«Кәсіптің көзін тапқан, нәсіптің өзін табады» дейді қазақ даналығы. Бүгінде өз бизнесін бастап, табыстың тайқазанын тасытып отырған жандар аз емес.
Кәсіпкер қария тігеді тақия
599
оқылды

Алайда ұлттық өнерді ұлықтап, қазақы нақыштағы бұйымдардың құндылығын кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген қолөнершілер некен-саяқ. Міне, сондай жанның бірі – Жамбыл облысы Қызыл Жұлдыз ауылының тұрғыны Миржан Асабаев. Ол тақия тігу өнерін қайта жаңғыртып, бүгінде айына 500-ден аса тақия тігіп саудалауда. 

1961 жылы Түрікменстан елінде жарық дүние есігін ашқан Миржан мектепті тәмамдағаннан кейін Қазақстанға білім іздеп келеді. Арманы өнеркәсіп саласының инженер-технолог маманы атану болған жалынды жастың Жамбыл жерін таңдауы бекер емес. Себебі Кеңес үкіметінің тұсында мұндай мамандарды бүкіл одақ бойынша 3 қалада ғана дайындайтын болған. Соның бірі – қазіргі Тараз, сол кездегі Жамбыл қаласы.

Жоғары оқу орнын озат бітіргеннен кейін Миржан шаһардағы үздік өндіріс ошақ­тарының бірі саналған тері өңдеу комбинатына жұмысқа орналасады. Осында талай жыл талмай тер төгіп, цех басшысы қызметіне де­йін көтеріледі. Әріптестерімен бірге Мир­жан аяқкиім тігуге қажетті материалдар да­йын­дап, жылына 2,5 миллион дана аяқкиім шығаратын комбинаттың жұмысын одан әрі өрістетеді. Алайда Кеңес үкіметі тараған тұста фабрикалар жабылып, Миржан көппен бірге жұмыссыз қалады. Алайда іздену мен үйренуге жаны құмар азамат саланың басқа тынысын тауып, былғары күртешелер тігумен айналысады. Бірақ мұнда да шикізаттың тапшылығы қолбайлау болып, кейіпкеріміз сауда-саттыққа бет бұрады. 

– Қытай тауарлары базарларды жаулап алған соң, былғары күртешелерге деген сұраныс азайды. Содан ойлана келе өзімнің қолымнан келетін істі қолға алуға бел будым. Сөйтіп, тақия тігуді бастадым. Бастапқыда бұл ісімді қолдаушылар былай тұрсын, сы­наушылар көп болды. Тіпті, «тігіншілік – әйел затына тән іс» деп мысқылдағандар да табылды. «Шетелдік тауарлардың қарқынына шы­дас бере алмайсың» деп райымнан қайтар­ғысы келгендер де кезікті. Бірақ мен алған бетімнен қайтпай, тақия тігуді тастамадым. Соның арқасында бүгінгі күнге жетіп отыр­мын, – дейді кәсіпкер. 

Шынында, кәсіпкерге сол тұста шетелдік тауар өндірушілермен бәсекеге түсу оңайға соқпаған. Алайда уақыт таразысы арзан тауарларды нарықтан ысырып, ұлттық дизайндағы сапалы өнімді қайта тұғырға шығарды. 

Жалпы, Миржанның әкесі Абдурахман – ұста, ал ағасы Қайыпназар зергер болған. Абдурахман ақсақал өз заманында арба жасап сатумен айналысса, ағасы Қайыпназар зергерлікпен қатар, көлік жөндеу шебері болған. Ол кісі, әсіресе «Москвич» маркалы көлігін жөндеуге қатты қызығыпты. Жас кезінде механиктер арасында ұйымдас­тырылған жарыстарға қатысып, Одақ бойынша аталмыш көлік түрін жөндеуден 3 дүркін чемпион атанған. Міне, осы қасиеттер Миржан қарияның бойына дарыған. 

Кәсіпкердің айтуынша, тәуелсіздік жылдарындағы көші-қон ұлттық өнерді қайта жаңғыртқан екен. Атамекенге ағылған қандастардың арасында көптеген қол­өнершілер шығып, қазақы салт пен дәстүрге жаңаша көзқарас қалыптасыпты. Миржан қарияның тақия тігу өнерін одан әрі дамытуға да осы жағдай түрткі болған екен. 

Жасыратыны жоқ, қазір ұлттық киімге деген сұраныс та, көзқарас та өзгерді. Көпшіліктің Наурыз мерекесінде ғана емес, күнделікті тұрмыста да оюлы камзол мен кеудеше киіп жүргенін көз көруде. Ал әлемдік ареналарда атой салып жүрген спортшы­ларымыз ұлттық шапанымыздың құндылығын төрткүл әлемге танытуда. Миржанның айтуынша, тақия бәле-жаладан сақтайтын қасиетке ие екен. Сондықтан оны аяқ астына қалдыруға немесе сыйға тартуға болмайды. Тек қадірлі қонаққа өз кәдесімен кигізуге рұқсат. 

– Орыстардың «тюбетейка» деп жүргені түріктердің «төбе» сөзінен шыққан. Сондықтан қазағы тақияға ерекше құрметпен қараған абзал.  Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі кезінде тапсырыспен сәукеле де тігеміз. Жыл сайын іздеп келіп, тақия мен сәукеле тіктіріп, алып кететін тұтынушыларым бар. Кез келген істің өз қиындығы болады. Тақия тігуде де таудай төзім керек. Тақияның әр оюы мен жүргізілген жола­ғында үлкен мән жатыр. Сондық­тан бұл салада көп іздене­міз. Негізі, өнерді кәсіпке айнал­дыра алсаң ғана оның өміршеңдігі ұзақ болады. Ал кәсіп ашу жас әлде кәрі деп талға­майды. Кез келген уақытта өз бизнесіңді бастасаң болады. Тек талаптану керек, – дейді ағамыз. 

Жалпы, Миржанның тақия тігіп келе жатқанына 30 жылдан асқан. Енді кәсіпкер қараусыз жатқан тері мен жүнді өңдеп, содан ұлттық киімдер дайын­дауды ойлауда. Тек кәсіпкер: «Үкімет тарапынан қолдау болса», – дейді. Себебі Миржан кәсібін кеңейтейін десе, егде жасқа келуіне байланысты мемлекеттік бағдар­ламаларға қатыса алмауда. Сондықтан қария Үкіметтен жасы келген кәсіпкерлерді қолдауға арналған қосымша бағдарлама ашуды сұрайды. 

Кәсібін шамалы қаржымен бастаған Миржан бүгінде ауылдың екі тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Тіккен тақиялары облысымыздан бөлек, өзге өңірлерге де шығарылуда. Әсіресе, Түркістан облысынан тапсырыс берушілердің саны басым. 

Кәсіпкер тақияларының құны қанша тұратынын бізге жасырын қалдырды. Алайда екі адамды жұмыспен қамтып, бүтін бір отбасын асырап отырған бизнестің табысы аз емес екені айтпаса да түсінікті. Енді осындай қарт кәсіпкерлерге қолдау қажет. Бәлкім, шынында Үкімет жасы егде тартқан жандарға арналған қосымша мемлекеттік бағдарлама әзірлегені жөн шығар. Сол кезде Миржан сынды өз кәсібін ашып, шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейте түсетіндер көбейеді. Ал одан ел экономикасына пайда келмесе, шығын болмасы анық. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы