Елімізде жүріп жатқан саяси реформалар барысында Мәжіліс пен мәслихаттарға көп артықшылық беріліп отырғаны белгілі. Халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы, соның ішінде кәсіпкерлікті жандандыру жұмысында да олардың рөлі артып отыр.
Ерлан Каналимов: Ашықтықты сақтау маңызды
490
оқылды

Өңірлерде де, елордада да бұл бастаманың бүгінде бірте-бірте жеміс бере бастағаны аңғарылады. Осы ретте Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовпен сұхбаттасқан едік.

- Ерлан Ермекұлы, елордалық мәслихаттың алдында қандай міндеттер тұр?

– Елордалық мәслихат қалалық әкімдіктің барлық мемлекеттік органдарымен және құрылымдық бөлімшелерімен өзара тығыз іс-қимыл жасайды. Мәслихаттың белсенді қызметінің және жергілікті атқарушы органмен өзара іс-қимылының жарқын мысалдарының бірі – әкімдік басқармаларының бюджеттік өтінімдерін қалыптастыруға қатысуы. Басқаша айтқанда, қаржы ағындарын бөлудің басымдығын біз өзіміз анықтаймыз. Мұның бәрі бюджетті сессияда қабылданғанға дейін 2-3 ай бұрын болады. Төрт тұрақты комиссияның мүшелері тексеру комиссиясынан қалалық бюджеттің атқарылуы бойынша жүргізілген бақылау іс-шаралары туралы ақпаратты тұрақты негізде алып тұрады. Ақша бөлу кезінде талқылау өте белсенді жүреді және Астана қаласы әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шақырылатын кездесулер бірнеше сағат бойы жалғасады. Бұл мәселелерді талқылау үшін әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы қала тұрғындарыда белсенді қатысады. Олардың тілектері мен ұсыныстары назардан тыс қалмайды. 

– Соңғы кезде барлық жерде ШОБ субъектілеріне салық салу тақырыбы талқылануда. Менің білуімше, бұл мәселеде елорданың депутаттық корпусы принципті ұстанымға ие. Онысы нәтижесіз емес те сияқты. Осы жайында не айтасыз?

– Өткен аптада бөлшек салықтың арнайы режимін қолдануды көздейтін қызмет түрлерінің тізбесі (ЭҚЖЖ) 190 қызмет түрінен 364-ке дейін ұлғайтылды. Былтыр ШОБ субъектілерін қолдау үшін елордалық мәслихат депутаттары өз шешімімен бұл мөлшерлемені 4-тен 3%-ға дейін төмендеткен болатын. Тұтастай алғанда, көрсетілетін қызмет түрлерінің тізбесі дұрыс, тек оған қызмет түрі бойынша және алынған пайда бойынша осы тізімге кірмегендері енгізілді. Осы мақсатта  құрамына мәслихат депутаттарын, Мемлекеттік кірістер департаменті мен кәсіпкерлер палатасының өкілдерін қосатын жұмыс тобын құруды ұсындым. Олар тізбені түзетумен айналысатын болады. Әйтпесе, қалалық бюджетке түсетін кірістер азаюы мүмкін. Өткен аптадағы отырыстардың бірінде әріптестеріме қаладағы 5 ауданның әрқайсысында кәсіпкерлерді қолдаудың шағын орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсындым. Онда олар бір жерде бірқатар қажетті қызметті, мысалы салық декларациялары мен есептерін тапсыру туралы, кредиттер мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультациялар ала алады.

– Елордалық мәслихат депутаттары халықтың үніне қаншалықты құлақ асып отыр?

– Елордалық мәслихат депутаттары үшін сайлаушылармен өзара іс-қимыл барысында ашықтықтың жоғары деңгейін сақтау өте маңызды. Біз кездесулер мен қабылдаулар кестесін әзірлеп, бекіттік. Мысалы, бірмандатты сайлау округтері бойынша 17 депутат үш қабылдау өткізеді, олар – өз округтерінде, өз партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде және мәслихаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінде. Былтыр біз арнайы қоғамдық қабылдау бөлмесін аштық, онда депутаттардың әрқайсысы кестеге сәйкес айына бір рет азаматтарды қабылдайды. Цифрлар келтірер болсам, былтыр жыл аяқталмай жатып қала тұрғындарынан 800-ге жуық өтініш түсті. 400-ден астам азаматтарды қабылдау өткізілді, 2 мыңға жуық адам қабылданды. Сонымен қатар депутаттар өздерінің немесе көмекшілерінің WhatsApp нөмірлерін жариялап, сайлаушылармен үнемі байланыста болды. Олардың проблемалық мәселелеріне жедел жауап беріледі. Қоғам үшін мәслихаттардың қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі өте кең. Барлық отырыс пен сессиялар тікелей эфир режимінде өткізіледі. Сонымен қатар біз қала әкімімен, қоғам белсенділерімен, өз сайлаушыларымызбен жиі кездесулер өткіземіз. Нақты іс-қимыл жоспарлары қабылданған. Сондай-ақ депутаттар арасында арнайы рейтинг енгіздік. Енді кімнің белсенді жұмыс істейтінін, сессиялар мен көшпелі кеңестерге қатысатынын анықтаймыз. Нәтижесін көпшілікке жариялауды жоспарлап отырмыз. Сондықтан әр депутат егер халық олардың қызметіне риза болмаса, мандатты қайтарып ала алатынын түсінуі керек. 

– VIII шақырылымның сайланғанына алдағы сәуір айында бір жыл толады, осы уақыт барасында қандай мәселелерді шеше алдыңыздар? 

– Көтерілген мәселелердің басым бөлігін шеше алдық, ал қалғандары депутаттардың ерекше бақылауында деп сеніммен айта аламын. Депутаттық корпустың күш-жігерінің басым бөлігі елордада 16 тұрғын үй алабының тұрғындары үшін қолайлы жағдайлар туғызуға бағытталған. Біздің ойымызша, ондағы өмір сүру жағдайы қала орталығынан өзгеше болмауы керек. Мұнда жайлы мектептер, балабақшалар, ойын-сауық орталықтары, спорт кешендері болуға тиіс. Біз барлық әлеуметтік нысанның құрылыс барысын үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Олардың мерзімін де, жабдықталуын да тексереміз. Жылына шамамен 3-4 рет әр құрылыс алаңдарына барамыз. Сөз ретінде айта кетсем, VIII шақырылымның алғашқы жылында біз 200-ге тарта көшпелі жиналыс өткізіп, проблемалық мәселелерді өз көзімізбен көрдік. Әлеуметтік саланың көптеген мәселесін, қала тұрғындарының тілектерін нақты уақыт режимінде Астананың бас жоспарына енгізу үшін депутаттар бас жоспар базасында көшпелі отырыстар жасады. Елорда халқының өсуіне қатысты алғашқы болжамдар ескіріп кеткені белгілі, осыған байланысты құжат айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Нәтижесінде, жаңартылған бас жоспар қабылданып, бекітілді. Елордалық мәслихат депутаттарының бастамасымен тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Оларды алушылар санаты да кеңейтілді. Емдеу-сауықтыру мекемелерінің санын 5-ке дейін ұлғайту туралы шешім бекітілді. 2024 жылдың басынан бастап Мүгедектер күніне берілетін біржолғы төлемдері арттырылды. Ол I топтағы мүгедектер үшін 69 мың теңгені, II топ үшін 34,5 мың теңгені және III топ үшін 17,2 мың теңгені құрайды. Қарттарға, мүгедектерге және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Бурабай ауданында орналасқан оңалту орталығының аумағында медициналық корпус салу мәселесі қолға алынды. 2024 жылы икемді протезді қолдана отырып бір адамға қызмет көрсету құны 204 мың теңге болатын 3 400 адамды тіс протездеу және санация қызметтерімен қамту туралы шешім қабылданды. Атқарылған шаруалар тізімін тағы да жалғастыра беруге болады. 

– Елордалық мәслихаттың қазіргі құрамын қалай сипаттар едіңіз? 

– Біздің қала қарқынды дамып келеді. Тұрғын үйлердің құрылысы, әлеуметтік, мәдени және спорт нысандарының қатары арту үстінде. Астана халқының саны да өсіп келеді. Қазір елордада 1,4 млн. астам адам тұрады. Осыған байланысты Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау процесі барысында Орталық сайлау комиссиясымен елордалық мәслихат депутаттарының құрамын 34 адамға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Партиялық тізімдер бойынша сайланған 17 депутаттың ішінен «AMANAT» партиясы 12 мандат алса, «ҚХП» партиясына және «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясына бір-бір мандаттан тиді, «Ақ Жол» партиясында үш мандат. Қалған 17 депутат бірмандатты сайлау округтері бойынша сайланды. Жаңа шақырылған мәслихат құрамында 25 ер адам және 9 әйел бар. Ең жас депутат – 23 жаста, ең үлкені – 63 жаста. Біздің мәслихаттан әртүрлі мамандық иелерін: дәрігерлерді, педагогтерді, құрылысшыларды және бизнесмендерді де кездестіруге болады. Мәслихаттың алқалы орган екенін білесіздер. Біз бір-бірімізді толықтыра отырып жұмыс істейміз. Әрбір депутат – өз қызмет саласындағы білікті маман және қала тіршілігінің басқа да салаларына қатысты мәселелер бойынша үнемі оқудан өтіп отырады. 

– Бірмандатты округ бойынша сайланған депутаттардың болуы қандай да бір түрде дауыс беру кезінде шешім қабылдауға әсер ете ме? 

– Былтырғы мәслихат сайлауы тартысты болды. Өйткені олар бірмандатты округтер бойынша өтті. Яғни, аудандардың тұрғындарына ерекше назар аударылды. Олар сайлаған депутаттар проблемалық мәселелер мен ұсыныстарды шешу бойынша жол карталарын әзірледі. Олардың барлығын сол кездегі сайлау процесінде депутаттыққа кандидаттар жинады. Осы тұста бүгінде сол мәселелердің 40%-ға жуығы бір жыл ішінде шешілгенін атап өткім келеді. Биыл Жол картасының барлық міндеті, кейбір жүйелік мәселелерден басқасы орындалады. Міне, дәл осы жұмыстардың нәтижелері бойынша 17 депутаттың да жұмысын бағалауға болады. Олардың әрқайсысы өз округтерінің тұрғындарының мүдделерін қорғағаны сөзсіз. Ал мәслихатта қабылданатын шешімдерге келсек, әркім жеке көзқарасын білдіруге құқылы, ал оның нәтижесі – біздің Астанада болып жатқан оң өзгерістер, сіздің сұрағыңыздың жауабы да осы болуы мүмкін.

– Мәслихаттағы көпшілік партия «AMANAT» екені белгілі. Оның жұмысына қандай баға беруге болады? 

– Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау кезінде біз «AMANAT» партиясы елордалық филиалының алдағы 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасын әзірледік. Әдеттегідей бұл құжат сайлаушылардың ұсыныстары, сондай-ақ елорданың негізгі проблемалық мәселелері, соның ішінде тұрғын үй алаптарында қордаланған кешенді «тәуекелдер картасы» негізінде жасалды. Олар – бүгінде халық арасында әлеуметтік шиеленіс туғызатын мәселелер. Бірінші кезекте біз халықпен кездесулер барысында айтылған мәселелер бойынша іс-шаралар жоспарын жасадық. Негізінен, бұл коммуналдық-тұрмыстық мәселелер, яки қоғамдық көліктің жұмысы, абаттандыру, көгалдандыру, қоқыс шығару және тағы да басқа. Астана тұрғындары жайлы өмір сүру ортасы болғанын қалайды. Бұл бағдарламалық құжатта оларды шешудің жолдары нақты көрсетілген. Алдағы 5 жылда мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының негізгі міндеті оның орындалуын бақылау және жәрдемдесу болмақ. 

– Әңгімені бюджетке бұрсақ. Сіздер биылғы бюджетті бекіттіңіздер, ол қалай жасақталды? Қандай бағыттарға басымдық бердіңіздер? 

– Бүгінде бюджетпен қамту, оны қалыптастыру және бөлу мәселесі – өзекті мәселелердің бірі. Осыған байланысты біз мемлекеттік органдардан бюджеттік өтінімдерді бөлу тәжірибесін қабылдап алып, табысты іске асырып жатырмыз. Қаржылық құжаттың келісімі мен бекітілуіне дейін жауап беретін бюджеттік комиссия бар. Оның құрамына мәслихат төрағасы мен бюджеттік комиссиясының төрағасы тікелей кіреді. Мәслихат сессиясында бюджет бекітілгенге дейін 2-3 ай ішінде бюджеттік өтінімдердін қарауды бастаймыз. Шығыстардың басым бағыттарын дербес айқындап, бірқатар әлеуметтік объектілердің құрылысын аяқтауды қаржыландыру бойынша тиімді ұсыныстарды әзірлейміз. Депутаттар алдағы үш жылға арналған бюджетті талқылау кезінде ауқымды жұмыс жүргізді. Бюджет жобасын дайындау және талқылау жұмыстары екі айға созылды. Онда қала дамуының барлық аспектісі ескерілді. Оны дайындау барысында біз бірінші кезекте шығыстардың басым бағыттарын ескере отырып, балабақшалар, әлеуметтік тұрғын үйлер, емханалар, оқушылар сарайы, жедел жәрдем қосалқы стансалары және тағы да басқа құрылыстарды аяқтауға қаржы бөлу бойынша тиімді ұсыныстар әзірледік. Мен елорданың негізгі қаржылық құжаты әлеуметтік бағдарланған деп сеніммен айта аламын. 

– Сіз әлеуметтік желілерде де белсендісіз, елорданың өмір тынысын дамытудың кешенді жоспарлары туралы сіз арқылы біліп отырамыз. Енді өзіңіздің көңіліңізге түйген сәттер болса, соны өз аузыңыздан естісек. 

– Әрине, қаламыз заман ағымына сай дамып келеді. Бірақ елорда өмірінде шешілмей қалатынын мәселелер де болып тұрады. Ол ең бірінші кезекте қаржы жетіспегеннен немесе мүлдем қарастырылмағаннан екеніне түсіністікпен қарағанымыз жөн. Әуелгі айтарым осы. Ал жүзеге асырып жатқан жұмыстарымыз, өзіңіз аңғартып өткендей, көпшіліктің көз алдында. Мәселен, әкімдікпен бірлесіп біз алдағы 3 жылға арналған түрлі саланы дамытудың бірқатар кешенді жоспарын әзірлеп, іске асырдық. Соның бірі – «Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспары». Оның шеңберінде біз медициналық объектілерді күрделі жөндеуге қаражат бөлгіздік, олар – пайдалануға берілген кезден бері жөндеу көрмеген ғимараттар. Сонымен қатар оларға қажетті заманауи жабдықтар сатып алынды, ақ халатты абзал жандардың жалақысы мен басқа да төлемдерін ұлғайту туралы ұсынысымыз да қолдау тапты. Былтырғы жылдың соңында бірнеше емхана мен қалалық аурухананың жаңартылған ғимараттары қала тұрғындарына есігін айқара ашты.

VIII шақырылымның басынан бастап «2023-2025 жылдары елордада қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға арналған іс-шаралар жоспары» әзірленіп, жүзеге асырыла бастады. Онда тәртіп сақшылары үшін қажетті автокөлік, есірткі заттарын жедел анықтау үшін жабдықтар сатып алу, учаскелік және модульдік полиция пункттерін салу, бейнебақылау камераларын орнату, спорт кешенін жөндеу көзделген. Бұл жұмыстар жоспар бойынша орындалуда. ТЖ департаментімен де осындай жоспар сәтті жүзеге асырылуда. Біз елордада салынған зәулім ғимараттардың өрт қауіпсіздігі мәселелеріне арнайы техника, жеке құрам үшін қажетті киім-кешек пен жабдық қажет екенін түсінеміз. Елорданың тұрғын алаптарында заманауи өрт сөндіру депосын салу қажет, бізде ондай 16 алап бар. Біз барлық ескі өрт сөндіру бөліміне құрылыс компаниялары бар депутаттардың есебінен күрделі жөндеу жүргіздік. Олардың көмегімен батыс стандарттары бойынша бірнеше полиция бекеті салынды.

Айтпақшы, әріптестермен бірге Ақтөбе облысына барған болатынбыз. Онда өрт сөндіру бөлімдерінің арзан модульдері тұрғызылғанын көрдік. Кешеннен тұратын оқу мұнарасы, спорт алаңы, жанармай құю бекеті, су ыдысы, БӨП, арнайы техникаға арналған анғарлар және тағы да басқа құрылымдары бар екен. Болашақта біз Астананың тұрғын үй алаптарында осындай типтік құрылыстарды салатын боламыз. Ондағы өрт сөндіру деполары біздің климаттық жағдайымызға және елордалық құтқарушылардың талаптарына толық сәйкес келеді. Қазір елордада 12 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді, тағы 18 өрт сөндіру бөлімін салу қажеттілігі тұр. Біз құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жасау керегін де ұмытпаймыз – тұрғын үй сатып алуға сертификаттар бөлуді қолдадық, олардың балалары жазғы демалыс кезінде лагерьлерде демалатын болады. Ақсақалдармен де белсенді жұмыстар жүргізудеміз.

Астанада тұратын аға буын өкілдері үшін 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын әзірледік. Бағдарламалық құжат тегін заң көмегін көрсетуді, қаржылық сауаттылықты арттыруды, қайырымдылық акцияларын, көрме-сатылымдарды, зейнеткерлердің қолымен өндірілген өнім жәрмеңкелерін, бос орындар жәрмеңкелерін өткізуді, емханаларда арнайы медициналық кабинеттер ашуды және тағы басқа шараларды көздейді. Бұл жоспарды іске асыру қарқынды жүріп жатыр. Ардагерлер кеңесінің басшыларымен тығыз байланыста жоспардың орындалуын бақылауда ұстап отырмыз. Айтпақшы, VIII шақырылым өз жұмысын бастаған қысқа мерзімде мұқтаж жандарға 2 млрд теңгеден астам сомаға қайырымдылық көмек көрсетті. Бірлескен іс-шаралар жоспарлары тақырыбына оралсақ, дәл осындай бағдарламалық құжаттар Спорт және денешынықтыру, сондай-ақ Білім және мәдениет басқармасы тарапынан да әзірленіп жатқанын атап өткім келеді. Осы айда олар бекітілуі керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ