Qarmet металлургиялық компаниясының нысандарында ұрлық және оның қызметкерлеріне қатысты басқа да ауыр қылмыстар жасаған бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесілді.
Qarmet зауытында қаржы жымқырған қылмыстық топтар ұсталды
1,013
оқылды

ІІМ өңірлердегі өнеркәсіп орындарына криминалитет өкілдерінің ықпалын болдырмау, тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысатын қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қою бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл Теміртауда үш рет өткізілген "Қауіпсіз қала" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында бұрын жасалған 23 қылмыс ашылды, іздеуде жүрген 9 қылмыскер ұсталды.

Нәтижесінде 2024 жылы кәсіпорындарда жасалған ұрлық саны шамамен 46%-ға азайды.

Qarmet металлургиялық компаниясының нысандарында ұрлық және оның қызметкерлеріне қатысты басқа да ауыр қылмыстар жасаған бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесілді.

Былтыр наурыз айында Qarmet АҚ-ның металл өнімдерін ұрлауды жолға қойған 40 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ және оның көшбасшысы ұсталды.

2023 жылдың тамыз айында аймақтағы криминогендік жағдайға және компанияның қызметіне теріс әсер еткен ұйымдасқан қылмыстық топ көшбасшысы мен 27 мүшесі құрықталды.

«Қылмыстық істерді тергеу нәтижесі бойынша олардың Қарағанды облысының аумағында миллиондаған жымқыру, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны туралы дәлелдер жиналды. Тергеу аяқталды. Енді іс прокурорға жолданады», – дейді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Былтыр желтоқсан айында Қарағанды облысының Абай ауданындағы Qarmet кәсіпорнының шахтерлерін бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды.

Биыл сәуір айында ІІМ, ҰҚК және Мемлекеттік күзет қызметі Бас прокуратураның үйлестіруімен металлургия комбинатынан аса ірі мөлшердегі ақша ұрлау бойынша қылмыстық схеманы жолға қойған қылмыстық топтың мүшелерін ұстады.

«Қылмыстық схема бақылаудағы мердігерлік және күзет ұйымдары арқылы жоқ тауарды жеткізуден тұрған. Шығын 1,5 млрд теңгеден асады. Ұстау және тінту шаралары бір мезгілде Қарағанды, Теміртау және Алматы қалаларында өткізілді. Күдіктілер қамауға алынды. Кәсіпорындарда ұрлыққа жол бермеу бойынша жұмыс ерекше бақылауда», – деді Қуандық Алпыс.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.