Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын қайраткер қашанда халықпен жаны бір, рухы егіз екенін нәтижелі істерімен дәлелдеді.
Екі жылда 460 ауылды аралаған: Жамбыл облысы  әкімінің орынбасары марқұм Бердібек Сапарбаев туралы тың деректер айтты
809
оқылды

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Әкім болған екі жыл ішінде 460 рет  елді мекендерге шығып, мыңға жуық нысандарды аралады. 163 рет халықпен кездесіп, 800-ден астам мәселелердің оң шешілуіне ықпал еткен",  деді шенеунік экс-әріптесі туралы.

Ол мысал ретінде Талас ауданының бұрынғы орталығы Ақкөл ауылының әлеуеті үшін алаңдап жүрген ақсақалдардың бір өтініші – бос тұрған бұрынғы колледждің ғимаратын қайта пайдалану болғанын жеткізді.

"Кезекті бір кездесуде осы мәселе көтерілгеннен кейін  арнаулы әлеуметтік қызмет ұсыну орталығы құрылып, 2021 жылы 194,0 миллион теңгеге нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылдың басынан 200 қызмет алушылар қабылданды. 171 жаңа жұмыс орны ашылып, оның басым бөлігіне Ақкөл ауылының тұрғындары қабылданды. Бұрынғы қара шаңырақ болған соң облыс әкімі Ақкөлдің тыныс-тіршілігіне көп алаңдайтын. Көлдің суының деңгейін өзі келіп көріп кететін. Көлге келген сайын «Мына көлдің айналасы тура менің ауылым секілді. Топырағы да, ауасы да, суы да ұқсайды. Осы күні ауылды көп еске алам, ағайындарды сағынам», – деуші еді",  делінген Қанатбек Мәдібектің жазбасында.

Автор Бердібек Сапарбаевтың жауапкершілігі мен іскерлігін қанша жазсақ та тауысу мүмкін еместігін айтқан.

"Өзінің өзекжарды лебізінің бірінде «Мен Сыр бойынан сабақ алып, Оңтүстіктен ой түйіп, Алтайдан өр мінезді көріп, Жайықтан жайдарлылықты  алған едім, енді міне, киелі Әулиеата топырағының батасын алып жүрмін» деп шын пейіл, шынайы көңілін жасырмай айтатын. Бекзат болмысты, антына адал, аманатына берік Бердібек Машбекұлы сол дегеніне жетті! Әулиеатадан аттанар алдында да тектіліктің кең бесігіне айналған киелі аймақтың ақпейіл жұртының ақ батасын алып, қимастықпен қоштасқан еді",  деп еске алды облыс әкімінің орынбасары