Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында биыл алтыншы жыл дәстүрлі түрде театрішілік фестиваль өткізді.
«Алтын сақа – 2024» театрішілік жаңа қойылымдар фестивалі өз мәресіне жетті
559
оқылды

Қазақ театрларының ішінде талантты артистерімен, кәсіби басқару жүйесімен, қолдайтын көрерменімен ерекшеленіп, өзгелерден оқ бойы озық тұратын театрдың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры.

Республикалық, халықаралық фестивальдердің жүлдегерлері болып саналатын театр ұжымы биыл «АЛТЫН САҚА – 2024»   театрішілік фестивалін ұйымдастырды. Фестивальдің мақсаты – өнер ошағындағы артистердің шығармашылық шабытын арттырып, театрдағы ең үздіктерді анықтау. 2016 жылдан бастау алған бұл байқауда алғашында балаларға арналған қойылымдар өзара бақ сынады. Уақыт өте келе түрлі даму сатысына түсіп, маңыздылығы артып, кең көлемдегі фестивальге ұласты. 2017 жылғы ұйымдастырылған фестивальде кешкі қойылымдар да бақ сынап, шараның ауқымы кеңейді. Әр жылы түрлі спектакльдер қатысып, театрішілік өзара тартысқа түсті. 2018-2019 жылдары фестиваль ауқымды түрде аталып өтіп, айшықты түрде жоғары дәрежеде болды. Пандемия кезінде  фестиваль өткізілген жоқ. Елдегі қиын кезеңдер мен болған жағдайларға байланысты арасы үзіліп қалған бұл фестивальдің екінші тынысы 2023 жылы қайта ашылды. Ұлыстың ұлы күніне тұспа-тұс келуі театрға мерекелік көңіл күймен қатар, жаңа тыныс, өзшеге леп сыйлады. 

      Театр репертуарындағы 2023-2024 жылдары тұсауы кесілген жаңа қойылымдар қатысатын фестиваль Ұлыстың ұлы күнінде басталып, Халықаралық театр күнінде аяқталды. Фестивальде ең алғашқы болып кішкентай көрерменге арналған «Кішкентай ханзаданың оралуы» ертегісі әділқазылар алқасы мен кішкентай көрерменге ұсынылды. Фестивальдің ізін фестивальге қатысушы «Әпке» қойылымының алдында театр фойесіндегі көрерменге арналған ауызашармен жалғасып, ұлттық аспаптармен құрметті көрермен үшін әндер орындалып, күйлер шертілді. Сонымен қатар  фестиваль аясында театрда кітап көрмесі ұйымдастырылып, қазақы нақыштағы ұлттық киімдер мен әшекейлер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік көңіл күймен басталған театрішілік фестивальде наурыздың 23-27 күндері аралығында «Түкбілмес», «Бернарда Альбаның үйі», «Тойы көп үй», «Йерма», «Оптимистік трагедия» қойылымдары театрішілік сынға түсті. Әріптестер арасындағы жарыста жеңіске жетіп, үздіктердің арасынан алға шыққан жүлдегерлер лайықты марапаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Нақтылап айтсақ, «Үміт» жүлдесімен  «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Адела рөлі үшін Ұлжан Оразаева (200 000 тг) марапатталып, балалар қойылымындағы үздік бейне жүлдесін  «Кішкентай ханзаданың оралуы» спектакліндегі Ханзада рөлі үшін Айнұржан Орынбасарова (200 000 тг) және Ұшқыш рөлі үшін Нариман Егимбеков (200 000 тг) жеңіп алды. Ал Театр өнеріне қосқан үлесі үшін «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Бернарданың анасы, «Йерма» спектакліндегі Кемпір рөлдері үшін Күлжәмила Белжанова (200 000 тг), «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Понсия рөлі үшін Тынышкүл Сұлтанбердиева (200 000 тг), «Тойы көп үй» спектакліндегі Гүлшара рөлі үшін Хазима Нұғманова (200 000 тг) марапатталды.

Сондай-ақ Сағат Жылгелдиев атындағы арнайы жүлде  «Тойы көп үй» спектакліндегі Қали рөлі үшін Қуаныш Тұрдалинге (250 000 тг), Сейітхан Есенқұлов атындағы арнайы жүлде  «Тойы көп үй» спектакліндегі Заңғар рөлі үшін Сафуан Рысбайұлына  (250 000 тг), Жанат Хаджиев атындағы арнайы жүлде «Йерма» спектакліндегі Хуан рөлі үшін Елдар Отарбаевқа (250 000 тг)  табысталды.

Фестивальдің ерекше жүлделерінің бірі Әмина Өмірзақова атындағы арнайы жүлде – «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Бернарда рөлі үшін Гүлжамал Қазақбаеваға (250 000 тг), Екінші пландағы ер адам бейнесі - «Оптимистік трагедия» спектакліндегі Вайнонен рөлі үшін Мерей Әжібековке (250 000 тг), Екінші пландағы әйел адам бейнесі  «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Амелия, «Йерма» спектакліндегі Мария рөлдері үшін Динара Шымырбаеваға (250 000 тг)  табысталды. Ерекше ізденісімен көзге түскені үшін  Қасым Жәкібаев атындағы үздік ер адам бейнесі  «Оптимистік трагедия» спектакліндегі Сырылдақ рөлі үшін Мақсат Сәбитов (300 000 тг), Раиса Мұхамедиярова атындағы үздік әйел адам бейнесі «Йерма» спектакліндегі Йерма, «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Ангустиас рөлдері үшін Ақбота Рахат (300 000 тг)  лайық деп танылды.  

     Фестивальдің ерекшелігінің бірі – биыл мерейтойы тойланатын, аталмыш театрдың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, дамуына ұйытқы болған өнер иелерінің атындағы марапаттар табысталды.

 Мерей Алтынбек