Қазақстандық танымал актер Нұрлан Қоянбаев комедия жанрын бағаламай, өзінің киносын сынға алатындарға жауап қатты.
"Сайқымазақ Қоянбаев айтыпты": өнерпаз өкпесін айтты
5,666
оқылды

Өнер иесі тіпті сыйласып жүрген жандардың да өзі жайлы жаман сөз айтатынын естігенін жасырмады, – деп жазады Aikyn.kz.

Нұрлан Қоянбаев отандық киноны сынаудың орнына, барынша қолдау білдіруге шақырды.

"Мен осы жерде, комедия жанрында жұмыс істеп жатқан барлық әріптесіме алғысымды білдіргім келеді. Тек кино емес, сахнаға шығып, вайн түсіріп жүргеннің бәріне қолдау керек. Текті елдің ғана комедиясы бар, мықты Франция, Англия, АҚШ, Түркия, Корея және тағы басқа. Қазақстанда комедияның дамып келе жатқаны елдің мықтылығын көрсетеді. Тек мықты елде ғана адамдар бір-бірімен әзілдесе алады. Комедия жанры басын бастап берді, қазір шүкір басқа жанрдағы фильмдер де шығып, жақсы касса жинап жатыр", – деді Қоянбаев "Мархабат" бағдарламасында.

Кинопродюсер өзі жақсы сыйласатын жандар да еңбегін бағаламай жатқанын айтты.

"Комедия жанры кино саласындағы ең қиын кезеңді өтіп берді. Мұның бәрін өзіміздің қазақтар істеп отыр. Қазақтар осындай шыңға жетіп отырған кезде жоғарыда отырған ағаларымыздың біреуінен болсын жақсы сөз естиін десең, сыйлап жүргендердің өзі жаман сөз айтады. Бұған дейін сыйлап жүрген ағаларымыздың бірі "Өй, Қоянбаев деген сайқымазақ, Тұрсынбек деген сайқымазақ" деп айтыпты. Оған қарап тұрасың да кейде ренжисің", – деді актер.