Соңғы уақытта ЛГБТ деген ұғым да таңсық болмай барады. Бұл ұғым туралы жұрттың пікірі екіге жарылады. Бір жағы мұны адамның азғындыққа ұшырауы десе, екінші жақ «біз өркениетке ұмтылып барамыз.
Азғындық па, әлде аз топты мәз қылдық па?
627
оқылды

Демо­­­­кра­тиялық құндылықтар бойынша әр адам тең құқылы» дегенді ай­тады. Не десек те, бұл ұғым күн­­­нен-күнге ауқымын кеңейтіп келеді. Бұның бір дәлелі – таяуда елімізде ЛГБТК+ жасөс­­­пірімдерге арналған алғашқы сайт ашылды.

Тұңғыш рет жарық көрген сайт оқыр­мандарын ЛГБТК+ адамдар туралы көбірек біліп, өзін және жақындарын басқа қырынан тануға шақырады. Сондай-ақ жасөспірімдерге дос табу, доспен құпия бөлісу, өзін-өзі тану, қарым-қатынас құру, болашақты жоспарлау, мектептегі буллинг және оны жеңіп шығу сынды түрлі дерек берілген. Сайт жазбасында жасөспі­рімдер ғана емес, ЛГБТК+ адамдардың ата-анасы мен достары да әлемде қандай тамаша адамдардың өмір сүретінін әрі олардың әртүрлі екенін білуге қызығушылық танытушылар да ақпараттық ресурсты пайдалана алатыны жайлы хабарланған. 

 Seftanu деп аталатын жобаның негізін қалаушылар – ЛГБТК+ белсенді Саша Казенцева және белсенді, контент-креатор Мүтәлі Москеу. Саша Казанцева қазір Балтық жағалауы елдерінде тұрады. Ал Мүтәлі Москеу – алматылық музыкалық-диджей. Сайт авторларының сөзінше, жобаның жарыққа шығуына халықаралық ұйымдар қолдау көрсеткен.

Отбасы институты құлдырамай ма?

Сайт көпшілік назарына ұсынылған бетте қазақстандықтар жобаға қарсылық танытып, петиция жариялады. ЛГБТ насихаттау жөніндегі selftanu.kz сайтын бұғаттау және ты­йым салу ту­ра­лы петицияға қол қойғандардың саны бүгінде 3 200-ден асады. «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жансая Бердімұрат петиция авторы ретінде көрсетілген. Сайттың жабылуын талап етушілер цифрлық ақпарат ғасы­рында отбасы институтын дамытудағы БАҚ пен әлеуметтік желілердің рө­лі орасан екенін ескере келе, олар (selftanu.kz сайтының өкілдері-ред) келешек ұрпақ үшін теріс бағдар мен мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруға кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.

– Біз, қазақстандық ата-аналардың қауымдастығы ретінде Батыстан енген қатерлі құбылыс ЛГБТ-ны ашық ақпараттық ресурста, нақтылай айтсақ, selftanu.kz сайтында ашық насихатталып жатқанына алаңдаймыз. Сайтта жыныстық бағдарды анықтауға, егер бағдарыңыз басқа болса, достар табуға және қарым-қатынасқа түсу туралы мәліметтер айтылған және ЛГБТК+ қарым-қатынас және жыныстық өмір туралы ақпарат, қолдау мен көмекті қайдан іздеу туралы хабар таратылған. Біз selftanu.kz ЛГБТ насихаттау сайты жасөспірімдер психологиясына теріс әсер етеді деп санаймыз. Бұл түптің түбінде отбасылық құндылықтардың жоғалуына және отбасы институтының құлдырауына әкелуі мүмкін. Біз Қазақстанның барлық азаматын еліміздің болашағы үшін бейжай қарамауға және ЛГБТ насихаттау жөніндегі selftanu.kz сайтын бұғаттау және тыйым салу туралы петицияға қол қоюға шақырамыз, – дейді наразы топ өкілдері.

Сонымен қатар петиция авторлары дені сау және бақытты тұлғаны тәрбиелеуде отбасылық құндылықтарды насихаттау үлкен маңызға ие еке­­нін, егер ата-аналар сондай бір маңызы терең құндылықтарды бала бойына сіңіре алмаса, онда балалар агрессия, есірткі, ішімдік және тағы басқа теріс мінез-құлық үлгілеріне бейім болуы мүмкін екенін айтып дабыл қағады. 

– Отбасы қоғамның негізі болғандықтан, сол отбасында мораль, этика және әлеуметтік нормалар туралы алғашқы түсініктер қалыптасады. Біз – отбасылық құндылықтарға адал 135 мың қазақстандық азаматтан тұратын ата-аналар қауымдастығымыз. Біздің басты миссиямыз – қоғамда саналы ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру, – дейді халықты пети­ция­ға қол қоюға шақырған азаматтар.

Мұндай ұйымдар қоғамды аздыруды ғана мақсат тұтады

Ал елімізде өз қанатын енді ғана жая бастаған жоба туралы өзгелер не дейді? ЛГБТ өкілдері ұсынған ақпараттық ресурстың қоғамға тигізер әсері қандай? Мыңдаған адам қол қойған петицияның нәтижесінде мұндай бастамаға тоқтау салу мүмкін бе? Осы және өзге де сауалдарымызды қоғам белсенділері мен депутаттарға қойып көрген едік. Ақын, журналист Серікбол Хасан ЛГБТ өкілдері әрекетін осы қалыпта жалғастыра берсе, түйткілдің соңы жақсылыққа апармайтынын түйреп айтты. «Сондықтан зиялы қауым өкілдері, депуттаттар, билік өкілдері мұндай құрылымдардың насихатына кедергі келтіріп, тос­қауыл болуы керек», – дейді журналист.

– ЛГБТ насихатын жасайтын ұйым­дар мен олардың медиа ресурстарына Қазақстан аумағында тыйым салуға тиіс. Себебі мұндай ұйымдар қазақты, мұсылманды, жалпы қоғамды аздыруды ғана мақсат тұтады. Қазақстандағы ЛГБТ қауымдастығының орыс және қазақ тілінде ақпарат тарататын kok.team деген сайты болған. Әлі де бар болуы керек. Осы сайт арқылы бұлар гомосексуализмді ашық түрде насихаттап келеді. Бір кезде осы сайттан олардың Абайдың «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деген он тоғызыншы қара сөзін ұран етіп, өз мақсатына бұрмалап пайдаланып отырғанын байқап едік. Мұны сайт өкілдері «Біз Абай секілді прогрессивті ойшыл қысымға ұшырап жатқан отандастарын қолдайтын еді деп ойлаймыз. Ол біз үшін авторитет. Сол себепті біз оның сөздерін сайтымызға жалау еттік» деп «түсіндірген» болатын. Көріп отырғаныңыздай, бұлар енді Абайға «ауыз сала» бастады. Осыдан біраз уақыт бұрын «Феминита» қозғалысының өкілдері түбі түркінің қасиетті мекені Түркістандағы Ясауи кесенесі жанында, қазақтың қаншама хан-сұлтаны, би-батыры, әулие-әмбиелері жатқан киелі жерде ЛГБТ туын керіп, мақсатты түрде видеомә­­лім­деме жасады. Бұл біздің киелі деген дүниелерімізді қасақана қорлау мақсатында жасалған әрекет болды. Сондықтан олардың насихатына тосқауыл болмасақ, ұлттық құндылықтарымызға кері әсерін тигізетіні анық, – дейді С.Хасан. 

Осы тұста журналист елімізде гомосексуалдықтың салдарынан болған қылмыстық оқиғалардың көптігін назарға алды. Ата-аналар қауымдастығының жаппай наразылығын туындатқан мәселеге қатысты Қылмыстық кодексте арнайы бап та көрсетілген.

– Бәрі өзімізге байланысты. Сол­қылдақтық танытсақ, ертең кеш болады. Қылмыстық кодекстің 122-бабы 1-тармағында «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас, еркек пен еркектің жыныстық қатынасын, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасын немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау – бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Осы заң дұрыс жұмыс істеуі керек. ЛГБТ ұйымы ашықтан-ашық насихаттап, қазаққа сіңіруге тырысып жатқан лесбиян, гей, бисексуал және трансгендерлер – ұлтымызға жат, – дейді Серікбол Хасан. 

Отбасында жақсы тәрбие қалыптасуға тиіс

Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы сайттың ашылғанына түбегейлі қарсы екенін жеткізді. Депутаттың айтуынша, мемлекеттік органдарға, соның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне ресми арыз-шағым келіп түссе, мәселе назарға алынып, сайт бұғатталуға тиіс.

– Менің жеке ұстанымым бойынша, ЛГБТК+ жасөспірімдерге арналған сайт отбасылық құндылықтарымызға қайшы келеді деп санаймын. Аталған сайттың ашылуын қолдамаймын. Біздің отбасылық құндылықтарымыз бойынша ер мен әйелдің отбасы құрып, бала сүюі – қалыптасқан заңдылық. Ал ЛГБТ өкілдері ұсынған сайт қалыптасқан жанұя институтына қайшы әрі қауіпті деп білемін. ЛГБТ өкілдерінің бұл бастамасына тоқтау салу үшін ең біріншіден, тәлім-тәрбие болуы тиіс. Бұл дегеніміз мемлекеттік органнан бұрын отбасында жақсы тәрбие қалыптасуы тиіс. Яғни, әкенің ұлымен, ананың қызымен сөйлесуі маңызды рөл атқарады. Отбасылық құндылықтарға сай тәрбиеленген, бойы­на ата-ананың тәлімді тәрбиесін сіңірген бала анайы дүниеге барады деп айта алмайсыз. Бала ешқашан мұндай қадамға бармайды. Қажет болса, жиіркенішпен қарайды. Екіншіден, сайттың мәселесі бойынша құзырлы органдарға ресми арыз-шағым келіп түссе, іс толыққанды бақы­лауға алынып, сайт бұғатталуға тиіс. Мемлекетке, қоғамға қауіп төндіретін бастамаларға тыйым салып, жолын кесіп жатамыз. Бұл да сондай бастамалардың бірі деп есептеймін. Себебі ол қалыптасқан отбасылық құн­дылықтарды түбінен талқандайтын қажетсіз қозғалыс, – дейді Нартай Аралбайұлы. 

Естеріңізге салайық, 2023 жылы 12 сәуірде өткен жалпы отырыста Парламент Мәжілісінің депутаты, спортшы Ардақ Назаров ЛГБТ насихатына тыйым салуды ұсынды. Депутат өз сөзінде ақпараттық кеңістікте біржынысты неке, жыныс ауыстыру мәселелері, сондай-ақ Астана, Алматы секілді миллиондаған халық қоныстанған мегаполистерде гейлердің насихаты белсенді жүріп жатқанын ескертті. Онымен қоса, депутат ЛГБТ тақырыбын насихаттайтын фильмдер мен сериалдарды көрсетуге тыйым салынып, тиісінше теріс ағымдар көрініс табатын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын жасақтау мәселесін алға тартқан еді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы