Ауыл сыртқы әлеммен мүлде байланыссыз қалған.
Әкімді алғаш рет көрдік: Біржан сал ауданында ауыл су ортасында қалды
716
оқылды

Біржан сал ауданына қарасты Көдебас ауылының сыртқы әлеммен қатынас болатын жалғыз жолын су басып қалды. Айналасы суға толған ауыл іс жүзінде аралға айналған. Жергілікті билікке ащы зарын талайдан бері айтып келе жатса да, 25 түтін түтететін шағын ауылға еш назар аударылмаған. Қазір азық-түліксіз, дәрі-дәрмексіз басқа да қажеттіліксіз қалған ауылдың билікке өкпесі қара қазандай. Арнасынан асқан іргесіндегі Қарасу өзенінен арқыраған су жолды басып, бөгендерін бұзып өткен. Жергілікті биліктен еш үміт болмаған халық үйлерін су шайып кете ме деп қауіптеніп, буырқана аққан суды өз күшімен ағызып жіберуге мәжбүр болды,  деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Қазіргі уақытта ауылда арқырап ағып жатқан судың шеті де, шегі де көрінбейді. Ауыл сыртқы әлеммен мүлде байланыссыз қалған.  Ауыл адамдары аудан әкімдігіне де, округ әкімдігіне де хабар беріп, құтқару шараларын жүргізуді сұрағанымен, ешкім ат ізін де салмағанын ашына жеткізді. Ауыл азаматтары қолдарына күрек алып күн-түн демей арпалысып, өз күшімен судың арнасын бұрып ағызуға мәжбүр болыпты. 

Міне, ауылға жүретін жолымызды түгелдей су шайып кетті. Ауылға кіретін де, шығатын да жол жоқ. Ауылға кіретін жалғыз жолды су шайып кетті. Бұрын-соңды болмаған қалың су келді.  Қазір ауылға ешқандай қатынас жоқ. Қыстай малымыз да қырылып қалды. 25 үйлі біздің ауылдан ғана 200-ден астам жылқы қырылды. Ауылға ешқандай әкім келіп бас көрсетпеген. Елде төтенше жағдай болғаннан кейін бүгін ғана келді. Қыстай қардан жөнді жолымыз да болған жоқ, дейді Күдебас ауылының тұрғындары. 

Ауыл тұрғындары елге су тасқынынан кейін келіп, ауыл тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Достанбек Есжановқа сұрақтарын қарша боратып, жұмысын сын садағына алды.

Мен осы ауылда 80-жылдардан бері тұрамын. Мынадай су тасқынын бірінші рет көріп тұрмын. Бұрын мұндай болған жоқ. Сіз аудан әкімісіз бе? Мен Дәмеш деген осы ауылды тұрғынымын. Қыс бойы отырдық. Ешуақытта бізге келіп, «Ей, халдерің қалай?» деп бораннан кейін келіп халімізді неге білмейсіз? Әкім деген ауылға келмей ме? Халықтың жағдайын білмей ме? «Қазақ Алтын» келгенде бір көрінеді. Сіз үшін біз кімбіз? Ауылда жігіттер жүгіріп жүр. Телефоннан «Алла жазса, аман болсақ бірдеңе қылармыз» дейсіз. Сондай сөз бола ма?»,  дейді ашынған ана. 

Тұрғындардың айтуынша, ауылдың шеткі үйіне су кірген. Ауыл мешітіне дейін су келген. Малы суға кете ме деп қауіптенген тұрғындар күні-түні ұйқысыз күзеткендерін жеткізді.  Дегенмен тұрғындар өз күшімен суды бұрып, ауылды ағын судың шайып кетуінен аман қалғанын айтады. 

Жолдарды су шайып кеткен, ауылмен байланыс, қатынас жоқ. Ауылда ауызсуы, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жоқ, халық құрсауда отыр. Тұрғындар өз күшімен суды жырып ауылды суға кетіп қалуынан сақтап қалды. Биліктен еш қайран болмады,  дейді ауыл тұрғындары. 

Тасқыннан судың ортасында өте қиын жағдайда қалған ауыл тұрғындары жанайқайын ашына жеткізгенімен, желіде жауап берген аудан әкімі Достанбек Есжанов ауылға барынша қолдау жасап жатқанын айтып ақталмақ болған. 

Көдебас ауылындағы жалпы аудан бойынша барлық ахуалмен таныспын. Өз басым ауылға барып, мән-жағдаймен танысқан болатынмын. Тұрғындармен кездесіп, қажетті көмек көрсетілетіні жайлы айтылған болатын. Басшы ретінде 28 наурыз күні Семізбай жақтың, 29-30 наурыз күндері Көдебас, Еңбек, Кеңащы ауылдарының жағдайымен танысу үшін жұмыс сапарымен шықтым. Бүгін, міне Көдебас ауылының тұрғындары көмек көрсету мақсатында барлық күштерді жұмылдырып, ас-су, дәрі-дәрмек, жанармай жеткізілуде. Арнайы техника да жолға шықты,  деді Достанбек Есжанов. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы