«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары бірнеше ұсыныс білдірді.
Мәжіліс депутаттары электр энергиясын тиімді пайдалануға қатысты шаралар қабылдауды ұсынды
451
оқылды

Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов электр энергиясын тиімді пайдалану мақсатында шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Осы мәселеге қатысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz 

Президент Қ. К. Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биыл қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке ЭЫДҰ стандарттарын ескере отырып, қолданыстағы энергия тиімділігі саясатын түбегейлі қайта қарауды және энергия тұтыну мен энергия сыйымдылығының негізгі көрсеткіштерін кемінде 15%-ға төмендетуді тапсырды.

«Бүгінде Қазақстан экономикалық энергия сыйымдылығы деңгейі бойынша әлем елдері арасында көшбасшы орындардың бірін алады. Еліміздің ішкі жалпы өнімінің (ЖІӨ) энергия сыйымдылығы экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің орташа көрсеткішінен үш еседен асады. Бұл көрсеткіш өндірілген энергияның Ұлттық экономика шеңберінде қаншалықты тиімсіз пайдаланылатындығын айқын көрсетеді.

ЭЫДҰ елдеріндегі энергия сыйымдылығының өзгеру серпіні осы көрсеткіштің 15,7%-ға төмендеу үрдісін көрсетеді. Бұл – энергия үнемдеу және энергия тұтынудың неғұрлым орнықты және тиімді нысандарына көшу саласындағы мақсатты саясаттың нәтижесі.

Жаһандық экологиялық сын-қатерлер мен Еуропалық Одақтың трансшекаралық көміртекті реттеу тетігін (CBAM) қолданысқа енгізуі тұрғысынан Қазақстан халықаралық сауданың жаңа жағдайларына бейімделу қажеттілігінің алдында тұр. Бұл қолданыстағы энергия тиімділігі саясатын түбегейлі қайта қарауды талап етеді. Аталған көрсеткіштерді төмендету үшін энергия үнемдеу саласында пәрменді шараларды енгізу және экономиканың барлық салаларында энергия тиімділігін арттыру қажет», – деді депутат.

Осыған байланысты «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары мынадай бірнеше ұсыныс білдірді.

  1. Өнеркәсіп кәсіпорындарын энергия үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыруға ықпал ететін, кем дегенде 15%-ға қысқарту мақсатында өнім бірлігіне электр энергиясын тұтыну нормативтерін, оның ішінде ірі энергия көзін қажет ететін кәсіпорындар (ТОП-100) үшін нысаналы индикаторларды қайта қарау арқылы электр энергиясын тұтыну нормативтерін оңтайландыруды жүргізу.
  2. Жоғары энергия шығынының себептерін талдауға және ЖІӨ энергия сыйымдылығын оңтайландыру үшін болжамды модельдерді әзірлеуге бағытталған ғылыми зерттеулер үшін гранттар бөлу.
  3. Тұтынушылардың аудит нәтижелеріне әсерін азайту арқылы энергия аудиторлық компаниялардың тәуелсіздігін нығайту қажет, бұл бағалауды жүргізудің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.
  4. Қаржы институттары арқылы энергия тұтынуды азайтуға бағытталған өнеркәсіптік кәсіпорындарда жабдықтарды жаңғыртуды ынталандыру бағдарламаларын әзірлеу.
  5. Сондай-ақ депутаттар өз тарапынан энергетикалық ресурстарды неғұрлым тиімді және орнықты пайдалануға көшуге ықпал ететін өзгерістерге заңнамалық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.