Депутаттың айтуынша, суармалы егістікке байланысты бірқатар мәселелер туындауынан шаруалардың өздеріне тиесілі көмектерге қол жеткізе алмай отыр.
Шаруалар заңдағы қайшылықтар салдарынан субсидияға қол жеткізе алмай отыр – Қайрат Балабиев
© коллаж: Әсел Балтақызы
497
оқылды

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаровқа суармалы егістік саласындағы шаруаларға субсидия беру жүйесіндегі заң бұзушылықтар жөнінде айтып, сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдаулары мен Сайлауалды бағдарламасында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты Үкіметке нақты міндеттер жүктеген еді. 

«Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Елдің өсіп-өркендеуі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Алайда, депуататтың айтуынша, суармалы егістікке байланысты бірқатар мәселелер туындауынан шаруалардың өздеріне тиесілі көмектерге қол жеткізе алмай отыр. 

«Түркістан облысының ауыл шаруашылығының негізін мақта және бау-бақша дақылдарын өсіру құрайды, бұл салада 83 мың шаруа қожалығы жұмыс істейді. 

Бұл өңірдің егістік көлемі 860 мың гектар, суармалы алқап 552 мың гектар және еліміздің суармалы жерінің 4/1 құрайды.

Түркістан облысы – мақта дақылдарын өсірумен айналысатын бірден-бір аймақ. Десе де, былтырғы жыл мақта шаруашылығына оңайға соқпады. Егін науқанына шығындалғаны аздай, өнімнің бағасын белгілей алмағаны – «жығылған үстіне жұдырық» болды. Шаруалар берілетін субсидиясына заңдағы қайшылықтар салдарынан қол жеткізе алмай қалды», – деп атап өтті депутат.

Себебі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілген қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларының»  (2015ж. 30 маусымдағы № 6-3/597) 1-тарауының 4-тармағына сәйкес егіс алқабына су есептегіш құралдары мен құрылғылары орнатылмаған жағдайда субсидия берілмейді. Бұл талап биыл 1 қаңтардан қолданысқа енгізілген. Сондықтан, шаруалардың суармалы жерлеріне берілетін суға мемлекеттен субсидия алу үшін су есептегіш құралы болуы қажет.

«Диқаншылық маусымдық болғандықтан, шаруалар су есептегіштерінің орнатылуын күте алмайды. Оның үстіне көптеген шаруалардың қондырғы орнатуға өз күші жетпейді және олардың қаражаты да шектеулі. Айналдырған 2 гектарға егін салатындар пайдаға қарық болып жатыр деуге келмес. Облыста бір ғана мақтаның түсіміне бір миллиондай тұрғынның күні қарап отырғаны жасырын емес.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл ұстанымы Қазақстандағы агроөнеркәсіп өнімдерін өсіретін барлық шаруа қожалықтарын алаңдатып, олардың жағдайына қауіп төндіріп  отыр.    

Осы орайда, құрметті Айдарбек Сейпілұлы,  Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 6-3/597 бұйрығымен бекітілген ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге  су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидалары 1-тарауының 4-тармағын алып тастауға ықпал етуіңізді және бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндіктен, «AMANAT»  партиясының қатаң бақылауында  болатынын ескеруіңізді сұраймын», – деп түйіндеді Қайрат Балабиев.