Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, мамырдың 15-22 аралығында ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында Нанвань гидробекет маңында су деңгейі көтерілген.
Шығыс Қазақстандағы гидробекетте су деңгейі көтеріліп кетті
Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі
1,287
оқылды

Шығыс Қазақстан облысындағы гидробекетте су деңгейі көтеріліп кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, мамырдың 15-22 аралығында ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында Нанвань гидробекет маңында су деңгейі көтерілген. 21 мамыр сағат 20:00-дегі жағдай бойынша судың шығын көлемі 2070 м3/с құраған.

Осындай жағдай бұдан бұрын 2013 және 2016 жылдары тіркелген. Бұл аумақта ағып жатқан Буыршын өзені трансшекаралық Қара Ертіс өзеніне, ал Қара Ертіс Зайсан өзеніне құяды. Марқакөл ауданының Боран ауылында орналасқан гидробекеттегі көрсеткіш бойынша Қара Ертіс өзенінің деңгейі 543 см құрап отыр. Бұл қауіпті деңгейден 18 см-ге жоғары.

«Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі және ТЖД жағдайды бақылауға алып, шұғыл шаралар қолдану үстінде. Жергілікті жерде атқарушы билік, полиция және прокуратура органдары алдын ала ескертілді. Ауылдың төменгі тұсында өткен жылы ұзындығы 400 метр, ал биіктігі 675 см болатын бөгет салынған. Бөгеттің биіктігі қазірде қауіпті деңгейден 1,5 метр жоғары болғандықтан, әлі де 70 см-ге жуық аралық бар», – делінген хабарламада.

Қара Ертіс өзенінің деңгейі әр 4 сағат сайын өлшеніп, тәулік бойы бақылау ұйымдастырылды. Ауыл маңындағы ұзындығы 60 метр болатын бөгетті күшейту жұмыстары жүргізілуде. Елді мекен тұрғындары ескертіліп, төтенше жағдай туындаса оларды уақытша орналастыру орындары әзірленді. Әзірге бөгетті күшейту жұмыстарына 11 адам және 7 техника тартылған.

«Боран ауылына жақын маңдағы Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Үлкен Нарын аудандарынан қосымша техника мен мамандар жұмылдырылуда. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Жағдай бақылауда», – делінген ақпаратта.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.