Шараның мақсаты – қала тұрғындарының мінез-құлқының жаңа экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Астанада ерекше форматтағы экоакция өткізілді
892
оқылды

Елордада "Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" экологиялық акциясы аясында елордалық Президенттік саябақта кино көрсетілім өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

– Көктемнің жылы күнінде астаналықтар бір күнді отбасымен бірге өткізе алады. Балаларға арналған тегін бағдарлама ұйымдастырылды, оларға аниматорлар ойын өткізеді, аквагрим, сахнада сиқыршылар жұмыс істейді. Сонымен қатар «Хатико» фильмінің кешкі көрсетілімін ұйымдастырдық және кіре берісте көрпелер тараттық. Экологиялық акцияның бұл бастамасы баршамызды туған жерімізді таза ету мақсатында біріктіруге арналған, – деп атап өтті Есіл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Әли Жолтабар.

Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаттарының бірі – қала тұрғындарының мінез-құлқының жаңа экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Пикниктен кейін қонақтар саябақтың аумағын таза қылып, қоқыстарды жинап кетті.

– Біз бүгінгі күнге өте қуаныштымыз! Бұл – жағымды энергия мен қуанышқа толы өте жақсы сәт. Отбасымызбен экоакцияға қатыстық, іс-шараға қатысқан адамдар санының көптігіне таңғалдық. Маған балалар үшін аниматорлар, бет бояулары, сиқыршылар сияқты қызықты бағдарлама ұйымдастырылғаны ұнады. Олар басында қай жаққа қарарын білмеді. Осындай керемет пикник үшін ұйымдастырушыларға рахмет, – деді елорда тұрғыны Камила Төлемісова.

Кешке саябақ қонақтары үшін ашық аспан астында кино көрсетілімі ұйымдастырылады. Айта кету керек, экоакцияға 1000-нан астам адам келді.

Астанада "Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі"ауқымды экологиялық акцияның осы аптасы "Мөлдір бұлақ" деп аталады. Бұл аптада су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.