Турнир Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Senat Open шахмат турниріне іріктеу өтті
aigak.kz
1,137
оқылды

Павлодарда шахматтан «Сенат Опен» турнирінің іріктеу кезеңі өтті,- деп хабарлайды Aikyn.kz. Турнир Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. 

Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен және ҚР Парламенті Сенатының бастамасымен SENAT OPEN турнирі ұйымдастырылды. Іріктеу турниріне облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, Шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко, облыс әкімі аппаратының басшысы, өңірдің түкпір-түкпірінен аудандық және қалалық, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам және БАҚ өкілдері бақ сынады. Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченконың айтуынша, шахмат ойыны зияткерлік әлеуеттікті арттыруға айрықша серпін бермек. Жарыс қатысушыларына алғысын айта отырып, нағыз үздіктер жеңіске жетуіне тілегін білдірді.

- Дәл осындай іс-шараларда қоғам қайраткерлерінің де арамызда табылуы маңызды. Бұл біздің ұйымшылдықты, жақсы қарым-қатынасымыздың дәлелін айқындай түседі. Сондықтан шахмат турнирі жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, үздіктер жеңіс тұғырынан көрінсін,- дейді облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко.

SENAT OPEN турнирінің басты мақсаты - шахматты насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу. Айта кетейік, биыл Қазақстан мәслихатының құрылғанына 30 жыл. Сондықтан стратегиялық ойлау қабілетін дамытатын іс-шараларды өткізудің маңызы зор.

- Павлодардан шахматтан жоғары жетістіктері бар спортшылар өте көп. Бұл ойынға, әсіресе жастарды көптеп тарту керек екендігін атап өткім келеді. Денеге жаттығу жасаған сияқты, ми жұмысы да жаттығуды талап етеді. Ерте жастан бастап бала шахматқа қатысса, өсе келе қандай әрекет жасау қажет екенін бағамдай біледі,-дейді Шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.

Шахмат турниріне қатысушылардың бірі Ақсу қалалық мәслихат төрағасы. Оның айтуынша, шахмат ойындарын кеңінен насихаттап, миға қозғау салатын спорттық ойындарды жиі өткізген дұрыс. Осы ретте Ақсу қаласынан 10 адамнан құрылған команда қатысты.

- Шахмат деген интеллектуалды ойын ғой, балаларға немесе үлкендерге болса да өте жақсы, ойлауды дамытады. Біз көп ойнамаған кісілер кездесіп, дайындалдық, үлкендерден тәжірибе алмастық,- дейді Ақсу қалалық мәслихат төрағасы Мәдениет Омарғалиев.

Ойын жылдам шахмат бойынша өтті. Яғни, тез ойлап, жедел шешім қабылдау керек. Әр ойынға 10 минут берілді. Турнир нәтижесінде 100-ден астам қатысушыдан 25-і іріктеліп, жартылай финалға қатысу мүмкіндігіне ие болды.