Кездесу барысында тараптар әйелдердің елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын арттыру, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, инклюзивті қоғамды дамыту және т.б. мәселелерді талқылады.
"AMANAT" Әйелдер қанаты: Қазақстан мен Өзбекстан гендерлік күн тәртібінде тәжірибе алмасты
1,054
оқылды

Өткен аптада «AMANAT» партиясының делегациясы Ташкент қаласына барып, кәсіпкерлер мен іскер адамдар қозғалысының өкілдерімен – Өзбекстанның либералды-демократиялық партиясымен (ӨзЛиДеП) кездесті. Кездесу барысында тараптар әйелдердің елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын арттыру, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, инклюзивті қоғамды дамыту және т.б. мәселелерді талқылады.

«AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының төрағасы, партия хатшысы Шолпан Каринова атап өткендей, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқықтарын қорғау және отбасылық құндылықтарды нығайту әрдайым Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назарында.

«Өткен жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық гендерлік алшақтық индексінде 146 елдің ішінде 62-орынды иеленді. Бұл білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы айтарлықтай ілгерілеуді көрсетеді, сонымен бірге саяси және экономикалық салаларды жақсарту қажеттілігін аңғартады. Өткен айда біздің Президент әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға қол қойды. Заң Әйелдер қанатының «Әйелдер зорлық-зомбылыққа қарсы» басымдығы шеңберінде «AMANAT» партиясы атынан Мәжіліс депутаттарымен әзірленді. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізілді», - деді ол.

Шолпан Каринова сондай-ақ ҚР Президентінің Жолдауы мен оның сайлауалды бағдарламасы, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қазақстанда бақытты ана мен бала үшін жағдай біртіндеп жақсарып келе жатқанын айтты. Атап айтқанда, бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды, көпбалалы аналарға жәрдемақылар ұлғайтылды, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балабақшаларда тегін тамақпен 100 мыңнан астам бала қамтылды, ал осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы басталды.

«Біз гендерлік теңдікті орнату стратегиясын белсенді түрде енгізіп жатырмыз, әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге толыққанды қатысуы үшін жағдай жасаймыз. Бізде Қазақстанда әйелдер көшбасшылығын ілгерілетуге бағытталған Tomiris жобасы бар. 2010 жылы мәслихаттардағы әйел депутаттардың үлесі небәрі 10%-ды құрады, 2022 жылы бұл көрсеткіш 30%-ға жетті. Сондай-ақ 2022 жылы жобаға қатысқан 37 әйелдің 12-сі түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары болып сайланды», - деді «AMANAT» партиясының хатшысы.

Өз кезегінде, Өзбекстан либералды-демократиялық партиясы Саяси кеңесінің әйелдер мәселелері жөніндегі атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Мавлудахон Ходжаева қазақстандық делегацияны ӨзЛиДептің негізгі бағдарламалық идеяларымен, партияның қазіргі жағдайымен, «Әйелдер қанатының» бағдарламалық міндеттерін іс жүзінде іске асырумен, сондай-ақ одан әрі партиялық жұмыстың перспективалық бағыттарымен таныстырды.

«Өзбекстан мен Қазақстан ортақ тарихи мұрамен, мәдени және рухани құндылықтармен байланысты жақын және сенімді серіктестер ретінде мемлекетаралық ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша айтарлықтай ілгерілеуді көрсетуде. Өзбекстанда әйелдерге қатысты мәселелер мемлекеттік саяси деңгейде қаралуда. Сонымен қатар соңғы жылдары бұл бағыттағы жетістіктерді тек халық қана емес, халықаралық қауымдастық пен ұйымдар да көріп отыр. Қазіргі уақытта «Әйелдер қанаты» жобасы «Өзбекстан – 2030» стратегиясы мен партия бағдарламасы аясында 20-ға жуық жобаны жүзеге асыруда», - деді ол.

Жиынға сондай-ақ Олий Мәжілісінің заң шығару палатасының депутаты Гүлшана Худоярова және Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова қатысты.

 

Кездесу соңында тараптар партияаралық диалогті белсенді нығайтуға уағдаласты, сондай-ақ екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты. «AMANAT» партиясының хатшысы және ӨзЛиДеП Саяси кеңесінің әйелдер мәселелері жөніндегі атқарушы комитеті төрағасының орынбасары осындай кездесулерді тұрақты өткізу қажеттігіне сенім білдірді.