Шақыртуға барған ақ халаттылар науқастың жағдайын тексеріп, ауруханаға барудың қажеті жоқ екенін түсіндірген.
Алматыда жедел жәрдем қызметкерін ұрған адамдардың үстінен іс қозғалды
Фото: orda.kz
1,225
оқылды

Алматыда шақыртуға келген жедел жәрдем қызметкерлерін үй иесі ұрып, пәтерінен шығармай қойған. Фельдшер болған оқиғаны видеоға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшаларда бөліскен, – деп хабарлайды Aikyn.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 21 мамыр күні таңғы уақытта болған. Шақыртуға барған ақ халаттылар науқастың жағдайын тексеріп, ауруханаға барудың қажеті жоқ екенін түсіндірген.

Алайда мас күйде болған үй иесі пәтерінің есігін іштен құлыптап, жедел жәрдем қызметкерлеріне қол жұмсаған.

– 21 мамыр күні сағат 07:23 шамасында 103-ке шақыру келіп түскен және ол бойынша №4 қосалқы станцияның жедел жәрдем бригадасы жіберілген. Бригада қызметкерлерінің айтуынша, фельдшерлер екі күн бұрын қолынан жарақат алған науқасты тексеріп, оған шұғыл түрде ауруханаға жатудың қажеті жоқ екенін айтқан. Алайда бұл ескертуге пәтерде болған өзге тұлға көнбей, бригада қызметкерлерін балағаттап, қол жұмсаған. Сонымен қатар пәтердегі адамдар есікті кілттеп, фельдшерлерді үйден шығармады. Оқиға орнына 102 арқылы патруль шақырылды, содан кейін ғана медицина қызметкерлері пәтерден шыға алды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарына шағым жазылды, – деп хабарлады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен.

Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған жағдай бойынша 3 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Полиция қызметкерлері үш құқық бұзушыға қатысты ұрып-соғу, спирттік ішімдіктерді ішу, тыныштықты бұзу және тіркеусіз тұру фактілері бойынша іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Іс шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі, – деп хабарлады Полиция депаратаментінен.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.