Халықаралық Túrkistan газетінің негізін қалаған – көрнекті жазушы Қалтай Мұхамеджанов. Ол кісінің қазақ әдебиетіне қосқан үлесі өлшеусіз.
Қалтай ата қоржынынан
856
оқылды

Драматургиялық шығармалары бір төбе, қазақ журналистикасын дамытудағы рөлі де бір төбе. «Қалтайдың қал­жыңдары» да бөлек жанр десек, артық айтқандық емес. Ел аузында қалған әзілдері, қал­­жыңдары жеке жинақ болып, «Атамұра» баспасынан жарық көрген. Баспаға жинақтап, әзірлеген – ақын Сейфолла Оспан. Бүгін біз әріптестері,  қаламдас достары айтқан  Қалағаңның  қалжыңдарын жариялауды жөн көрдік.

 

Екі елі нанға  төрт елі май

«Заман-Қазақстан». ...Жаңа ашылған газет. Әлі бір нөмірі шыққан жоқ. Әлі Түркияға ешкім кеткен жоқ. Әлі кадр да толық жасақталған жоқ. Редакциядағы барымыз – екі Әбекең (Әбіл­мәжін, Әбі­раш), бір Нұрқасым, бір Жұма­гүл және... Көлбай екеуміз. Осы барымызды жинап алған Қалағаң Қазақстан мен Түркия арасында жасалған газеттің жарғысы мен шарттарын таныстыра келіп:

– Мұнда бәрі бар: екі елі нанға төрт елі сары май жағып жегізетін еңбекақы, қаламақы, аяқ артар, бұт артар қос-қос­тан көлік, жан сарайын­дай редакция үйі, тіпті тілшілердің Түркияға коман­ди­ровкасы да бар. Алла қаласа, ертеңгі күні осы отырған барлығың Алматы мен Ан­караның арасында ұшып-қонып жүре­сіңдер. Тек бір өтінішім – осы газеттің бір нөмірін шығарып алып, бір-ақ кетіңдерші тегі, – дейді.

 

Қысқа сөйлейтін әдетіңе басшы

Кезекті нөмірдің лездемесін өткізіп ­. Теле­фон шыр етті. Тегі ар­ғы жақтағы адам әңгімені Адам ата – Хауа ана заманынан бері жылжытып келе жатса керек. Ақыры Қалағаң шыда­мады білем:

– Айна-а-алайын, сенің қысқа сөй­лей­тін өте жақсы әдетің бар еді ғой, сол әдетіңе басшы енді, – дейді. 

 

Құйрығы бар адам

Қалағаң Зейнолла Қабдоловтың 70 жасқа толуына байланысты онымен кабинетте телефонмен сөйлесіп отыр.

– Зеке-е, сен туралы мақала жазуды Қали­ханға тапсырдым. Өйткені оның құйрығы бар ғой.

– Құйрығы несі? – десе керек, арғы жақтан Зекең:

– Ау, академик басыңмен соны да білмейсің бе? Қалихан лауреат емес пе? Лауреаттың фами­­лиясының соңында бір құлаш «құйрық» болмай ма?..

 

Неше күнде ойлап тапты екен?

– Менің бір құрдасым ғажап мақал шығарыпты. Қандай дейсің ғой? Мына­дай: «Жазушысы халықтың – уылды­­ры­ғы балықтың». Ақылынан айналайын саба­зым, мұны неше күнде ойлап тапты екен?..

 

Атымтай жомарттар бар екен ғой әлі

1996 жылдың жазында Павлодардан Ханафия Асқаров деген қарт адам редак­цияға келді. Бір күліп, бір жылап оты­рып, Қалағаңа сыр тиегін ағытты. Таяуда ғана азамат болған бір баласынан айы­рылып қалғанын жыр етті. Сөз арасында қаншама жылдан бері қазақ тіліне жа­нашыр боп жүргенін де баян қылды. 

– Ә, солай ма? Сіз ендеше түстен ке­йін маған қайта келіңіз, ұмытпаңыз, – деді Қалағаң.

Айтқандай-ақ Ханекең түстен кейін қайта келген. Қалағаң қалтасынан бір уыс 50 теңгелікті дудыратып шығарып, шалға ұсынды.

– Ойбай-ау, Қалекең-ау... бұныңыз не? Мен сізден ақша сұраған жоқпын ғой, – деп шал абдырады да қалды.

Алыңыз, ақсақал, алыңыз... Жо­лы­ңызға ұстаңыз, – деді Қалағаң.

Ертеңінде енді шалым шапқылап маған келген.

– Бұл Қалекең деген қандай адам, а?!. Бұл өмірде де Атымтай жомарттар бар екен ғой, а?. Кеше үйге барып сана­­сам, тұп-тура 4 мың теңге. Өзім кіруге ұялып тұрмын, менің атымнан көп-көп рақмет айта салшы, а! – дейді шалым дәу­дірлеп.

Қалағаңа барып, шалдың «рақметін» айтып тұрып:

– Бұл кісіні бұрыннан танушы ма едіңіз? – деймін.

Жоға, – дейді Қалағаң.

Ендеше неге ақша бердіңіз?

«Қазақ тіліне жанашырмын» дегені­не риза боп кеттім....

 

Иә пәтерсіз, иә ақшасыз қалмас еді

Адамгершілік демекші, бүгінде мар­құм боп кеткен жазушы Ахмет Жүнісов өмірінің соңғы екі жылында редакция­­­мызға жиі келетін.

– Аха, не шаруа? – деймін келген сайын.

– Қалекең пәтер алуға көмектесем деп еді, – дейді ол.

Қалағаң «жоғары жаққа» жиі барады. Бір қап уәде арқалап, қуанып келеді. Бірақ... сол уәделердің түбіне жеткен­­­ше... Ахаңа «мәңгілік пәтер» қала сыр­­ты­­­нан бұйырды. Қайтесің, бір құзыр Қалағаңның қолында тұрса, жер бетінде бір қазақ иә пәтерсіз, ақшасыз қалмас еді-ау...

 

Шалбайдың сүрінуі

О кезде Шалбай Құлмаханов – Алма­ты қаласының әкімі. Қалекең алдында бір кіріп, Túrkistan газетіне қаржы сұрап ақша алған. Шалбайға тағы да кірудің сәтін ойластырады. Бір күні Шалбайдың бөлмесіне артымен біреу кіреді, беті есік жақта. Шалбай орнынан ұшып тұрып:

– Сіз кімсіз?

– Мен – Қалтаймын. Әнеукүні ал­­­дыммен кіріп, Túrkistan-да көп қаржы ал­ған­­мын. Енді артымның құнын білгім келеді. Артыма не көмегіңіз бар?

Шалбай күлкіден есін жия алмай:

– Сізге қанша қаржы керек, – дей беріпті. Қалекеңнің сөйтіп олжалы оралғаны бар екен. 

 

Аяғымды бетіме басқаны бар...

– 90-жылдардың бас кезі. «Заман-Қазақ­стан» деген газет пен «Ара» деген журналға тел редактормын. Со тұста бір ая­ғымды ақсаңдай басып, сылти қал­ғаным. Бір құрдасым айтты: «Ай, «Қа­л­тай, бірі – ауру, бірі – сау андағы аяқпен ұжым, ұйым басқару қиын ғой, біреуін бізге берсеңші. Иә газетті, иә журнал­ды», – деді.

– Кім?

– Е, бір әкең!!!

– Ойбай, жақсы, құлағым сізде.

...Сосын мен айттым: «Бермеймін сендерге. Екі аяғы жоқ Рузвельт Амери­каны 10 жыл билегенде, тулақтай бір газет пен тоқымдай бір журналды бас­қара алмайды дейсің бе бір аяқпен».