АҚШ – әлемдегі ең үлкен державаның бірі. Оған білім алу үшін де, жұмыс істеу үшін де баратын жас пен жасамыс, қарт пен қартамыс көп.
Нұрбек Рахманқұлұлы: «Болашақтың» стипендиясы күнкөріске жетпейді
1,254
оқылды

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нұрбек Рахманқұлұлы – АҚШ-та білім ала жүріп, өз саласы бойынша еңбек еткен сондай жастың бірі, Болашақ бағдарламасының түлегі. Күні кеше АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы беделді оқу ордасы Питтсбург университетін «мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша тәмамдады. Оқи жүріп, АҚШ-тағы мемлекеттік органда жұмыс істеген. Оның сөзінше, АҚШ-тағы екі жылдық өмір ішкі рухани әлеміне көп өзгеріс әкелген. Нұрбек Aikyn.kz-ке осы уақыт аралығында білгені мен түйгенін, АҚШ-тағы өмір, білім, құндылық, азаматтардың қауіпсіздігі туралы айтып берді.

– Нұрбек, жуырда Болашақ бағдарламасы арқылы «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша Пенсильваниядағы Питтсбург университетінде білім алып, магистр атандың. Әрине, бұл – үлкен қуаныш. Сені шын жүректен құттықтаймын! Сұхбатымыздың басын осы өзің оқыған оқу орны, АҚШ-тағы өмір жайлы әңгімеден бастасақ деп едім. Жалпы шеттегі 2 жылдық өмір, білім саған не берді немесе нені өзгертті дер едің?

– Иә, АҚШ-тағы екі жылғы оқу және өмір менің көзқарастарыма едәуір ықпал етті. Белгілі бір дәрежеде көп дүниені өзгертті деп айта аламын. Ең алдымен, Питтсбург университетінде мемлекеттік басқарудың жаңа әдістері мен стратегияларын оқып, осы салада инновациялық және икемді тәсілдерді енгізудің маңызын түсіндім. Қазіргі заманауи талаптар, жедел жауап беру, өзгермелі жағдайларға бейімделу қабілеті менің кәсіби қызметімнің шеңберіндегі өмірлік қажетті дағдыға айналды.

Көпмәдениетті ортада оқу көптеген жаһандық мәселе мен оларды шешу жолына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Әртүрлі елдің студенттерімен, мәдениет өкілдерімен қарым-қатынас жасау таным көкжиегімді кеңейтіп, пікір мен көзқарастың алуантүрлілігін бағалауға үйретті. Шынында, бұл нәрселер бізге аса қажет екенін қатты сезіндім. Себебі бұл сыни ойлауды, жағдайды жан-жақты талдау және салмақты пайымдар жасау қабілетін дамытуға көмектеседі.

Сонымен қатар американдық білім беру жүйесі студенттердің өзіндік білім алуы мен талдау қабілетін ынталандыруға, арттыруға негізделгені белгілі. Оқыту әдістемесі материалды терең ойластыруға, адамның өз қорытындысын қалыптастыруға және дәлелді пікірталас жүргізуге итермелейді. Бұл интеллектуалдық мүмкіндіктеріме сенімділігімді едәуір арттырды. Соның арқасында күрделі кәсіби міндеттерді шешуге дағдыландым.

Жалпы алғанда, АҚШ-тағы өткізген екі жылым менің жеке дамуыма және кәсіби деңгейімді жетілдіруіме кешенді ықпал еткен бағалы тәжірибе болды. Жаңа көзқарастар қалыптастырды, көкжиегімді кеңейтті. Осының бәрі жинала келе, менің болашақта «жаңа буындағы басқарушы-маман» болып қалыптасуымда маңызды рөл атқарады деп сенемін.

– Мамандық пен оқу орнын таңдар кезде көп таңдау болды ғой. Неге дәл сол «мемлекеттік басқару» мамандығын, Питтсбург университетін таңдадың?

– Питтсбург университетін және «Мемлекеттік басқару» мамандығын таңдау бірқатар маңызды факторларға байланысты болды. Ең алдымен, Питтсбург университеті – саяси ғылымдар саласында өте жоғары рейтингі бар дүниежүзіндегі жетекші оқу орындарының бірі. Бұл университеттің мемлекеттік басқару және халықаралық қатынастар мектебі өте білікті профессор-оқытушылар құрамымен танылған. Оқытушылар арасында БҰҰ, Дүниежүзілік банк және басқа да беделді халықаралық ұйымдарда бай тәжірибесі бар сарапшылар жетерлік. 

Осы университетте білім алып жатқан әртүрлі елдердің өкілдерімен берік кәсіби байланыс желісін құру мүмкіндігі тағы бір маңызды себеп болды. Бұндай әлемдік жетекші университеттердің түлектері өз мемлекеттерінде болашақта лауазымды қызметтер атқарып жатады. Бұл халықаралық ынтымақтастық үшін көптеген мүмкіндік ашады.

Сонымен қатар Питтсбург қаласы – студенттер үшін қаржылық тұрғыдан қолайлы. Үлкен білім беру орталықтарымен танымал қала. Қала халқының шамамен жартысын осындағы университеттерге бүкіл әлемнің әр жағынан келген студент жастар құрайды. Мұндай атмосфера бәсекеге толы академиялық орта қалыптастырады.

Аталған факторлардың бәрі: жоғары рейтинг, білікті оқытушылар құрамы, халықаралық желілер құру мүмкіндігі, Питтсбургтің қолайлы студенттік ортасы мені осы жетекші оқу орны мен «Мемлекеттік басқару» мамандығын таңдауға себеп болды.

– Мамандық жайлы сөз болғаннан кейін, ғылыми зерттеуің жайлы да сұрағым келіп отыр. Магистрлік диссертацияңның тақырыбы не? Және оның қандай ғылыми жаңалығы бар?

– АҚШ-тағы жоғары оқу орындарында магистранттар дәстүрлі диссертация орнына жиі капстон-жоба атқарады. Мен де осыдан өттім. Өзімнің негізгі Әлеуметтік Қызметтер Департаментіндегі жұмысымнан бөлек, капстон-жобам бойынша West Hub View атты мемлекеттік емес ұйымда консультант болып жұмыс істедім. Менің міндетім олардың ұсынған түрлі бағдарламаларын зерделеу, күшті және әлсіз жақтарын талдау болды. 

Зерттеуім нәтижесінде, капстон-жобамның қорытынды тапсырмасы ретінде әріптесіммен бірге кеңінен баяндалған есеп дайындадым. Мұндай капстон-жобалардың негізгі идеясы – оқу мен болашақ кәсіби қызметтің байланыстырушы буыны ретінде қызмет етуі. Капстон оқу барысында алған білімді нақты жағдайларда қолдануға және түлектің оқудан кейінгі нақты жұмыс туралы бағыт алуына мүмкіндік береді.

West Hub View ұйымының нақты мәселелері мен жағдайларына қолданыстағы әдістемелерді шығармашылықпен бейімдеуді талап етті. Бағдарламалардың күшті және әлсіз жақтарын сауатты талдау, оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу менен инновациялық ойлау және дағдылы шешімдер қабылдауды қажет етті.

– Оқудан бөлек АҚШ-та 1 жылдай әлеуметтік қызметтер департаментінде жұмыс істепсің. Аталмыш департаментте қандай позицияда жұмыс істедің? Сенің атқарған негізгі ісің қандай еді?

– Иә, АҚШ-тағы жергілікті басқару саласында мамандығым бойынша жұмыс істедім. Алдымен қауіпсіздік менеджменті бойынша тәжірибеден өттім, содан кейін басшылық Қазақстанға кеткенше осында жұмысқа қалуға мүмкіндік берді. Менің негізгі міндетім қауіпсіздік мәселелерімен айналысу болды. АҚШ-та жиі жаппай атыс (mass shooting) оқиғасы орын алады. Біздің қаламызда да осындай оқиғалар болған.

Бұдан бөлек департаментіміздің қызметкерлері отбасылық мәселелермен көп айналысады. АҚШ-та ата-ана құқығынан айыру жағдайы жиі кездеседі. Қызметкерлеріміз осындай жағдайлармен айналысқанда, ата-аналық құқықтан айырылған ата-аналар біздің қызметкерлерге жиі қауіп төндіреді. Олар ата-ана құқығынан айырылуына өздерінің жауапсыздығы емес, біздің қызметкерлер кінәлі деп есептеп, департамент қызметкерлеріне «сендерді жаппай атып тастаймын, қазір соған дайындалып жатырмын» деген секілді қауіп-қатер төндіреді. Біздің бөлім, соның ішінде мен, мұндай қауіп-қатерлерді болдырмау, осындай сәтте қалай әрекет ету керегі бойынша жұмыс істедік. Негізінен біз қызметкерлерімізге арналған оқыту семинарларын өткіздік, қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттық материалдар дайындадық.

Сонымен қатар төтенше жағдайларды басқару және менталды денсаулық бойынша да тренинг-семинар ұйымдастырдық. Мысалы, қауіп-қатерлерге жедел жауап беру бойынша оқытулар, қауіп-қатер кезіндегі жүрек-өкпе реанимациясы, алғашқы көмек көрсету, автоматты дефибрилляторларды пайдалану бойынша сертификаттау курстары, эвакуациялау бойынша жаттығулар және тағы басқа жұмыстар ұйымдастырдық.

– Жұмыс барысында қандай да бір кедергілер болды ма?

– Атап айтарлықтай кедергілер болған жоқ. Қызметім біздің департаменттегі жақсы қалыптасқан қауіпсіздік хаттамалары мен қызметкерлерге арналған үнемі жетілдіру семинарлары арқасында салыстырмалы түрде қолайлы болды. Алайда адамдармен жұмыс істейтін кез келген салада өзіндік қиындықтар мен сын-тақырыптар болады. Бірақ олар сипаты бойынша маңызды емес деп ойлаймын. Ондай адами мәселелер жұмыс тәртібімен тіпті байқалмай кетеді. Жалпы алғанда, жұмыс қолайлы болды, ал міндеттер уақытылы және сапалы орындалды деп сенемін.

– Ал ол жақта оқу мен жұмысты үйлестіру қиын ба?

Иә, әрине, қиындық бар.  Оқу мен жұмысты үйлестіру, шынымен, оңай емес. Алайда мен толық емес жұмыс күнімен (part-time) жұмыс істедім. Сондықтан, шүкір, оқуға да, кәсіби міндеттерімді орындауға да үлгере алдым. Бірақ отбасылық өмірге көп уақыт бөле алмадым деп ойлаймын. Мұндай қиын кезеңде үлкен төзімділігі мен қолдауы үшін әйеліме ризамын.

Оқу мен жұмысты тиімді үйлестіру үшін адам өзін-өзі жоғары тәртіпке, уақытты оптималды басқаруға және басымдықтарды дұрыс анықтауға қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Жұмыс, оқу, жеке өмірге арналған күш пен уақытты дұрыс бөлу қажет. Бұл негізі кәсіби күйіп кету (выгорание) немесе отбасын елемей өмір сүруден сақ болу үшін қажет.

Әрине, шаршау мен күйзеліске түскен сәттер болады. Бірақ алдыма қойған мақсатымның маңыздылығын түсіну мен келіншегімнің қолдауы маған алға жылжуға көмектесті. Сол кезеңдерде өмірдің әртүрлі саласынан тәжірибе жинақтап келе жатқаныңды түсіне екенсің. Жалпы бұл маған жақсы тәжірибе болды және мінезімді дұрыс жағынан жетілдірді.

– АҚШ-тағы мемлекеттік қызмет пен Қазақстандағы мемлекеттік қызмет саласында қандай айырмашылық не ұқсастық бар? Ол жақта мемлекеттік қызмет мәдениеті деген ұғым қаншалықты сақталған?

АҚШ пен Қазақстандағы мемлекеттік қызметтегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарға кейбір параллельдер мен салыстыруларды жүргізіп көрейін. Америкалық жергілікті департаментте жұмыс істеу тәжірибем мен Қазақстандағы мемлекеттік қызмет туралы білімім негізінде ұқсастықтар мен айырмашылықтар деп мыналарды айтуға болады деп ойлаймын:

Ұқсастықтар:

1. АҚШ-та да, Қазақстанда да мемлекеттік қызметті, оның қағидаттарын, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін реттейтін нақты заңдар мен нормативтік актілер бар.

2. Екі елде де шенеуніктердің қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне қызмет етуін, объективтілігін сақтауын міндеттейді.

3. Мемлекеттік қызметшілер біліктілікті арттыру курстарынан өтеді және лауазымдық талаптарға сәйкестігіне аттестаттаудан өтеді.

4. Басқару және өкілеттіктерді бөлудің иерархиялық құрылымдары бар және тағы сол секілділер.

Айырмашылықтар:

1. АҚШ-та еңбек өтілі емес, жеке жетістіктер мен құзыреттерге байланысты карьералық өсу жүйесі бар, бұл Қазақстанда жиі болмайтын секілді көрінеді.

2. АҚШ-та мемлекеттік және жекеменшік секторлар арасында кадрларды ауыстыру көбірек таралған, бұл жүйенің икемділігін қамтамасыз етеді.

3. АҚШ жүйесі тарихи тұрғыдан Қазақстандағыдай билік партиясымен тығыз байланысты мемлекеттік қызметке қарағанда саяси бейтараптау болып келеді.

4. АҚШ-та бюрократиядан гөрі мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен сапасына көбірек назар аударылады. Жергілікті атқарушы биліктің айтарлықтай автономиясы бар. Осындай тағы басқа салыстырулар келтіре беруге болады.

Жалпы екі елдің мемлекеттік қызмет мәдениеті тұжырымдамасы қоғам мен мемлекетке қызмет етуді білдіреді. Алайда АҚШ-та ол неғұрлым меритократияға, икемділікке және сервис сапасына бағытталған, ал Қазақстанда дәстүрлі бюрократиялық тәсіл әлі де басым.

– АҚШ-та азаматтардың жеке деректері қалай сақталған?

– АҚШ-та құпиялылықты қорғау бойынша кең нормативтік база бекітілгенімен, мемлекеттік құрылымдардан да, жекеменшік ұйымдардан да деректердің шығып кетуі көп кездеседі. Бұл қолданыстағы қауіпсіздік шараларының тиімділігіне күмән туғызады.

Сонымен қатар бірнеше технологиялық алпауыттардың қолында жеке ақпараттың шоғырлануы да үлкен алаңдаушылық тудырады. Олар жиі пайдаланушылар туралы ресми органдардан да көп нәрсені біледі. 

Осылайша заң бар болғанына қарамастан, АҚШ-та деректердің құпиялылығы үшін елеулі негативті тәуекелдер бар. Мемлекет пен корпорациялар үшін ақпарат қауіпсіздігі қатаң бақылау мен жауапкершілікті қажет етеді.

– Жалпы Болашақ бағдарламасы арқылы оқудың тиімді тұсы неде? Қазір кейбір қоғам белсенділері мемлекеттік бағдарлама арқылы оқуға барып, кейін ол жақта білім алудың орнына күйбең тіршілікті күйттеп, көбірек ақша табу үшін жұмыс істеп жүргендерді сынайды. Бұл қаншалықты орынды? Одан соң бағдарлама өзін ақтайды деп ойлайсың ба?

«Болашақ» бағдарламасының көптеген артықшылығы бар. Осы бағдарлама бойынша оқып, сонымен қатар жұмыс істейтін студенттерге деген сынға келетін болсақ, онымен келісу қиын. «Болашақ» оқуға тек жоғары академиялық талаптары бар жетекші әлемдік университеттерде білім алуға мүмкіндік береді. Мұндай жоғары оқу орындарында оқымай жүру де мүмкін емес шығар. Талаптары бойынша студент міндетті түрде жақсы оқуы, жоғары орташа үлгерім балын (GPA) ұстауы керек немесе оны оқудан шығарады. Сондықтан «Болашақтықтар оқуға назар аудармайды» деген айыптау – негізсіз.

Сонымен бірге «Болашақ» стипендиясы шетелдегі тұрмыстық шығынның бәрін жабуға жетпейді. «Болашақ» бағдарламасының төрағасы Әлия Оспанова осы жағдайға дұрыс баға бергендей: «Болашақтықтар тек күн көру емес, толыққанды өмір сүргісі келеді» деп айтқан еді. Стипендия Батыс елдерінде оқып жатқандар үшін толық жетпейді. Сол себепті көп студент қаржылық жағдайын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуге мәжбүр болады. Алайда бұл олардың оқу процесіне назар аударуына және оқуын табысты аяқтауына кедергі келтірмейді.

Бағдарламаның өзін-өзі ақтауына келетін болсақ, әрине, ол нәтижесін беріп жатыр. «Болашақ» бағдарламасының түлектері Қазақстанның түрлі салаларында жұмыс істейді, елдің дамуына және озық білім мен тәжірибені таратуға да ықпал етеді. Олардың жетістіктері мен үлестері туралы егжей-тегжейлі ақпаратты ресми сайтынан табуға болады. 

Осылайша, оқу мен жұмысты үйлестіріп жүрген болашақтықтарға деген айыптаулар жолықса, оның көбі негізсіз деп едім. Меніңше, бағдарлама Қазақстан үшін жоғары білікті кадрларды дайындаудың маңызды құралы болып қала береді.

– Одан кейін мына нәрсені сұрағым келіп отыр. Өзің бұған дейін ҚМДБ-нің орталық аппаратында және Астана қаласының әкімдігіне қарасты зерттеу ұйымында әлеуметтанушы болып жұмыс істедің. АҚШ – шынымен, демократиялы ел ме? Ол жақтағы наным-сенім бостандығы қалай? Саған оны қабылдау қиын болмады ма?

Иә, АҚШ-та іс жүзінде жұмыс істейтін демократия бар. Мемлекет азаматтардың діни сенімдерін құрметтейді және еркін діни сенім ұстануға қолайлы жағдайлар жасайды. Мысалы, біздің департаментімізде қызметкерлер өз дінін ұстана алатын арнаулы «тыныштық бөлмесі» болды. Адам құқықтары айтарлықтай қорғалады, еркіндік бар. Бұл маған жағымды әсер қалдырды.

Дегенмен кейде демократиялық құндылықтар жамылғысымен дауға әкелетін немесе тіпті теріс әрекеттер жасалады. Мұндай жағдайлардың бірі – Эдвард Сноуден әшкере еткен АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (NSA) жаппай бақылау бағдарламасы. Терроризммен күрес жалауын көтеріп, америкалық арнаулы қызметтер мыңдаған америкалық пен тіпті басқа ел азаматтарының жеке деректерін конституциялық бостандықтарын бұза отырып, жинап отырған. Бұл мысал демократиялық елдерде де адам құқықтарының елеулі бұзылатынын анық көрсетеді.

Демократиялық қағидаларды жүзеге асырудағы басқа да қайшылықтар көп. Батыс елдерін кез келген мәселеде идеалдандыруға болмайды. Басқа бір мысалы, ақшаның саяси процестерге ықпал етуі, әртүрлі әлеуметтік топтар үшін мүмкіндіктердің тең емес екені мәселесі және сол сияқты мысалдар. Нақты жағдайды сыни тұрғыдан бағалау маңызды. Әділдік, теңдік, адамның ар-намысын құрметтеу секілді этикалық қағидаттарды ұмытпауымыз керек. «Демократиялық/батыс құндылықтары» деп танылған барлық нәрсеге көзсіз ере беруге болмайды. Демократиялық институттарды үнемі қоғамдық бақылау жүргізіп, уақыт пен мекеніне сай жетілдіріп отыруы қажет. Осылайша батыс құндылықтары азаматтарға көбірек бостандық пен құқық бергенімен, ол мүлтіксіз емес.

 Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңа көп рақмет!

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.