Елімізде соңғы жылдары тыңайтқыш өндіру ісі күрт төмендеп кетті. Мамандар бұған шетелдерден келетін арзан өнімнің әсері мол дегенді алға тартып отыр.
Тыңайтқыштың түрі де, жыры да көп
552
оқылды

«Минералдық тыңайтқыштардағы негізгі қоректік элементтер азот, фос­фор, калий элементтері екені белгілі. Минералды тыңайтқыштарды дұрыс пай­­далану дақылдардың өнімін арт­­­ты­румен қатар, оның түсімінің сапасын жақсартады, топырақты қоректік элементтермен байытып,микробиологиялық про­цестерге әсер етеді», – дейді Іmex-group компаниясының агрономы Ок­­­тябрь Құрметбек.

Өнеркәсіп және құрылыс ми­­­­нистр­­­лігінің ақпаратына сүйен­сек, республи­­када тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Олардың негізгілері – «Қаз­­­фосфат» ЖШС мен «ҚазАзот» АҚ. Ұлттық статистика бюросының дерек­­­теріне сәйкес, 2022 жылы 640,8 мың тон­на минералды тыңайтқыш, оның ішінде 445 мың тонна азот және 195,8 мың тонна фосфор тыңайт­қыш­­тары өндірілді. Былтыр минералды тыңайт­­­қыштарды өндіру 10 есеге дейін төмен­­деген. 

FORBES.KZ ақпарат агенттігінің мәлі­­метіне қарасақ, былтырғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда 104 мың тонна азот тыңайтқыштары өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 7,6% аз. Фос­фор тыңайтқыш өндірісі бір жыл бұрын 48,7 мың тонна болса, қазір бірден 8,2 есе, яғни 5,9 мың тоннаға дейін қыс­­­қарғаны туралы ақпарат таратқан. Бір сөзбен айтқанда, елімізде тыңайтқыш өндірісі төмендеуде. Ал өндірістің мұн­ша төмен­деп кетуіне шетелдік арзан өнім қатты әсер етіп отырған сыңайлы. Әрине, экономи­­­калық тұрғыдан арзан өнімнің болғаны дұрысырақ шығар. Дегенмен сол сырт елдерден келетін ты­­ңайтқыштың сапасына мән беріп отыр­ған құзырлы орынның болмауы көңілге күдік ұялатады. 

«Елімізде тыңайтқыштардың сапа­сын ешкім тексермейтін күмәнді жағдай қалыптасып отырғаны шындық. Олар­дың құрамындағы әрекет ететін заттар­­дың мәлімделген параметрлерге сәйкес­тігі анықталмайды. Бізде агрохи­­­ми­­­­­каттар Ресей, Украина немесе Беларусьта­ғыға ұқсас тіркеуден өтпейді. Демек, көр­ші елдерде тіркеудің өзі екі-үш веге­тациялық кезеңде топыраққа, өнімге қалай әсер ететінін тексеруден тұрады. Бізде мұның бірі тексерілмейді. Иә, біз­де өндірілген және әкелінетін химиялық өнімдерді тіркеу тәртібі бар, оның ішіне минералды тыңайтқыштар да кіреді, бірақ қоршаған орта мен адамға әсер ету қаупіне ғана бағалау жүргізіліп отыр. Онымен қоса, бұл тіркеу декларативті сипатқа ие болуда», – дейді «Қаз­­­Азот» АҚ бас директорының корпоративтік даму жөніндегі орынбасары Тахмина Нағұманова.

Халық арасында «тыңайтқыштың зардабы өте көп, тіпті адамға да, малға да топыраққа да кері әсер етуде» деген алыпқашпа сөз көп. Бірақ мамандар мен ғалымдар тыңайтқыш дұрыс әрі аса дәлдікпен топыраққа енгізілетін дүние болғандықтан, оның кері әсері мүлдем аз деген пікірді алға тартады.

«Тыңайтқыштың жаманы болмайды. Мысалы, қазір ауыл шаруашылығы са­ласында екі бірдей тыңайтқыш түрі колданылып жүр. Біріншісі – дәстүрлі органикалық тыңайтқыш болса, екін­шісі – минералды тыңайтқыш. Тыңайт­қыштардың қайсыбірін қолданса да топыраққа кері әсері болмасы анық. Тек олардың өсімдікке және өнімге әсер ету факторы екі басқа деп айтар едім. Мы­­салы, органикалық тыңайтқыш бірнеше жылдан соң жақсы әсер етеді. Тиісінше, оның болашағы өте тиімді болмақ. Ал минералды тыңайтқыштың әсер етуі өте тез. Биыл енгізілген тыңайтқыш осы жылы ғана өнімге ерекше әсер береді де, одан кейінгі жылдардағы әсері төмендеп кете барады. Ал тірі орга­никалық тыңайт­­­қыш уақыт өткен са­йын пайдалы бола береді», – дейді Агро­экологиялық сынақ орталығының меңгерушісі, PhD доктор Ақгүл Кәсіпхан. 

Дегенмен экологтар тыңайтқыштың органикалық түрін не отандық өнімді қолдану керегін алға тартып отыр. Се­бебі сырттан әкелінген мол өнім отан­дық өндірушілерді тұқыртып қана қой­май, сапасы төмендеген дүниемен эко­логиямызға кері әсер етіп жатыр.

«Әрине, тыңайтқыштарды қазір өзге елдерден көптеп тасымалдап жатыр. Бұл – басты қателік. Себебі еліміздің аумағы кең болған­­­­дық­тан, бізге әр өңірдің өзіне тән тыңайт­­­­қыш өндірісін қалыптастырған абзал. Себебі өңірлердің климат пен топырақ жағ­­­дайы мүлде бөлек. Соған сай тыңайт­­­­қыштың әсер ету деңгейі де басқаша бөлек. Қазір бізге тыңайтқыштар Қы­­тайдан, Ресейден, тіпті Үндістаннан да келе беретін болды. Әрине, бағасы арзан. Бірақ сапасы қандай? Ол элемент бас­­­­тапқы сапасын сақтап қала алды ма, жоқ па? Міне, осыған мән беруіміз қажет. Мысалы, Үндістаннан жеткізіл­­­ген тыңайтқыш түрлі климаттық әсерге ұшы­райтыны белгілі. Бірде ылғалды ортаға тап болса, енді бірде тым ыстық аумаққа түседі. Осыған сәйкес өсімдікке әсер етуі мін­­­детті түрде төмендеп кетеді. Одан бөлек, жергілікті топырақпен әрекеттесуі қалай болмақ? Сауалды осы жағынан қойып көрген жөн», – дейді Ақгүл Кәсіпхан. 

Шынында, шетелдерден келген дү­ниенің сапасы нашар болса, оның өсім­­дікке әсері де төмен болары хақ. Ең өкініштісі сол – біздегі алып­сатар дел­­дал компаниялар мемлекеттің сені­міне кіріп, сенім сертификатын алған соң сатырлатып ақша санауды ғана көздеп кететіні бар. Нарық солай екені шындық. Бірақ нарық солай болды деп босаңсымай, Ауыл шаруа­­­шылығы, Сауда және интеграция, Өнеркәсіп және құ­рылыс министр­ліктері бір тоқтамға ке­ліп, мәселенің түйінін тарқатса болмай ма деген ой көкейге еріксіз оралады. 

«Отандық тыңайтқыштарға көбірек қаржы бөлінсе, шетелден алатын ты­ңайт­­­­қыштарды ығыстырып тастай­­ты­­нымыз шын. Бұл алдымен отандық өн­­дірістің дамуына сеп болады. Өнім түр­лерінің көбеюіне де әсер етер еді. Ең бас­тысы, ға­лым­­дардың жобаларын зауыт зертханаларында сынап көруге мүм­­­кіндік туады. Одан қалса ішкі на­­рықта сырттан келген өнімдердің үстем болып кетуіне жол бермейді, – дейді ауыл шаруа­шылығы саласының эконо­мисі Диас Бабаш.

Кейде «өзге елде гектарынан аста-төк өнім алады екен» деген уәжді жиі айта­мыз. Әрине, ол елдерде топыраққа да, тыңайтқышқа да ерекше мән беріледі. Мысалы, Бела­русь елінде 1 гектар жерге 270 келіге дейін тыңайтқыш себілетін болса, біздегі көрсеткіш 3-5 келіден аспайды екен. Украина, Канада елдері де топыраққа ерекше күтім жасайды, тоз­­дырмауға тырысады. Ресейде ауыл шаруа­шылығына арнал­ған жерлерді басқарудың өзіндік заңы бар. Сербияда заң бойынша әрбір жер ие­ленуші жерді күтіп, оның құнарын арттыруға міндетті. Ол жақта шаруалар жерді өңдеп, одан өнім алмаса да жыл сайын жердің құнары арнайы зерт­­ханада тексерілуі керек. Ондай базалық мә­лімет болмаса, жер иеленуші 3 жылда иелігін мемлекетке қайтаруға міндетті. Ал Қазақстанда топыраққа қатыстысы былай тұрсын, жекеменшікке не жалға алған жерлердің өзінің толық электрон­ды картасы жоқ болып тұр.

Бердібек ҚАБАЙ