2 мыңнан астам адам аутизмі бар балаларды қолдап, Астанада өткен қайырымдылық марафонына қатысты.
Run for autism аяқталды
457
оқылды

18 мамырда Астанада «AMANAT» партиясы қалалық филиалының қолдауымен екінші  Run for autism  қайырымдылық марафоны өтті, – деп жазады Aikyn.kz.

Жиналған 13 млн теңгеге жуық қаражат балабақшаларда аутизм және басқа ментальді бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағытталады. 

Қайырымдылық жарыстың мақсаты – аутизм туралы жұртшылықтың хабардарлығын арттыру, аутизмі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың әлеуметтенуі және өз қабілеттерін жүзеге асыруы үшін жағдай жасау.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда аутистикалық спектрінің бұзылыстары бар 16 700 бала болса, оның 3 479-ы елордада тұрады. ДДҰ деректеріне сәйкес, әлемдегі әрбір 54-ші балада аутистикалық спектрдің бұзылуы бар. 

2015 жылдан бері «Болашақ» қоры Қазақстанның 22 қаласында мектептер мен балабақшаларда 57 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 800-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды.

Марафон 1 шақырым, 2,5 шақырым, 5 шақырым және 10 шақырым – төрт қашықтық бойынша өтті. Қатысу бағасы 5 990 теңгеден бастап 8 990 теңгеге дейін болды. Қайырымдылық жарысқа Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Орал, Өскемен, Қызылорда, Көкшетау, Екібастұз, Степногор, Талдықорған, Шахтинск, Ақтөбе, Семей, Арқалық, Атырау, Қостанай қалаларынан барлығы 2 330 адам қатысты. Марафонға кәсіби және әуесқой спортшылар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар, дамуында ерекшеліктері бар 120 бала, ата-аналар және т.б. қатысты.

Мәреге жеткен барлық қатысушылар естелік медальдарға ие болды, ал әр қашықтық бойынша жеңімпаздар дипломдармен, медальдармен марапатталды.

Іс-шара шегінде аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эстафетасы өткізілді.

 Run for autism – бұл аутизм бойынша зерттеулерді қолдау үшін қаражат жинауға арналған халықаралық бастама.

Қазақстандағы  Run for autism  қайырымдылық марафоны 2023 жылғы 27 сәуірде алғаш өткізілген еді. Іс-шараға республикамыздың 7 қаласынан 1 100-ден астам адам, оның ішінде даму ерекшеліктері бар  96 бала қатысты. 

Марафон қорытындысы бойынша 7 млн теңге қайырымдылық қаражат жиналды. Жиналған қаражатқа «Болашақ» қоры Астана қаласындағы №54, №60 және №66 балабақшаларында үш инклюзияны қолдау кабинетін жабдықтады. 

Аутистикалық спектрінің бұзылыстары бар 18 бала осы кабинеттерде дәріс алады.