Елімізде жарнама саласы реттелген: ақпарат құралдарындағы, көшедегі сыртқы және көрнекі жарнамаға, оның түр-сипаты мен мазмұнына қатысты талаптар қойылған.
Тіркемедегі жарнамаға тізгін керек
коллаж: Елдар ҚАБА
637
оқылды

Әйткенмен, заң аясынан тыс қалған түрі де анықталды. Әңгіме автокөлік тіркемелеріндегі жарнама туралы болып отыр. Үкімет оны да мемлекеттік реттеу жөнін қарастыруда.

Желмен бірге желбірейді жарнама

Алғаш болып, бұл проблеманы ас­­та­налық депутаттар көтерді. Олардың байламынша, тіркемедегі жарнама қалалық бюджетке кіріс әкелмегені аз болғандай, ол тұрғындардың өміріне және мүлкіне қауіп төндіреді. Мысалы, жарнамалық бан­нер орнатылған тіркемені көшелердің бойына, қала ішіндегі көлік көп қозғалатын негізгі жолдардың жиегіне, сондай-ақ заңғар тұрғын үйлер мен әкім­шілік нысандардың автотұрақтарына ұзақ­­қа, айлап, жылдап қалдырып кетеді. Бұл жол-көлік оқиғасына ықпал етуі мүмкін. Мәселен, жол шетіндегі алабажақ жарнама жүргізушінің жанарын жаулап, назарын өзіне тартып, алаңдатады. Ал ғимарат жанын­дағы осындай жарнамалық баннер ау­ла­­дан, тұрақтан шығып бара жатқан машина жүргізушісінің көру, шолу өрісін тарылтады. 

Жарнама мәтінінде оны орналастыр­ған фирманың мекенжайы, байланыс телефондары түгіл, атауы жазыла бермейді. Салдарынан, оның иесін табу қиын. Демек, жол апаты үшін жауаптыны, адамдардың денсаулығына, мүлкіне келген залалды кімнен өндіруге болатыны белгісіз қалады. 

Осы салада тәртіп орнату бастамасын алғашқылар қатарында Астана қаласы мәслихатының VII және қазіргі VIII шақырылымы төрағасы Ерлан Каналимов көтерген болатын. 

– Автокөлік тіркемесіндегі жарнаманы қалаған жеріне тастап, жүре береді. Сөйтіп, олар тұрғындарға арналған тұрақ орын­­дарын алып тұрады. Бұл ретте олар жарнама туралы заңнан тыс қалған. Мұндай жар­­­­нама орналастырушылар сол үшін мемлекетке де, қалаға да алым-салық тө­ле­­­­­мейді. Елордамызда қыста ақ түтек боран соғады, өзге маусымдарда дүлей жел жиі тұрады, сол кезде тіркемелердегі баннер­­лер құлап, ұшып кетіп, жүргіншілерге, көліктерге қауіп төндіреді, – деді мәслихат басшысы. 

Депутаттардың айтуынша, мұндай жар­наманың мазмұны да күмәнді: мемлекеттік тілдегі мәтінінде қате өріп жүретінін айтпағанның өзінде, қаржы пирамидаларын насихаттағаны кездесіпті. 

Бұларды эвакуациялау да оңай шаруа емес: доңғалақтары жарылып, не желі шығып кетеді. Тіпті, айлап, жылдап тұратындықтан жерге «сіңіп» кетеді. Иелері қасақана дөңгелектерін шешіп алады. 

Елорданың Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы проб­леманың барын жасырмады: тіркемелер үстіне орнатылатын жарнамалар үшін ешкім салық төлемдерін аудармайды. Өйт­кені жарнаманың бұл түрі заңмен регламенттелмеген.

Еш ақы төлемейтіндіктен әрі иелері жер телімі үшін ай сайынғы арендадан азат болғандықтан, жарнамалық конструкцияны да ұзақ уақытқа еш алаңсыз қалдырады. Салдарынан, олар тозып, айналасына қауіп төндіреді. Кенебі көнеріп, желге жыр­­­­тылып, желбіреп жатады, осылай қа­ланың ажарын кетіреді.

Жиырма жылдан көп кешіккен реттеу

Ұлттық экономика министрлігі бұл саладағы олқылықты жою жолдарын қарас­тырып жатыр. Ол «Кейбір заңнамалық актілерге астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы аясында «Жарнама туралы» қолданыстағы заңның 12-бабына түзету енгізуді ұсынды. 

Айтпақшы, «Жарнама туралы» заң ғасыр басында, 2003 жылы қабылданған болатын, сонда жеңіл және жүк көліктері­нің, автобустардың сыртындағы жарнама ғана реттелді. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, тіркемелерге қатысты түйткіл шешілмей келеді.

Құжат қабылданса, онда Қазақстан бойынша автокөлік тіркемелерінде орналастырылатын жарнама сыртқы (көрнекі) жарнамаға теңестіріледі де, ол үшін мемлекетке салық төлеу міндетті болады. Бұл үшін осындай жарнамадан табыс табатындар ресми тіркеліп, жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберуге тиіс. Яғни, салада хабарлама тәртібі енгізілмек. 

«Бұл талап өмірге жолдама алып жатса, әділетті болар еді. Заң алдында бәрі тең болуы керек. Мысалы, жол бойындағы бил­­­­­­бордтардағы жарнама заңмен реттеледі, ол үшін салығы төленеді. Ал соның жанында, жол бойында немесе тұрақтарда орнатылған тіркемелер реттелмейді, салық төлемейді. Көлеңкедегі кәсіпкерлер тіркемедегі жарнаманы қолданыстағы жарнама заңын айналып өту үшін қолданады. Сонда бұл жарнамасына бірде-бір талап, тәртіп таралмайды, жарнаманы көшеде орналас­тырғаны үшін ақы да төлемейді. Түсетін таза табысы айына 200-250 мың теңгедей. Осыған қызығып, бұл заңсыз іспен заңды жарнама агенттіктері де айналыса береді», – деді жарнама агенттігінің өкілі, кәсіпкер Вадим Тушин.

Қолданыстағы «Жарнама туралы» заңына сәйкес, елді мекендердегі үй-жайлардан тыс, ашық кеңістікте сыртқы, көрнекі жарнаманы орналастыру үшін хабарлама тәртібі енгізілген. Бірақ бұл реттеу автокөлік тіркемелерінде орналасқан жарнамаға қолданылмайды. 

Заң тәртіпке келтірмеген соң өзі би, өзі қожа жарнамашылар ойына келгенін істейді. Бұл халық наразылығын туғызады. 2023 жылдың басынан бір ғана Астана қаласы бойынша автотіркемелердегі жарнама конструкцияларына қатысты жалпы саны 385 шағым түсіпті. Соның ішінде eOtinish порталы арқылы – 320, «iKOMEK109» қызметі арқылы – 65 инцидент тіркелген. 

Халық неге шағымданады?

Азаматтар мұндай жарнамалық конс­трукцияның жүргіншілердің жү­­ріп-тұруына, ал жүргізушілердің көлік ішінен айналаны шолуына кедергі келтіретініне, жел тұрғанда құлау қаупінің бар екеніне шағымданады. Бірқатар адам мұндай тіркемелердің заңдылығын тексеруді сұрады. Кәсіпкерлер «иесіз» тіркемелердің жүк түсіретін көліктердің дүкенге таяп келуіне кедергі жасайтынын айтқан. 

«Ж.Нәжімеденов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің алдындағы көше автотұрағында біраздан бері доңғалақты «жарнамалық қалқан» (щит) тұр. Ол қатты жел соққанда бүйіріне құлап қалады. Біреу келіп, «жантайып» жатқан оны түзетіп кетеді. Кеше боран болғанда, қалқан тағы құлап, жолға қарай зыр домалап жатты. Жақын маңда адамдар, көліктер болмағандықтан ғана ешкімге залалы тимеді. Конс­трукция бұлай құлай берсе, қасындағы автокөліктерге зақым келтіреді. Мұндай жарнамалық қалқандарды қоюға тыйым салу керек. Және мұндай жарнама орнатушыларды жауапкершілікке тарту қажет», – деп жазады шағымданушы Г. есім­­ді елордалық тұрғын.

Қала тұрғындары Нұра ауданындағы Қайым Мұхамедханов көшесіндегі үйлер арасында, Қарашаш Ана көшесі, 1-үй жанында «Мечта» дүкенінің дөңгелектегі жарнамасына қатысты да өтініш жолдапты. Конструкция балалар арбаларының және адамдардың өтуіне кедергі келтіретін көрінеді. Мұндай арыз-шағымдар жетерлік.

Мұның сыртында, көшелер бойында тұрған жарнамалы тіркемелердің қалалардың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізетіні, «визуалды шу» тудыратыны дәлел ретінде келтірілді.

2023 жыл соңындағы жағдай бойынша еліміздің үш мегаполисіндегі тұрақтарда 92 жарнамалық тіркеме әшкереленді. Оның ішінде Алматы қаласында – 40-ы, Астана қаласында – 37-сі, Шымкентте – 15-і анықталды. 

Заң жобасын әзірлеуші Ұлттық экономика министрлігінің талдауында айтылғандай, жарнамалық билборды бар тіркемелер қаланың көп жерінде орнатылады. Орындарын да рұқсатсыз ауыстыра береді. Ал оларды рәсімдеуге, күтіп ұстауға және орналастыруға қойылатын талаптар ешбір нормативтік құқықтық актілерде бекітілмеген. 

Тиісінше, автомобиль тіркемелерінде жарнама орнатуды хабарлама тәртібіне жатқызу – жергілікті әкімдіктердің келісі­­мін алу арқылы осындай нысандарды қою ісін ретке келтіруге, сондай-ақ жарнаманың бұл түрін қалалардың дизайн-кодына сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Үкімет халықаралық тәжірибені алға тартты: мысалы, Еуропада көшедегі сырт­қы жарнаманы орналастыру саласы әлдеқайда қатаң реттеледі. Мысалы, Германияда, Аустрияда жол бойында орналасатын әрбір жарнамалық конструкция үшін рұқсат алу талап етіледі. Кейбір аймақтарда қоршаған ортаны қорғауға байланысты жергілікті шектеулер енгізілген. 

Словакияның заңнамасында жарнамалық құралдарды жолдан 100 метрге дейінгі қашықтықта орналастыруға түпкілікті тыйым салынған. Ондай жарнама жүргізушілерді босқа алаңдатады деп саналады. Жол жағасындағы 100 метрлік жарнамасыз аймақ «қауіпсіздік белдеуі» деп аталады. Бұл жолақтың ар жағында да кім көрінген қалаған жарнамасын, мысалы, тіркемедегі баннерін қоя алмайды: арнайы рұқсаты бар компаниялар ғана объектілерін орналастыруға құқылы.

Салада заңнамалық реттеу енгізілсе, он­да оны бұзатындарға жаза да қарастырыл­ған. Атап айтқанда, әкiмшiлiк құқық­­­­бұзу­шы­лықтар жасау заттары және құ­ралы тәр­кiленуі мүмкін. Сондай-ақ жеке тұлғаларға – 15, лауазымды адамдар­­ға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 25, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, iрi кәсiпкерлiк су­бъек­тiлерiне 150 айлық есептiк көрсеткiш (2024 жылы 553 800 теңге) айыппұл салынады. 

Осы құқықбұзушылықты ұсталып қалғаннан кейінгі бір жыл ішінде қайталап жасаса, жеке тұлғалар мен шағын, орта кәсіпкерлер айыппұлының көлемі екі есе көтеріледі. Ірi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 500 АЕК (биыл 1 846 000 теңге) айыппұл төлеуге тура келмек.

Бұл секторда хабарлама тәртібі енгізілсе, әрбір тіркеменің нақты иесінің кім екені әкімдіктерге белгілі болады.

Айтпақшы, қазірдің өзінде тіркемедегі жарнама қызметін ұсынушылар «Мемлекетке визуалды жарнама салығы үшін 10-15 АЕК төлеуіңіз керек» деп, оны клиен­­­­тінен қосымша өндіртіп алып жатыр. Шынында, ондай салықты мемлекетке төлемейді, өз қалтасына тоғытады. Тек осы арқылы жаңа заң жобасымен енгізілуі мүмкін айыппұлдарға дайындалып жатса керек.

«Жарнама – сауданың қозғалтқышы» деген сөз бар. Алайда қозғалтқышы жоқ, жападан-жалғыз қаңтарылып тұрған тіркемедегі жарнама – саланың тежегішіне, көшені қар мен шаңнан тазалайтын коммуналдық қызметтер үшін кедергіге айналды. Салдарынан, азаматтарға – қолайсыздық, әкімдіктерге шығын әкелді. Әділетті Қазақстан бизнестің көлеңкелі осы секторын құрықтайтын болды.

Айхан ШӘРІП