2004 жылы алғашқы саны жарық көрген «Литер» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына биыл 20 жыл толып отыр.
«Литер» газетінің жарық көргеніне 20 жыл толды
580
оқылды

Газет бес жыл бұрын өзінің 15 жылдық ме­рейтойы қарсаңында Алматыдан Аста­наға қоныс аударған еді. Содан бері екі қалада да ауқымды істерге ұйытқы болып келеді. Бұған дейін өңірдегі, елдегі біраз мәселенің халық пен билікке жетуіне себепкер болған басылымның бүгінде жеткен жетістігі аз емес. Әсіресе аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуде әжептеуір ықпал етті.  Ал қоғамдық мәселелерден бөлек, газет жеке азаматтардың да мәселесін оңынан шешуге атсалысты.

Бұл туралы «Литер» газетінің бас редакторы Жанна Ойшыбаева халықаралық "Түркістан" газетіне берген сұхбатында:

Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қа­былдауға Ішкі істер министріне 9 жастағы қыз келді. Оның ата-анасы – Қытайдан кө­шіп келген этникалық қазақтар, алайда олар көші-қон заңнамасын бұзғандықтан ҚХР-ға қуылған. Қыз Қазақстанда қалып, туыстары­мен бірге тұрды. Осы кездесуден кейін қыз­дың ата-анасына виза алуға және тарихи Ота­нына оралуға рұқсат берілді. Ұжымдық мә­селені шешуге келетіндер де болды. Білім жә­не ғылым министрінің қабылдауына Есіл ау­данындағы мектептердің ұстаздары келіп, жалақыларының мардымсыз екенін айтып ша­ғымданды. Мәселе оңынан шешілді, – дейді. 

Сонымен қатар газет «Депу­тат­тың бір күні» деген атаумен арнаулы айдарды да тұрақты жүргізіп келді. Соның негізінде қазір депутат пен халық арасындағы сенім нығая түскен.

Өткен жылдың соңында енгізген «Депу­тат­тың бір күні» атты айдарымыз да көп­ші­лік­тің көңілінен шықты. Біздің мақ­са­ты­мыз – Мәжіліс депутаттарының нақты қан­дай жұ­мыспен айналысатынын көрсету, халық ара­сында тараған «депутаттар ұйықтап оты­ра­ды» деген көзқарасты өзгертуге атсалысу. Жаңа жобаның халықтың жүрегінен жылы орын табуына тілшіміз Миргүл Жыл­қы­ши­нова­ның жұмыс уақытын толығымен, тіпті кейде артығымен депутаттардың жұмысына ар­науы, ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, істеген жұмысын әдемі әрі әсерлі етіп жеткізуі де ықпал еткендей. Осындай ерекше мақала­сы­ның бірі «Болат Керімбековпен өткен 12 са­ғат» деп аталды, – дейді Ж. Ойшыбаева.

Қазақстандық БАҚ арасында өзіндік қолтаңбасы, тарихы бар «Литер»  газетінің көздеген мақсат-мұраты да жетерлік. Себебі оның айғағы – журналистика саласында тынбай, дамылсыз еңбек етіп келе жатқан 20 жылдық мұқалмас еңбек. Сондықтан мерзімді басылымның алдағы уақытта қоғамды һәм қоғамдық сананы ағартуға бар күшін жұмсайтынына, бұқараға ресми, дәлелді, дәйекті мақала мен сараптамалар ұсынатынына, өз оқырманына адал болатынына кәміл сенеміз.