Күні кеше «Қорғас» кеден бекетінде кезекті кедендік тексеру кезінде Қазақстан азаматынан жасырылған 83 қаптама дәрі-дәрмек табылып, ұсталды.
«Қорғас» кеден бекеті: Тыйым салынған дәрілер табылды
www.istockphoto.com
924
оқылды

Бұл туралы «Қорғас» кеден бекетінің баспасөз қызметі Aikyn.kz-ке хабарлады.

Тыйым салынған дәрілер табылды

26 мамыр күні Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығы «Қорғас» кеден бекетінде кезекті кедендік тексеру кезінде Х. есімді Қазақстан азаматынан кедендік тексеруден жасырылған 83 қаптама (бір қаптамада 50 дана) дәрі-дәрмек табылып, ұсталды. Қазіргі уақытта аталмыш фактілер бойынша табылған дәрілердің химиялық құрамын анықтау мақсатында сараптамаға жіберу және әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр.

Темекіні жасырамын деп торға түсті

Қазіргі уақытта шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы «Қорғас» кеден бекеті арқылы тауар тасушылардың ішінде акциздік тауарлар құрамына жататын темекі өнімдерін тасушылар саны азаймай отыр. Және мұндай тауар тасушылардың барлығы темекіні заңсыз түрде алып өтуге тырысады. Себебі заңды түрде кедендік ресімдеуден өтетін болса, оның өзіндік құны (қосымша құн салығы, акциз және кедендік алымды қосқанда) бірнеше есеге артатыны белгілі. Атап айтсақ, жыл басынан бері аталған кеден бекетінен кеден заңын бұзу арқылы темекі өнімдерін алып өтудің 8 фактісі тіркелді. Ал биыл 25 мамырда, сағат 15:00-де мемлекеттік нөмірі «879 AG ГРНЗ» жеңіл автокөлігін кедендік тексеру кезінде, көліктің ішінен «OSCAR», «ESSE»  маркалы 2161 блок темекі өнімдері, сондай-ақ 25-і күні тағы да кезекті кедендік тексеру кезінде М. есімді Қазақстан азаматынан кедендік тексеруден жасырылған «MILANO», «MAC» маркалы 205 блок темекі өнімдері тәркіленді. Қазіргі уақытта аталмыш фактілер бойынша кеден заңын бұзушыларды әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып отыр.

Валюта тәртібін бұзушылар

Бүгінгі күні кеден тәртібін бұзудың кең таралған түріне заңсыз валюта алып өту фактісі жатады. Мысалы, биыл төрт айы ішінде ШМХЫО (МЦПС) арқылы өтетін туристер мен жолаушылардан заңсыз валюта алып өтудің 17 фактісі тіркеліп, нәтижесінде 90 миллион теңге, 850 мың ресей рублі, 35 530 АҚШ доллары табылды. Мысалы, сонымен қатар биыл 25 мамыр күні жолаушылар терминалында кезекті кедендік тексеру кезінде екі Қазақстан азаматынан кедендік тексеруден жасырылған 11 019 500 теңге табылып, тәркіленді. Ал кеден заңы бойынша валюта алып өту тәртібі бір адамға сол күнгі доллардың бағамы бойынша 10 мың доллардан аспауы керек. Екі азамат та кеден заңын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік-құқық бұзу кодексінің 551-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.

Ұялы телефонмен ұятқа қалды

Жалпы кеден заңын бұзушылардың ішінде ерлердің де, әйелдердің де саны аз емес. Биылғы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша, әшкере болған әкімшілік-құқық бұзу фактілерінің ішінде әйелдер саны басым екені байқалады. Мысалы, 25 мамыр күні жолаушылар терминалындағы кезекті кедендік тексеру кезінде Р. есімді Қазақстан азаматынан кедендік тексеруден жасырылған 25 дана «REDMI» маркалы ұялы телефон алынды. Кеден заңы бойынша, ұялы телефондар алып өтуге шектеу қойылған (айына екі дана ғана ұялы телефон алып өтуге рұқсат) тауар тізіміне жатады. Қазіргі уақытта ұсталған телефондардың кедендік құнын анықтау, тиісті шешім шығару және әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін уақытша сақтау қоймасына қойылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.