылып, қалған 92 іс-шара орындалып жатқанын айтқан еді. Ал Су ресурстары министрлігі болса, Ақмола облысында Есіл су реттегішін салу бойынша жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеп жатқанын хабарлады. Былтыр талдау нәтижесіне сәйкес, негізінен ойпатты жерлерде салынған, сондай-ақ су қорғау белдеулерінде және өзен арналарына жақын орналасқан үйлер су астында қалған. Мәселен, бұл Қостанай облысы Қарамырза аулындағы Тімтуір өзенінің жағасында орналасқан тұрғын үйлердің су басуы бірінші жыл емес. Былтыр Батыс Қазақ­стан облысында Шыңғырлау өзені­нің су деңгейі күрт көтерілуіне байланысты, жанында орналасқан Кентүбек және Бақтыарал ауылдарында үйлердің су басуы болған. Сонымен қатар Түркістан облысы Арыс қаласындағы су басқан тұр­ғын үйлер су қорғау белдеулерінің аумағында орналасқан және Ақтөбе облысының Қобда ауылындағы үйлер ойпатты бөлігінде салынған. Төтенше жағдайлар министрі қазіргі уақытта ғимараттарды су қорғау белдеулеріне орналастыру – барлық жерде мәселе екенін айтып, елді мекендерді су басу себептерінің тағы бірі – гидротехникалық құрылыстардың бұзылу ықтималдығы екенін атап өтті. Ай­туынша, қолда бар 1,5 мыңнан астам гидротехникалық құрылыстардың 300-ге жуығына қауіп төнуі ықтимал, олардың көпшілігі халықты жергілікті құлақтандыру жүйелерімен жабдықталмаған.

Су тасқынына дайын болмау салдарынан арналардың толып кетуі және олардың бұзылуы себепті жолдарды су басу проблемасы туындап, көлік қозғалысының үзілуіне және жекелеген елді мекендердің оқшаулануына әкелетіні рас. Мәселен, 2023 жылдың желтоқсанында және биылғы 1 қаңтарда Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары автожолдарының шайылуы мен көшелердің су басуының 2 фактісі болыпты. 

Су тасқыны жағдайының қиын­дауына жедел ден қою мақ­сатын­да 39 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу құралдары және 3 мың­нан астам мотопомпалары бар азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құрал­дары­ның арнайы топтары құрылды.

Су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны 1,2 есеге азайған

Былтыр қараша айында су тас­қыны кезеңіне дайындалу мақсатында барлық гидротехникалық тірек құрылысына бассейндік инс­пекция, Төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен және Жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен, сондай-ақ меншік иелерімен бірлесіп зерделеу жұмыс­тары жүргізілген болатын. Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша 1 502 гидротехникалық тірек құрылысының 537-сі жөндеу­ді қажет ететіні анықталып, онда негізгі үлес Жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіне тиесілі екендігі белгілі болды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қазіргі уақытта гидротехникалық құрылысқа көп факторлы зерттеу жүргізу және республикалық меншіктегі 206 объектіге бөгеттердің қауіпсіздігі декларациясын алу қажеттігі туралы өзекті мәселе туындап отырғанын айтқан еді. «Бүгінде 22 нысан бойынша көп факторлы зерттеу жүргізілді және республикалық меншіктегі 15 нысан бойынша, оның ішінде 2023 жылы – 11 нысан бойынша көп факторлы зерттеу арқылы қауіпсіздік декларациялары алынды», – дейді министр. Оның мәлімдеуінше, 2024 жылы 34 гидротехникалық құрылысы бойынша көп факторлы зерттеу өткізуге, 38 нысан бойынша қауіпсіздік декларациясын әзірлеуге – 1,5 млрд теңге қаражат жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, бүгінде Министрлік жобалық көлемі 100 млн кубокилометр суды құрайтын 54 ірі су қоймасы бойынша күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Бүгінде аталған су қоймаларының көлемі 113,3 млн кубокилометрді құрайды. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 62,9% немесе 71,3 млн кубокилометрі толтырылды, жобалық қуаттың бос қалдығы 42,5 млн кубокилометр немесе 37% қосымша суды қабылдауға мүмкіндік береді. Қалған су қоймалары бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі, олардың орташа толымдылығы шамамен 30-50%.

Ал Көлік  министрі Марат Қарабаевтың мәлімдеуінше, республикалық автожолдар бойынша су тасқыны қаупі бар 396 учаске, 68 көпір және 768 су өткізу құбырлары анықталған.  Жалпы, соңғы 3 жылда су тасқыны қаупі бар учас­келердің саны 1,2 есеге азайған. Кел­тірілген ақпаратқа сүйенсек, су тасқынына қарсы шамамен 2 мың 500 текше метр тау тастар мен 8 мың­нан астам кондициялық емес темірбетон шпалдары, 17 металл аралық құрылымдар, 44 релсті пакеттер мен 145 құбыр әзірленіп 45 ар­найы пойыз­дар құрылып жатыр. 

Бүгінде еліміздің шамамен 90 пайыз аумағын қар басып жатыр. Мұның барлығы су тасқыны қаупін арттыра түседі. Мәселен, қазірдің өзінде Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында елді мекендерді су басып, жолдарды шайып кеткен деректер кездесіп отыр. Сонымен қатар желтоқсан айының ортасында Алматыда Есентай өзені де арнасынан асып, су деңгейі 1,5 метрге көтерілген екен. Осыған байланысты жуырда Үкімет отырысы өтіп онда Премьер-Министр Әлихан Смаилов бұған жауапты министрліктерге арнайы тапсырма берген еді. Сондай-ақ өңір әкімдіктері аталған мәселелерге арнайы назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі тапсырылды.  Премьер-Министр ақпан айында «Көктем–2024» оқу-жаттығуларын өткізіп, су тасқыны жағдайы қиындаған кезде нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтау керегін де атап өтті. Иә, апат айтып келмейді. Сақтансаң ғана сақтайтын табиғат заңдылығы бар. Тілсіз жаудың біріне айналған су тасқыны мәселесі ертең елдің есін шығармасын деп тілейік.

Наурызбек САРША