Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
«Мұнай қалдықтарының иісіне тұншығып отырмыз» – Жаңаарқа тұрғындарының жанайқайы
621
оқылды

Депутаттың айтуынша, ауыртпашылық бір айналдырса шыр айналдырады екен. Онсыз да қытымыр қыстың тосын мінезімен арпалысып, жұттың кесірінен жылқысы қырылып, ұнжырғасы түскен Жаңаарқа жұртшылығының жанайқайын Үкімет назарына жолдаймын.

Қыста қар құрсауынан, көктемде су тасқынынан, жазда құрғақшылықтан зардап шеккен ауыл халқының үніне салғырт қарамаңыздар.

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Жұмажанов ауылының тұрғындары ауыл іргесіндегі таяқ тастам жерге төгілген мұнай қалдықтарынан зардап шегуде. Елді мекеннен небәрі 500 метр жердегі мұнай қалдықтары төгілген полигонның залалын ескертіп тұрғындар дабыл қаққалы қашан... Бірақ өкінішке қарай қарапайым халықтың талап-тілегімен ешкім санасар емес.

Ауыл халқының тынысын тарылтып, тамағын қырнаған мұнай қалдықтарының жағымсыз иісі тұрғындардың мұңына айналуда. Денсаулығына алаңдаған жұрттың жанайқайын СЭС мамандары да, экологтар да назарына алмай келеді.

Ауа райының күрт жылынуы себепті кеше сол мұнай қалдықтарын жинақтайтын полигонды су басып кетті.

Қар суымен араласқан зиянды мұнай қалдықтары Сарысу өзенінің арнасына құйылса, оның экологиялық залалы үлкен болмақ. Суда жүзген балықтың, жүгірген аңның, жұттан қалған азын-аулақ малдың қырылуына себеп болуы бек мүмкін.

Сол себепті келесі талабын жолдаймыз:

1. Дереу су ағып жатқан аумақта мұнай қалдықтарының төгілу дәлелдері анықталсын. Арнайы комиссия құрылып, сараптама жүргізу қажет.

2. Ауыл тұрғындарының денсаулығына зиян келтіріп отырған іргедегі мұнай қалдықтары полигоны жабылсын.

3. Тексеріс нәтижесінде заң бұзушылық анықталған жағдайда өндірістік мұнай тасымалдау мекемесіне қатаң шаралар қолданылсын.