Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар қызметкерлердің жұмыспен қамтылу нысанына қарамастан, отбасына көбірек уақыт бөлуі үшін қолданыстағы еңбек нормаларын, оның ішінде заңнамалық нормаларды қайта қарау жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу туралы уағдаласты.
Отбасымен көбірек уақыт өткізу – «AMANAT» партиясы «Балаңа уақыт арна!» акциясын жариялады
1,047
оқылды

Отбасы институтын нығайту және оның қоғамдағы рөлін арттыру – «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасындағы негізгі басымдықтардың бірі. «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты ата-аналар балаға көбірек көңіл бөлуі үшін «Балаңа уақыт арна!» акциясын жариялады.

Осылайша, Әйелдер қанатының мүшелері кәсіподақтар мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен акцияның негізгі аспектілерін талқылады. «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринованың айтуынша, акция жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы «жұмыс беруші-отбасылы адам – қызметкер-отбасылы адам» рөліндегі өзара қолдау және жауапкершілік қағидаттарына негізделген іс-қимылдың жаңа үлгілерін дамытуға мүмкіндік береді.

«2024 жылы сәуірде әйелдер мен балалардың құқығын қорғауды күшейтетін заңдар қабылданды. Бұл қадам отбасы институтын нығайтуға ықпал етті. Біздің негізгі міндетіміз – балаларды отбасы арқылы тәрбиелеу, адамгершілік құндылықтары мен гуманизмді насихаттау және балаларға қолайлы орта құру. Барша азаматты біздің бастамамызды қолдауға шақырамыз. Қызметкерлер отбасымен көбірек уақыт өткізуі үшін еңбек тәжірибесіне өзгерістер енгізу қажет. Осы арқылы еңбек жағдайы да, отбасылардың әл-ауқаты да айтарлықтай жақсарады», – деді ол.

«AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының тең төрағасы Екатерина Смышляева отбасын, ана мен бақытты балалық шақты қорғауға лайықты жағдай жасау үшін өндірістік қатынастарды заңнамалық қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

«Өндірістік қатынастарды заңнамалық қамтамасыз ету қадамдары жұмыс істейтін ата-аналарды қолдау шараларын, бала тәрбиелеу және отбасылық құндылықтарды нығайту үшін қолайлы жағдай жасау амалдарын көздеуге тиіс. Заңнамалық бастамалар тек еңбек құқықтарын сақтап қана қоймай, сонымен қатар балаларымыздың салауатты әрі қауіпсіз дамуына жағдай жасай отырып, кәсіби және отбасылық өмір арасындағы үйлесімнің тепе-теңдігін қамтамасыз етуі маңызды», – деді ол.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының тең төрағасы Гүлнара Бижанова тақырыптық әлеуметтік зерттеулер жүргізуді ұсынды.

«Біз кәсіподақтардың әлеуетін пайдаланып, мінез-құлық үлгілеріне әсер етуіміз керек. Түптеп келгенде, отбасы – мемлекеттің негізі. Сондықтан бұл тақырыпқа немқұрайлы қарауға болмайды. Отбасына және отбасы өміріне әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажет. Тақырып ауқымы – кең. Бұл – жас отбасылар, көпбалалы отбасылар, білім ошағымен қарым-қатынас және т.б. Мұндай құрылымдық әлеуметтік зерттеулер алдағы уақытта заңдар мен тұжырымдамалардың негізі бола алады», – деді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықованың айтуынша, аталған акцияны жүзеге асыру үшін өндірістік қатынастар процесінде еңбек заңнамасын қатаң сақтау қажет.

«Еңбек заңнамасының сақталуы – отбасылық құндылықтар мен оның әл-ауқатын қолдау үшін лайықты жағдай жасауға мүмкіндік беретін негізгі фактор саналады. Бұл – қазақстандық қоғамда отбасын сақтап қалудың ажырамас бөлігі. Әділ еңбек жағдайын қамтамасыз ету – ата-аналардың бала тәрбиесіне көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік беру арқылы отбасылық қатынастарды нығайтуға ықпал етеді. Бұл қадам біздің қоғамның тұрақтылығы мен денсаулығын нығайтады», – деді ол.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев барша қызметкер үшін әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндікті ілгерілету мәселесіне назар аударды.

«Қазақстанның мемлекеттік саясаты әйелдердің экономика мен саясаттағы мүмкіндіктерін кеңейту шараларын жүйелі жүзеге асырып келеді. Бұл қадам олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал етіп жатыр. Елімізде аналар мен жұмыс істейтін әйелдердің құқығын қорғайтын заңнамалық база құрылды. Ал кәсіподақтар гендерлік теңдікті қолдау және еңбек жағдайын жақсарту мәселесінде шешуші рөл атқарады. Жұмыс істейтін әйелдердің құқығын қорғау, лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету және біздің қоғамдағы әйелдердің әлеуметтік мәртебесін нығайту жұмысын бірге жалғастырайық», – деді ол.

Әкелер одағының төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет баланың тұлғалық қалыптасуына тек ата-ана ғана емес, қоршаған орта да әсер ететінін еске салды.

«Әке – отбасының тірегі, алынбасы алып қамалы әрі қорғаны. Ал ана – отбасының жүрегі. Қазақ мәдениетінде әке отбасының әл-ауқатына жауапты асқар тауға теңестіріледі. Әке – тек материалдық игіліктерді қамтамасыз етуші ғана емес, сонымен қатар бала тәрбиелеу ісіне атсалысатын, олардың бойына қастерлі құндылықтарды, даналықты сіңіретін тұғырлы тұлға. Әрбір әке мейірімділік пен жауапкершіліктің, қамқорлықтың үлгісі болуы керек», – деді ол.

Өз кезегінде, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балаларға, әсіресе жазғы демалыс кезінде қауіпсіз әрі пайдалы жұмыспен қамту түрлерін құрудың маңызын еске салды. Бұл ретте, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті Ювеналдық полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының бастығы Әсет Оспанов кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне тоқталды.

Сондай-ақ, жиынға «QAZAQMETAL KÁSIPODAǴY» төрағасының орынбасары Раушан Даумова, «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Светлана Иманқұлова, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева және тағы басқалар қатысты.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар қызметкерлердің жұмыспен қамтылу нысанына қарамастан, өз отбасына көбірек уақыт бөлуі үшін қолданыстағы еңбек нормаларын, оның ішінде заңнамалық нормаларды қайта қарау жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу туралы уағдаласты.

Айта кетейік, жыл басынан бері «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелерімен бірге әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мүгедек балалары бар отбасыларды қолдау, психологиялық қызмет, өндірістегі әйелдердің қауіпсіздігі, гендерлік бюджеттеу және сараптама, әйелдердің экономикалық құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту, ғылым және технологиялық даму мәселелеріне қатысты 8 заң жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 

Инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу мақсатында барлық өңірде «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті спорт фестивалі өтті. Сонымен қатар партиялықтар әйелдердің қоғамдағы күн тәртібін ілгерілету бойынша өзге де жүйелі жұмыстарды ұйымдастырып жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.