Автобус жүргізушілері өтемақы үшін наразылыққа шықты – Павлодар
Автобус жүргізушілері өтемақы үшін наразылыққа шықты – Павлодар
Фото: Интернеттен алынды
243
оқылды
Автобус жүргізушілері наразылыққа шығып, қоғамдық көліктер бірнеше сағат бойы жолаушы тасымалдамады, ­– деп хабарлады Tengrinews.kz. Дереккөздің жазуынша, «Автопарк №1» ЖШС және «Павлодарский автокомбинат» ЖШС жүргізушілері наразылық ұйымдастырған. Жұмысшылар жеңілдікпен жүретіндерді тасымалдағаны үшін компания басшылығына бюджеттен төленетін өтемақы қарапайым жүргізушілерге жетпейді деп наразы болды. Жүргізушілер жалға алу ақысының жоғары екенін айтып шағымданды. Олар күн сайын ЖШС басшылығына шамамен 30 мың теңге төлейтінін айтады. Ал жұмысшылар болса, бұл соманың көп екенін айтып, оны 25 мың теңгеге түсіруді талап етті. Жүргізушілер талабы орындалмаса, олар жаппай жұмыстан кетеміз деген талап қойып отыр.
«Мен үшін бұл күтпеген жағдай болды. Кеше маған талаптар жазылған аноним хат келді, бірақ онда мерзім де, басқа ештеңе де көрсетілмеген. Бұл оқиға №1 автобус паркінде басталды, қалғандары оларды қолдамақ болған», – деді «Павлодарский автокомбинат» ЖШС директоры Александр Панченко.
Автопарк басшылары автобус жүргізушілермен келіссөз жүргізгенше, тұрғындар  жол азабын тартып, діттеген жеріне жете алмады. Тек қана бірнеше сағаттан соң, жүргізушілердің талабын тыңдауға қала әкімі Қайрат Нүкенов келді.
«Тасымалдаушылар мен жүргізушілер арасында түсініспеушілік болған. Әкімдіктің кінәсі жоқ. Бұл ­– ішкі мәселе. №1 автопарк жүргізушілері жеңілдікпен жүретіндерді тасымалдау үшін төленетін өтемақылар оларға да жетуі керек деп талап қойды. Бұл – дұрыс. Жолаушыларды кәсіпорындар емес, жүргізушілер тасымалдайды. Ақшаның бір бөлігі автобустарды жөндеуге кетеді, бірақ ақшаның бір бөлігі жүргізушілерге де берілуі керек. Олар жалдау ақысын төмендетуді сұрады, ал тасымалдаушы бұл мәселені өзі реттеуі керек еді, бұл оның бизнесі. Автокомбинаттың да жағдайы сондай. Қазір барлық мәселе шешілді. Жағдайды өз бақылауыма алдым», – деді Қайрат Нүкенов.  
Оның айтуынша, жолаушы тасымалымен айналысатын мекеме басшылары талаптарды орындауы тиіс.