18 мамырда Астанада екінші Run for autism қайырымдылық марафоны өтті. Іс-шараның мақсаты – аутизм туралы жұртшылықтың хабардарлығын арттыру, аутизмі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың әлеуметтенуі және өз қабілеттерін жүзеге асыруы үшін жағдайды қамтамасыз ету.
Run for autism: шарапаты мол шара
387
оқылды

Жиналған 13 млн теңгеге жуық қаражат балабақшаларда аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағытталады. Іс-шараны «Болашақ» корпоративтік қоры Астана қаласы әкімдігінің және серіктестерінің қолдауымен ұйымдастырды.

Жүгіріс 1 шақырым, 2,5 шақырым, 5 және­­­­ 10 шақырым – төрт қашықтық бо­й­­ын­ша өтті. Қатысу бағасы 5 990 теңгеден бас­­­тап 8 990 теңгеге дейін болды. Мара­фон­ға Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Орал, Өскемен, Қызылорда, Көкшетау, Екібастұз, Степногорск, Тал­ды­­­қорған, Шахтинск, Ақтөбе, Семей, Арқа­­лық, Атырау, Қостанай қалаларынан барлығы 2 330 адам қатысты. Шараның құрметті қонағы және жарысқа қатысушы Қазақстан Респуб­­ликасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев болды. 

– Run­­­ for Autism – жай спорт жарысы емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қол­­дауға және ауылдарымыз бен қала­­­­­­­­­­­­­­­­­­­лары­­­­­­­­­мызда­­ инклюзивті орта қал­ып­тастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгін біз осы жарыс арқылы еліміздегі әр балаға ерекше қажеттілігіне қарамастан білім алып, дамуы үшін тең мүмкіндіктер беру жолында тағы бір маңызды қадам жасап отырмыз. Баршаңызды осындай игі бастаманы қолдауға, әр баланың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасал­ған инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосуға шақырамын, – деген Мәулен Әшімбаев жарысты ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Жарысқа кәсіби спортшылар, бочча бойынша параспортшылар, ым тілі спорт­­­шылары, әуесқойлар, ерекше бала­лармен жұмыс істейтін мамандар, 120-дан­­ астам ерекше қажеттіліктері бар ба­ла­­лар, ата-аналар және т.б. қатысты. Алматы, Ақтау, Екібастұз, Орал, Қарағанды, Петропавл, Қосшы және т.б. қалаларынан 24 адам марафонға онлайн қатысты.

Мәреге жеткен барлық қатысушы ес­те­­­лік медальдарға ие болды, ал әр қа­шықтық бойынша жеңімпаздар ди­п­ломдар мен медальдармен мара­пат­талды. Әрбір жүгірушіге шоппер, фут­болка, жүгіріске арналған нөмір, ұтыс ойыны үшін нөмірі, тамаққа талон, бағдарлама және спорттық батончиктен тұратын жинақ табысталды.

Іс-шара аясында аутизм және даму­ында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старт» спорттық-ойын эстафетасы өткізілді. Оған аутизм бар, психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, Даун син­дромы бар және т.б. 5-14 жас аралы­ғын­дағы 100-ден астам бала қатысты. Эстафета аяқталған соң бала­­ларға медаль және іс-шара серік­тес­терінен сыйлық табысталды. 

«Run for autism – аутизм бойынша зерттеулерді қолдау үшін қаражат жинауға арналған халықаралық бастама. Олар әртүрлі форматтарда өткізіледі: марафон, жартылай марафон, триатлон, жүгіріс және т.б. Бұл іс-шара әлемнің ең ірі қалаларында өткізіледі: Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Чикаго, Питсбург және т.б. Біздің қор бұл халықаралық тәжірибені алғаш рет елімізде енгізді. Былтыр біз алғашқы Run for autism жүгірісін өткіздік. Жиналған қаражатқа біз елорданың балабақшаларында үш инклюзияны қолдау кабинетін жабдықтадық. Бір кабинетті жабдықтауға шамамен 2 млн теңге жұмсалады. Бұл сомаға ерекше балалардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға арналған жиһаз, оргтехника және көмекші оқыту материалдарды сатып алу кіреді. Бүгін жиналған қаражатты да біз балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағыттаймыз. Өйткені инклюзияны ерте жастан бастаған жөн. Бұл жағдайда менталдық бұзылыстары бар баланың болашақта сәтті оқуға және әлеуметтенуге мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Осындай ауқымды шараға қолдау көрсеткен демеушілеріміз бен серіктестерімізге алғысымыз шексіз. Жыл сайын жарысқа қатысушылардың саны артып келеді, бұл – ақпарат көбірек адамға таралады деген сөз. Біз қоғамның барған сайын ашық болып келе жатқанына қуаныштымыз. Біз мүмкіндігінше көп адамның аутизм туралы көбірек білсе, ал инклюзия мәселелері барлық деңгейлерде шешілсе дейміз», – деді «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесі төрайымы Динара Гаплан. 

2015 жылдан бері «Болашақ» қоры Қазақстанның 22 қаласында мектептер мен балабақшаларда 57 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Аутизм және дамуын­да басқа да ерекшеліктері бар 800-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алғанын айта кеткеніміз жөн.

Жарысқа 50-ден астам компания мен ұйымның қызметкерлері, оның ішінде инклюзивті білім беру саласындағы қызметкерлер қатысты. АВА-терапевт Алмас Ақан даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Тамшылар» бала­ларды дамыту орталығынан әріп­тес­терімен бірге жүгіріске қатысты: 

«Мен жүгіріске бірінші рет қатысып отырмын. Мен үшін осы марафонға қатысу – бұл тақырыпқа адамдардың назарын аудартудың, аутизм қиын­дық­тары­мен күнделікті бетпе-бет келген жандарға қолдау көрсетудің, AСБ бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарта алатын білімнің таралуына көмектесудің тәсілі. Мен өз жұмысымда дамуында ерекшеліктері бар балаларға жағымсыз мінез-құлықпен күресуге, басқалармен қарым-қатынас жасауға және өзара әрекеттесуге көмектесемін. Біз дәлел­денген әдістерді қолданамыз және бала­лар күнделікті тапсырмаларды жақ­сы­рақ орындай алуы үшін отбасымен және басқа мамандармен бірлесе жұмыс іс­тейміз», – деді ол.

Астана тұрғыны Амангелді Дощанов­тың жасы 81-де, ол – осы марафонның ең жасы үлкен қатысушысы. Амангелді ата 10 шақырым қашықтыққа тіркелген екен.

«Бүгін мен өзімді, өз күшімді сынап көргім келеді. Біз бәріміз қай жаста бол­сақ та дұрыс әрі толық өмір жасауымыз үшін өз денсаулығымыздың қадірін біліп, өзі­мізге қарауымыз тиіс. Әртүрлі елдердің 70, 80, 90 жастағы қарттары өздеріне жат­тығу­­лар қолданып, ел-жұрт қатарында жасайды. Біздің қазақ елінде де осындай жандар бар. Әрине, мен аутизмі бар балаларға қолдау көрсеткім келеді», – деді­ ақсақал. 

Run for Autism қайырымдылық жары­сы қорытындыланған соң қатысу­шыла­рдың барлығы «Таза Қазақстан» акция­сына қолдау көрсетті. Олар спортшылар жүгіріп өткен жолдар мен айналаны қо­қыс­­тардан, қағаз бен басқа да пластик бұйымдардан тазартты.

Айта кетейік, сәуір айының басынан бастап елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты эко­акциясы өтіп жатыр. Ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және кәдімгі кәріз желілері, көше­лерді, тротуарларды, кварталішілік ау­мақ­тарды, қоғамдық кеңістіктер мен ау­ла­­ларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ жасыл желектерді кү­тіп-баптау және отырғызу, сауда объектілеріне ір­гелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүл­зарларды орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүр­­гізіліп жатыр.

Наурызбек САРША