Қазақстанға Салық кодексінен бұрын түбегейлі салық реформасы керек. Өйткені бұған дейін сан рет жаңарған құжат мұндағы мыңдаған проблеманы шешуге дәрменсіз.
Салыққа кодекс емес, реформа керек
563
оқылды

Қаржыгер сарапшылар осылай деп дабыл қағып отыр. Айтуларынша, бұл сала терең зерттелмей келеді. Ал Үкімет ұсынатын толықтырулар – уақытша шешімдер.

Салық омбудсмені қажет

Әрине, бұған дейін еліміздің салық саясаты аз реформаланған жоқ. 1991 жы­лы нарықтық қатынастардағы тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуді мақсат тұтып қа­былданған «Салық туралы» заң 1995 жылы әлемдік стандартқа сай болуы керек деген желеумен салық пен бюджетті топтастырып бір өзгерді. Ол кезде салық саны 17 түрге дейін оңтайландырылды. 2001 жылы алғашқы Салық кодексі қа­былданды. Экономиканың өсуіне сәй­кес, салық салу базасы кеңейді, салық төлеу­шілерді қадағалау күшейді. 2008 жылы іскерлік белсенділікті ынталандыру ар­қылы салық жинауды арттыруға бағыт­талған жаңа редакциядағы Салық кодексі қабылданды. Ынталандыру негізгі са­лықтарға ставканы төмендету жолымен жасалды. Ал қазіргі Салық кодексі 2017 жы­лы қабылданды. Оның айырма­шы­лығы, көптеген өзгерту мен толық­тыру­лардан тұратын 53 пакет – түзетулердің енгізілгені. Бірақ бұл да өз жемісін бере қоймады. Неге? Өйткені осылардың бә­рінде де фискальдық парадигма бірінші орында тұрды. Ол дегеніміз, бар мен жоққа қарамай бірінші кезекте бюджетті толтыру. Одан бюджет тапшылығы жо­йылып кеткен жоқ. Ұлттық қорға қол салу азаймады. Экономиканы диверси­фака­ция жасауға мұрша болмады. Соны­мен қайтадан келіп тығырыққа тіреліп тұрған жайымыз бар. Өзімізде энерге­тикалық та, агроөнеркәсіптік те ресурстар мол бола тұра импортқа тәуелді болып қалмаға­­­нымыз сияқты, салық көзі боп табылар отандық компаниялар қатарын арттыра алмадық. Ендеше, не істемек керек?

«Бұл тұста түбегейлі өзгерістер керек.Салық кодексін өзгерте бергеннен ештеңе ұтпайтынымызға көзіміз жетті. Өйткені оған әр тарап өз мүддесін тық­палайды. Мәселен, «Атамекен» өзіне қо­лайлы жеңілдіктерді, қайбір ми­­­­нистр­ліктер өздеріне қажет арнайы режимдерді қосып-ақ келеді. Былайша айтқанда, Салық кодексі біртұтастық жоқ жамау-жамау құрақ көрпеге айналып кетті. Сол себепті түсініксіз. Мұндай жеңілдіктер мен арнайы режимдерді екшеп азайту керек. Заңды қарапайым және түсінікті етіп жазу қажет. Әрбір бапқа нақты тү­сіндірмесі берілуге тиіс. Сондай-ақ бұрын салық заңнамасына кез келген өзгерістер әр жылдың сәуір айына дейін енгізілетін, қазір ол жоқ. Оны аңдып отыру үшін орта және шағын бизнес арнайы бухгалтер ұстауға мәжбүр. Мұндағы әкімшілердіру мен есептілік мидай араласып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, жүйелі жұмыс жоқ. Үкімет бұл саланы терең зерттегісі кел­мейді, ағымдағы мәселелерді шешсе бол­ды, оңай құтылғанға құмар», – дейді экономист Расул Рысмамбетов.

Оның айтуынша, құжаттағы кез кел­ген екіұшты тұжырымдар кәсіпкердің пайдасына қарай тәпсірленуге тиіс. Осы мақсатта Салық омбудсмені деген ин­с­титут енгізу керек. Салық кодексінің соң­­­ғы түсіндірмесін сол айту қажет. Әйт­песе, салық инспекторлары қандай да бір әрекеттерін дәлелдеу үшін ішкі құжат­­тарына сілтеме жасайды. Ал ол құжаттың бар-жоғын кәсіпкерлер білмейді, тіпті біле де алмайды. Соның кесірінен са­­­лын­ғ­ан айыппұлдардың сомасы салықтай қарыздардың сомасынан да асып кетіп жатады. Әрине, салық органдарының бизнесті тұншықтыру деген мақсаты жоқ болар, бірақ олар қызметтік құжаттарды бұлжытпай орындауға мәжбүр. Сол себепті, заңнан кіші нормативті-құқық­тық акті­лер, ішкі нұсқаулықтар салық саясатына кесірін тигізбеуі керек.

Сүргін есеп сүрінтеді

Бүгінде адал жұмыс істеп жүрген біз­­дің кәсіпкерлер 43 түрлі салық төлеуге мәжбүр екен. Ол аз десеңіз, 23 ақпараттық жүйеге 221 түрлі есеп береді, тіпті кейбірі бірін-бірі қайталап жатады. Осыған 18 салықтай емес төлемдерді қосыңыз. Олар – утилалымдар, зейнетақы және әлеу­меттік шегерімдер, міндетті медици­налық сақтандыру және тағы басқалар. Бұл енді өз алдына бөлек көп жұмыс екені анық. Егер біздің осы жүйені өзге ел­дермен салыстырсақ, мұндай күрделі есеп­тілікке бойұрған оншақты ғана ел бар екен. Бірақ олардың басым көпшілігі – АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур сынды жоғары дамыған елдер. Сонда біздің Салық кодексіміз қазіргі экономикамыз бен қоғам дамуынан да ілгері озып кеткен болып тұр ғой. Олай дейтініміз, Қазақстан қысқа уақыт ішінде сан мыңдағын озық фискалды идеяларды бірінен соң бірін сынақтан өткізген бірден бір ел екен.

«Салық кодексін түсіну осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» маман­дардың өзіне де қиын. Өйткені онда әр­түрлі заңның біріне-бірі гросс-сілтеме жа­саған тұстары өте көп. Мәселен, әр ба­за­дан өнім түріне байланысты алынып тасталатын түрлі «шегеру» бар. Міне, осы сомалардың кейбірін электронды шот-фактура арқылы өткізу міндетті болса, енді бірінде міндетті емес. Сол үшін де өндіретін өнімдеріңнің қайсысы қай «ше­геруге» жататынын мұқият қадағалап отыру керексің. Ал бизнесмен адамның одан да басқа бастан асып жатқан қыруар жұмыстары көп емес пе? Сол үшін бух­галтер жалдау – қосымша шығын. Бір сөзбен айтқанда, салықтар мен есептердің түрі де, талабы да көп, ал әкімшілендіру өте күрделі. Одан да сорақысы – қолда­­­­­ны­латын жаза. Мемлекет жеңілдікпен ілгері ынталандырамын деп, айыппұлмен кейін тартып отыр», – дейді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов. 

Бұл спикердің де айтатыны, салық базасын бір ізге түсіріп, салық санын азай­­тып, түрлі квазисалықты мүлдем алып тастау керек. Ол дегеніміз, мыса­лы, – утилизациялық алым. Мін­детті жарна болып саналатын бұл алымдар бюджетке түспейді, ал кімнің қалтасына түсіп жатқаны тағы белгісіз. Бәлкім, мұн­дай алымдарды мемлекет қазынасына тү­сетін көлік салығына қосып жіберген дұрыс болар ма еді?

Жылдар мен жеңілдіктер

Қай елдің болмасын салық саяса­­­тын­дағы басты мақсат – бюджетті тол­тыру. Осы тұрғыда Салық кодексінің алдыңғы нұсқалары бюджеттің кіріс бөлігін ұл­ғайта түсуге арналды. Осы фис­калды сипатынан бөлек оның көлеңкелі эко­но­мика­­ны жа­рыққа шы­ғару, жеңіл­дік­­термен ын­таландыру, артық табысқа ауыртпалық салу сынды тағы да басқа реттеушілік күші бар. Оларды біздің мемлекетіміз сонау Тәуелсіздік алған­нан-ақ мүмкін­дігінше қолданып келеді. Десе де, осы жылдар аралығында Қазақ­стан фис­­кальды бағыт пен мотвациялық бағыттың тең ортасын таба алмай келеді. Өйткені көзсіз жеңілдік жасау ел қа­­зынасын тол­тыруға кедергі. Ал ауыр салым-са­­лықпен елді қинауға тағы бол­майды.

«Біз жүргізген талдау көрсеткендей, 2015 жылдан бастап Қазақстанда салық ауыртпалығын төмендету үрдісі бай­­қалады. 2014 жылы салық ауыртпалығы шамамен 30% болса, 2015-2021 жылдар ішінде бұл көрсеткіш 20%-25% ара­­лығында болды. Негізінде салық ауырт­палығының төмендеуі салық базасын кеңейтуге оң әсер ете отырып, эконо­ми­калық белсенділік пен тұтынуды ынта­ландыруға әкелуі керек болатын. Ал бұл өз кезегінде салық түсімдерін өсіруі тиіс еді. Алайда біздің тәжірибемізде, мұндай өзгеріс байқалмай отыр», – дейді қар­жыгер-сарапшы Олжас Төлеуов.

Егер мемлекеттік бюджеттің кірісін талдап көретін болсақ, 2010 жылдан бері оның 68%-ын салықтар құрайды. Қал­ғаны – жыл сайын өсіп келе жатқан Ұлт­тық қор трансферттері. Салықтың да басым бөлігі – Корпоративті кіріс салығы (ККС) мен Қосымша қосылған салық (ҚҚС). Бұл тұста бюджетке түсетіні бар, Ұлттық қорға түсетіні бар барлық са­лықтың 42%-ын тек 20 компания төлейді екен. Ал бізде 2 миллионнан астам бизнес субъектісі бар екенін ескер­­сек, бұл мұнда үлкен фискалды жік бар екенінен хабар береді. Өйткені бизнес ірі­­­ленуге мүдделі емес. Ірі бизнес көп салық төлейді, ҚҚС-дан үнемдеу үшін олар ұсақталуға ұмтылса, ұсақ бизнес іріленуге мүдделі емес. Оның үстіне оның ставкасын ал­­­дағы уақытта көтеру қарас­­тырылуда. Бірақ басқа елдерде қазіргідей ставкамен-ақ көп қаржы жинап отыр­ғанын ескерсек, мәселе оның көлемінде немесе тө­­­леу­шілер санында емес, әкім­шілендіру жұмысында, яки есептеп шы­­ғудағы күрделілігінде екенін түсінуге болады. 

«Біздің экономиканың ерекшелігі, кәсіпкерлердің 50%-дан астамы сауда-саттық және қызмет көрсету саласында шоғырланған. Онда да олардың 90%-ға жуығы жеке кәсіпкер статусында жұмыс істейді. Өйткені оларға жеңілдік режимде есеп беру қарастырылған. Ал олар жалпы режимде жұмыс істер болса, бұдан эко­­­номикаға көбірек пайда болар еді. Бұл тұста елімізде барлық кәсіпкердің 40% нөлдік декларация тапсыратынын атай кету керек. Сондай-ақ 9 миллион эконо­­­­­микалық белсенді халықтың 2 миллионы ең төменгі жалақыдан төмен табыс таба­тындықтан, салық жүйесінен тыс қалып отыр. Егер де олар да тұрақты түрде орта­ша табыс табар болса, онда бюджетке қо­­сымша жарты триллион ақша түсер еді. Одан бөлек, заңнамадағы жеңілдіктермен ынталандырумен салыстырғанда әкім­­­шілік айыппұл салудан елеулі табыс түсіп тұрғанын атай кету керек. Мәселен, 2013 жылы оның сомасы 35,5 млрд теңге бол­са, 2022 жылы ол 114 млрд теңгеге жет­­­кен. Мұның бәрі жарияланған мораторийге қарамастан мүмкін болып отыр», – дейді экономист Мақсат Нұрпейісов.

Салықтық жеңілдіктер ретінде арнайы экономикалық аймақтарды, инвести­­­циялық келісімшарттарды, салық шеге­­рімдері мен төмендетілген ставкаларды, нөлдік ставка шеңберіндегі салық жеңіл­діктерді және басқа да салық режимдерін айтуға болады. Қазір осындай салықтай жеңілдіктердің елімізде 277 түрі бар. Олар­дың жиынтық ақшалай көлемі де өте ауқымды. Осы тұста ел қазынасы қағылып жатқан кірістердің сомасы туралы әртүрлі тұжырым бар. Соның бірі – жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімсіздігі. Ал елі­мізде салық жеңілдіктерін негізінен ірі компаниялар алады екен. Жоғарғы ауди­­торлық палатаның тұжырымы бойынша соңғы 4 жылда бюджеттің «қолдан сусы­ған» кірісі 30 триллион теңге болыпты.

Тығырықтан шығудың бір жолы – патриотизм

Жалпы, әлемдік практикада мінсіз салық салу жүйесі деген ұғым бар. Оны сақтау үшін бір-бірімен байланысты бір­қатар фактор міндетті түрде болуы керек. Мәселен, салық төлеушілер тарапынан белгілі бір салық тәртібі сақталуы қажет. Бірақ ол тәртіп бізде көп ретте сақтал­­­майды. Мысалы, ауыл шаруашы­­­лы­­­ғын­дағы бір шағын шаруашылықты алайық. Оның иесі өзінің техникасы болма­­­­ған­дықтан тракторы немесе комбайны бар танысына өтініш жасап, жанар-жағар­­­майын құйып, әр гектарына ақшасын беріп, жерін өңдетіп алады. Бұл шаруа үшін шығын. Бірақ техника иесі үшін табыс. Ол тек бір шаруа қожалығының ғана жерін өңдеп бермейді, бірнешеуінен сөйтіп ақша алады, бірақ одан салық төлемейді. Оны қадағалап, өндіріп алар­лықтай да жергілікті әкімдіктердің қо­лында ешқандай тетік жоқ. Осылайша, бюджетке қарайған ақша түспей қалады. Ал шындығында ол салықты техника иесі өзі саналы түрде түсініп төлеу керек еді. Сонда ғана ел қазынасы толып, мемлекет өзінің функциясын анағұрлым кем-кетіксіз атқаратын болады.

«Бұл тұста мәселе неде? Бұл салық тө­леушінің қаржылай мәдениетінің, соның ішінде салық сауаттылығының жоғары деңгейімен байланысты дүние. Егер олар заңды сақтап, соған бағынып, соны орын­даса, онда салық жинау тәртібі де сақталар еді. Осы тұста салық патриотизмі деген ұғым туындайды. Ол үшін салық төлеуші өркениетті қоғам құруға ұмтылуы керек. «Менің қоғамның жақсаруына қосып отырған үлесім қандай?» деген сұраққа ойлануы керек. Бірақ біздің менталитетіміз соған сай деп мен толы­ғымен айта алмаймын. Неге десеңіз, бізде өңірлерде кейбір жерлерде өте төмен деңгейде еңбекақы төленеді. Ал өзі аз та­быстан кім-кімнің де жырып, салық тө­легісі келмейтіні тағы аян», – дейді про­фессор Лутпулла Омарбакиев.

Экономика ғылымдарының докто­­рының айтуынша, салық төлеушілердің мәдениетін арттыру мәселесінде бізге шетелдерден үлгі алу керек. Мәселен, Германияда бұл жағдай азаматтардың мемлекетті қолдауы деген ұғымда қарас­тырылады. Салықтың өзі «штайер» деп аталады. Ол тікелей аударсақ қолдау деген сөз. Әрбір неміс салық төлеу кезінде мем­лекетке, ортақ игілікке үле­сімді қосып жа­тырмын, қолдап жа­тырмын деген патриоттық сезімде болады. Ал Америкада салық төлеу де­геніміз – қалыпты өмірлік нормаға айналып кеткен. Яки, солай болуға тиіс деген ұғым қалыптасқан. Бас салық департаментінің алдындағы алаңда «Салық дегеніміз – өркениетті қоғам ор­нату үшін жасалатын төлем» деп жа­зылып тұр. Ал Британдық көзқарасты айтар болсақ, олар үшін бұл – азаматтық бо­рыш. Бізде де Ата Заңда 35-бапта: «Салық төлеу – әрбір азаматтың бо­рышы» деп жазылған. Бірақ бізде сол борышты аза­маттарымыз толығымен орындап жатыр ма, дұрыс атқарып отыр ма? Міне, мә­селе – осында, салық тәртібінде жатыр.

«Мұндағы басты себеп насихат жұ­мыс­тарында жатыр. Ең басты кемшілік – халықты ақпараттандыру жұмыстарының жеткіліксіздігі. Қоғамда азаматтар ара­сында салық органына деген сенімсіздік қалыптасқан. Салық жинау дағдарысы деген бар. Мәселен, көптеген құжат уа­­қытылы өткізілмейді. Бұл енді салық төлеушілердің, соның ішінде заңды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің ұйым­дастырушылық тәртібінің нашарлы­ғымен, қаржылай сауаттылығымен бай­ланысты. Бұл өзара әлеуметтік жа­­­­уап­­­­­­кершілік дегенге алып келеді. Жи­нақтай келгенде бұл біздің азаматтық мәде­­ниетіміздің қандай деңгейде екен­­дігін көрсетеді. Ал ол мәдениетті көтеру үшін мемлекет тарапынан қаржылай сауат­­­тылықты арттыру, әлеуметтік тең­­дікті қалыптастыру, ақпараттық-на­си­­хаттық жұмыстар жүргізу сияқты тағы да басқа кешенді жұмыстар істеуі керек», – дейді Лутпулла Амурулламұлы.

Салық заңнамасы – ұдайы өз­ге­­рістерге ұшырап тұратын нор­ма­тив­тердің бірі. Уақыт пен нарық талабына сай бейімделгенімен, еліміздің Салық кодексі әлі де болса бір тұрлаулы деңгейге шыға алмай келеді. Сондықтан да бұл мәселеге тек бір құжаттың көлемінде қа­рауға болмайды. Мұнда бірінші кезекте әкім­­­­шілендіру жұмыстары жолға қо­йылуы тиіс. Екінші талап – цифров­изация. Сол арқылы «бір терезе» қағи­датын орнату керек. Ондай тәжірибе бойынша біз әлемде көш басында тұрмыз. Электронды Үкімет жобасы – соның бір көрінісі. Ендеше, салық саясаты мен мәдениетін көтере түсудің бір жолы да осында жатыр.

Нұрлан ҚОСАЙ