Таяуда көрерменін тың әрі мазмұнды қойылымдарымен қуантатын Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында кезекті қойылымның тұсауы кесілді.
«Түкбілмес» театр сахнасына жол тартты
1,098
оқылды

Белгілі ресейлік балалар жазушысы, сценарист, драматург Николай Носовтың үздік туындысы («Незнайка») «Түкбілмес» деген атаумен театр сахнасында қойылды.

Балалардың сүйікті шығармасына айналған ертегіге қайта жан бітіріп, театр сахнасына әкелген режиссер, Пермь Мемлекеттік өнер және мәдениет институтының түлегі – Дмитрий Курочкин. Ертегіні қазақ тіліне аударған – Динара Әбікеева. Осыған дейін қойылым режиссері 2023 жылы Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзаданың оралуы» қойылымы сәтті сахналаған еді. 

«Түкбілмес» – кішкентай көрерменін кез келген жағдайда адами қалпын жоғалтпауға, ашкөздік пен бос сөзге бой алдырмауға, достықты әркез берік сақтауға үйрететін қойылым. Осынау терең мағына мен өзекті мәселені қамтыған қойылымның қоғамға айтар ойы, өзіндік қосар үні бар. Қоюшы режиссер Дмитрий Курочкиннің сөзінше, «Түкбілмес» атауы кейіпкердің түк білмегендігінен емес, өзінің кім екендігін толық танып білмегендігінде жатыр.

Сондықтан шығарма әрбір адамзаттың өмірде өз орнын табуға бағыттайды. Аталмыш қойылымды сахналаған актерлік құрамның қатарында Олжас Сақ, Нариман Егімбеков, Айнұржан Орынбасарова, Бақытгүл Серікбаева және т.б өнер иелері бар. Сахнада ерекше көзге түсетіні – талантты актерлердің жарқын түстегі костюмдері. Бұл балғын көрерменнің оқиға ішіне еніп, ертегі әлемінің атмосферасын сезінуге одан сайын ықпал етеді.

Бүгінде театр репертуарында «Туған күн», «Әріптер әлеміне саяхат», «Ойнайық та, ойлайық» сынды қойылымдар бар. Н. Носовтың әйгілі шығармасы да сол қойылымдардың қатарын толықтырып, театр сүйер қауымға жол тартты.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы