Ғылыми әзірлемелердің арқасында сүзгілер суды тек тұздан ғана емес, сонымен қатар мұнай мен радиоактивті қалдықтар тәрізді әртүрлі майлы сұйықтықтардан да тазартуға мүмкіндік береді.
ЕҰУ ғалымдары суды тазартатын және зиянды заттарды анықтайтын әмбебап сүзгі жасады
846
оқылды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Инженерлік бейіндегі зертхана ғалымдары әмбебап сүзгілерді жасап шығарды. Оны суды тұздардан тазарту үшін ғана емес, сонымен қатар радиоактивті сұйық қалдықтарды дистилляциялау үшін де пайдалануға болады.

ЕҰУ ғалымдары суды тұздардан, пестицидтерден, мұнай өнімдерінен, глюкозадан және ауыр металл иондарынан тазарту үшін елімізде шығарылатын трек мембраналарын модификациялау әдістерін зерттеп жатыр. Сүзгілердің ерекшелігі – ЕҰУ инженерлік зертханасында әзірленген трек  мембраналарды пайдалану. Ғалымдар жұқа полимерлі пленкалардан жасалған ауыр ион үдеткішін қолданады. Ғылыми әзірлемелердің арқасында сүзгілер суды тек тұздан ғана емес, сонымен қатар мұнай мен радиоактивті қалдықтар тәрізді әртүрлі майлы сұйықтықтардан да тазартуға мүмкіндік береді. 

«Біздің сүзгілердің артықшылығы неде? Олар әмбебап. Оны қарапайым сүзгілеуде ғана емес, сонымен қатар радиоактивті сұйық қалдықтардың мембраналық дистилляциясында да қолдануға болады. Трек  мембраналары бірқатар ерекше қасиеттерге ие. Бірақ мембраналық дистилляция мен сенсорлық үрдістерде тиімді пайдалану үшін олардың үстіңгі жағын өзгерту қажет. Осы мақсатта біз оны қарапайым және арзан әдіспен өзгерту жолдарын зерттедік. Бұл – әртүрлі мономерлердің фотоиницияланған егу полимерленуі. Суды тұзсыздандыру үшін мембраналық дистилляцияда, сондай-ақ қорғасын, кадмий және глюкоза иондарын анықтауға арналған электрохимиялық датчиктер ретінде қолданылатын су-май эмульсияларын бөлуге қабілетті жақсартылған сипаттамалары бар мембраналар алынды», - деп атап өтті ЕҰУ Инженерлік бейіндегі зертхананың аға ғылыми қызметкері, жобаның жауапты орындаушысы Илья Корольков.  

Фильтр – трек мембраналарының ең қарапайым қолданысы. Ғалымдар бұған дейін суды тазартуға және оны ішуге қауіпсіз етуге мүмкіндік беретін сүзгі құрастырған. Бірақ ол суды тек микроорганизмдер мен бактериялардан ғана тазартты, ал тұздардан, вирустардан, хлордан, темірден тазартпайтын.

ЕҰУ ғалымы Арман Есжанов мембраналық дистилляциямен айналысады. Ол трек мембранасының өнімділігін және тазалау дәрежесін арттыруға мүмкіндік беретін гидрофобты мембраналарды шығару әдістерін әзірледі. 

«Бірнеше сағат ішінде біз бастапқы пленканың диаметріне байланысты бірнеше литрге дейін таза су ала аламыз. Тазарту дәрежесі 98-99 пайызды көрсетті. Енді біз бұл нәтижелерді алдымен ғылыми журналдарда жариялап, кейін қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз. Біз тұздардан бөлек пестицидтерден тазарттық, сонымен қатар сұйық радиоактивті қалдықтардан тазарту дәрежесі бойынша жоғары көрсеткіштер алдық. Бұл жерде изотоптардан тазарту дәрежесі 95-98 пайыз болды. Біздің фильтріміз әмбебап өнім. Оның қолдану аясы өте кең», - деп түсіндірді Арман Есжанов.

Қазіргі уақытта ЕҰУ зертханасы бақыланатын гидрофильді және гидрофобты қасиеттерді қалыптастыру және химиялық белсенділікті арттыру үшін трек мембраналарының бетін модификациялау әдістерін жасап жатыр. Наноталшықтары бар гибридті трек мембранасы супергидрофобты қасиеттерді көрсетеді және оны мембраналық дистиляция арқылы суды тұздардан  тазарту үшін пайдалануға болады.