"Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ "Westoil Software" мекемесіндегі заңсыз ереуілге қатысушылармен арада жүргізілген келіссөздердің нәтижесімен бөлісіп, оларды орындамайтынын жеткізді.
"Қазмұнайгаз" ҰК ереуілшілердің талабы орындалмайтынын айтты
2,667
оқылды

"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрсейіт Союнов "West Oil Software" ЖШС-ның заңсыз ереуіліне қатысушыларға бейнеүндеу жолдады. Өз үндеуінде ол келіссөздер барысында жұмысшылардың ҚМГ құрамына қабылдауды, оларды ұлттық компанияда қабылданған бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне өткізуді және кәсіпорынның жабдықтарын жаңартуды талап еткенін атап өтті.

ҚМГ ереуілшілердің соңғы талабымен келісті, құрал-жабдықтар әзірленген бағдарламаға сәйкес үш жыл ішінде толық жаңартылады. Алайда West Oil Software ұжымын "ҚазМұнайГаз" құрамына беру және бірыңғай еңбекақы жүйесіне көшу талаптары орынсыз және олардың орындалмайтынын айтты.

Союновтың айтуынша, мекеменің көлік паркін жаңғырту бағдарламасы бойынша оны жаңарту бастамасын ҚМГ көтерді. Қазірдің өзінде жаңа техниканы сатып алуға келісімдер жасалды. Жыл соңына дейін 70-тен көп техниканы жаңарту жоспарланып, барлығы 200-ден астам техника жаңартылмақ.

"Жұмысшылар қойған негізгі талаптарға сәйкес, мекеменің құрал-жабдықтарын жаңартып, жоғары сапалы еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында үш жылдық мерзімге 202 бірлік техниканы жаңарту жоспары бекітілді. Жаңарту кестесіне сәйкес кәсіпорынға жаңа техникалар келе бастады. 2023 жылы 17 бірлік техника және 2024 жылдың басынан бастап 4 бірлік техника алынып, іске қосылды. Осы жылдың соңына дейін барлығы 70 бірлік техниканы жаңарту жоспарлануда. Сонымен қатар, қазір  өндірістік ғимаратты жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде", – деді Нұрсейіт Союнов.

Сондай-ақ, Союнов ақпан айында ереуілден кейін қызметіне қайта оралуға шешім қабылдаған 143 қызметкерге наурыз айында жалақы төленгенін атап өтті. Олар еш кедергісіз, штаттық режимде жұмысын жалғастырды. Бұл туралы Zakon.kz хабарлайды.