Тим Шульц 1999 жылдың ақпанында 28 миллион долларлық Powerball джекпотын жеңіп алды. 21 жастағы Тим ол кезде жанармай құю стансасының кезекшісі болып жұмыс істейтін. Байлық оның өмірін қалай өзгертті?
28 миллион доллар ұтып алған адамның оқиғасы: «Мен өзімді сөйлейтін, жүретін банкомат сияқты сезіндім»
«Сіз лотерея ұтып алған кезде, адамдар ақшаны сіз еңбегіңізбен тапқан нәрсе деп санамайды. Бір отбасы мүшесі маған басқаларға ақша беруді жалғастыру керектігін айтты». Фото ont.by сайтынан алынды
11,105
оқылды

Қызықты оқиғаны Aikyn.kz америкалық businessinsider.com сайтында жарияланған мақалаға сүйеніп баяндайды.

Шульц түсінде лотереядан үлкен ұтысқа ие болады. Бірнеше айдан кейін 28 миллион доллар Powerball джекпотын ұтады. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторы: Tim Schultz

Бір күнде мультимиллионер атанған Шульц колледжді бітіріп, бірден еркін өмірге қол жеткізеді. Оның айтуынша, мол ақша бақыт әкелмеген, бірақ тәуелсіз болуға, уақытты және мол мүмкіндікті сатып алды, оның өмірдегі стрестері азайған.

28 миллион долларлық Powerball джекпотын ұтқанға дейін бірнеше ай бұрын Шульц түс көреді. Түсінде лотереядан үлкен ұтысқа ие болғанын көреді. Түстің шынайы болғаны соншалық, ол дәл солай болатынына сенеді.

Енді Тим Шульцтің өзінің айтқан әңгімесін толық келтірейік:

«Бұл 1999 жыл еді, мен жанармай құю стансасының кезекшісі болып жұмыс істеп, Айовадағы гуманитарлық өнер университетінде сырттай оқитынмын. Мен ата-анамның жертөлесінде тұрып, ең төменгі жалақы алатынмын.

Аптасына бір-екі рет лотерея ойнай бастадым, ақшам бір билет сатып алуға ғана жететін. Түсімде көрген ұтысымды көз алдыма елестетіп, адамдарға айтып бердім. Олар: «Егер біреу жеңсе, сен жеңесің» деді. Мен шынымен жеңдім. Жеңіске жеткеннен кейін мен аспанда ұшып жүргендей болдым. 

1999 жылы 10 ақпанда әкем менің жатын бөлмемнің есігін қағып, «біреу Powerball лотереясын ұтып алды» деп айғайлағанда ояндым. Ол менің билет сатып алғанымды сұрады. Кешкісін мен бірнеше адамға «ұтыс билеті бар» екенін айтқаным бірден есіме түсті. Мен асығып, қағаздарды ақтарып отырып, мыжылған лотерея билетін тауып алдым. Асүйге жүгіріп барып, сандарды газеттегі ұтыс сандарымен салыстырдым. Олар сәйкес келген кезде мен әлі де түс көріп жатқандай болдым. Әкем мені құшақтап, кәмпит дүкеніндегі балалардай секіріп кеттік.

Мен анама қоңырау шалдым, ол бізді әзілдеп жатыр деп ойлады. Біз қаржылық кеңесшілер мен заңгерлерге де телефон шалдық. Олар маған билетті қауіпсіз жерге қоюды және оны лотерея ұйымдастырушылары белгілеген уақытта алып бару керектігін айтты. Мен бұлттардың үстінде жүргендей болдым.

Тим Шульц Powerball лотереясынан 28 миллион доллар ұтысынан барлық салықтарды төлеген соң, қолына 15,922 млн долларлық чек ұстап тұр. Фото nypost.com сайтынан алынды

Баспасөз мәслихатында менің Powerball лотереясынан 28 миллион доллар ұтқаным туралы айтылды. Осыдан кейін телефонымызға хабарламалар толып кетті. Таныстар мені құттықтады, бейтаныс адамдардан хаттар келді, олардың біразы ақша сұрады.

Баспасөз мәслихатында мен өзімді көліктің фараларының алдында тұрған бұғыдай сезіндім. Қуаныш та, қорқыныш та болды. Мен ешқашан миллиондаған адамдардың назарында болған емеспін. Дегенмен маған бұл ұнады. 

Мен әрқашан жеңіп кетсем не істейтінімді елестететінмін: қарызымды төлеп, колледжге түсемін, бірақ бұл менің өмірімді қалай өзгертетіні туралы ешқашан ойлаған емеспін. Кенеттен мен 21 жасымда жанармай құю стансасының қызметкерінен зейнеткерлікке өттім. Мен қолыма сиқырлы таяқша ұстағандай болдым. Барлығы мүмкін болды, бірақ мен қаржылық жағынан да жауапты болғым келді.

Билетті лотерея ұйымдастырушы компанияға тексеруге тапсырып, ұтысымды қолыма алмас бұрын мен қаржы мамандарымен кеңесіп, қанша ақша жұмсауға және басқаларға беруге мүмкіндігім бар екенін түсіндім. Мен көп адамдарға көмектестім, бірақ ақшаны алмас бұрын кеңесшілеріммен бірге инвестициялық жоспар әзірледім. Табысы маған өмір бойы жететіндей консервативті түрде инвестиция жасадық.

Бірақ мен 21 жасымда ең бірінші сатып алған затым жаңадан шыққан ойын жүйесі болды. Жеңіске дейін қолым жетпеген ең жаңа ойын жүйесіне қолым жетті.

Мен ақшамды негізінен акцияларға, облигацияларға және инвестициялық қорларға салдым. Отбасыма көмектестім, көліктер сатып алдым, саяхаттадым. Кино және телерадио журналистикасын оқу үшін колледжге қайта оралдым. Менің арманым орындалды.

«Мен өзімді жүретін, сөйлейтін банкомат сияқты сезіндім. Адамдар менімен ақша үшін дос болғысы келеді деп үнемі қорқатынмын». Фото nypost.com сайтынан алынды. Авторы: Tim Schultz / Instagram

Бұл менің қарым-қатынасыма қалай әсер етті?

Мен қатарластарым сияқты кедей колледж студенті болдым, содан бір күнде ерекше мәртебеге ие болдым: бай бала атандым. Сол кезде мен достарымның демалысын, тамағын және бірге істеген барлық істеріміз үшін төлеуге міндеттімін деп санадым. Көпшілік менен ақша сұрамаса да, лотереядан мол ақша ұтып алғандықтан, моральдық тұрғыдан олардың қажеттіліктерін төлеуге міндеттімін деп ойладым.

Жақын адамдар мені қолдады, бірақ кейбіреулер маған басқаша қарай бастады. Кейбіреулер маған жақындағысы келді. Сондықтан мен өзімді жүретін, сөйлейтін банкомат сияқты сезіндім.

Адамдар менімен ақшам үшін дос болғысы келеді деп үнемі қорқатынмын. Олардың ішінде бұрынғы мінез-құлқын өзгертпеген адамдарға сенуге болатынымды түсіндім. Сондай-ақ менің отбасым мен достарым болды, олар байлықтың маған қалай әсер ететіні туралы алаңдады. Бірақ бұл менің сенімімді одан әрі нығайтты. Сіз лотерея ұтып алған кезде, адамдар ақшаны сіз еңбегіңізбен тапқан нәрсе деп санамайды. Бір отбасы мүшесі маған лотерея ұтып алу арқылы тегін байлыққа қол жеткізгенімді және оларға, басқаларға ақша беруді жалғастыру керектігін айтты.

Қаржылық жағынан жауапты болу үшін «жоқ» деп айтуды үйренуге тура келді. Мен табандылық танытқанымда, бұл менің қатты жақсы көретін кейбір отбасы мүшелерімен қарым-қатынасымды бұзды.

Жеңіске жеткеннен кейін мен өзімді оқшау және жалғыз сезіндім. Мен үшін жаңа адамдарға ашылу өте қиын болды. Менің жаңа адамдармен танысуым лотерея ұтып алғанға дейін жақсы болды. Мен жаңа штаттағы басқа үйге көштім, өйткені көп адам менің оқиғамды білетін және мен өзімді жайсыз сезінетін болдым.

Powerball лотереясының дәл осындай билетін толтырып, Тим Шульц джекпот ұтып алған. Фото nypost.com сайтынан алынды

Мен ақшамды қалай жұмсадым? Жеңіске жеткеннен кейін бірінші жылы мен достарыммен әлем картасына қызық үшін дарт лақтырдық және ол қадалған жерге барамыз деп шештік. Ол Канаданың орталығына қадалды да біз солтүстікке саяхатқа аттандық.

Мен бірден зейнетке шықтым, бірақ қызықты жобалармен жұмысты жалғастырдым. Лотерея ұтып алғаннан кейін мені не қуантатынын көп ойладым. Жағажайда отырып, маргарита ішу қызық, бірақ мұндай жаңалық тез жалықтырады екен.

Маған таңертең ояну үшін себеп керек болды, ол үшін өмірлік мақсат қажет екенін түсіндім. Сондықтан мен диплом алу үшін колледжге қайта оралдым, бірнеше қойылымдармен жұмыс істедім және адамдарды қызықтыруға,  шабыттандыруға ұмтылдым. Маған мұндай миссия ұнады және ол мені алға жетеледі.

Деректі және бірнеше анимациялық фильмдер түсірдім, басқалардың тәуелсіз фильмдеріне көмектестім және кинофестиваль ұйымдастырдым. Сондай-ақ «Лотерея, армандар және сәттілік» атты подкаст бастадым, онда басқа үлкен жүлделер мен лотерея жеңімпаздарымен сұхбаттасамын. Мен үшін адамдармен танысу, сұхбат алу және олардың лотерея оқиғаларын түсіну өте қызықты.

Бұл күндері мен бос уақытымның көп бөлігін подкаст пен YouTube арнасында жұмыс істеуге немесе жаттығуға жұмсаймын. Мен әдетте жүгіремін, залда тренажерларда жаттығамын немесе ашық ауада жаттығулар жасаймын. YouTube біршама ақша әкеледі, бірақ мен ұтысымды салған инвестициядан түскен табыспен еркін өмір сүре аламын.

Мына әзіл видеода үлкен байлыққа, жеңіл ұтысқа құштар адам көрсетілген: 

Мол қаржыны ұтып алу туралы ой жүгірту. Адамдар үнемі: «Ақшаға бақытты өмір сатып алуға бола ма?» деп сұрайды. Ақша сіздің кім екеніңізді өзгертпейді. Бұл уақытты ұту, еркін мүмкіндіктер беру және қарызсыз өмір арқылы стресті жеңілдету арқылы бақытқа жетуге көмектесуі мүмкін. Бірақ бұл сіздің кім екеніңізді өзгертпейді. Кейбір өте бай адамдар өте бақытсыз.

Мен бірнеше жыл бұрын биткоинға инвестиция салдым. Бірақ содан тапқан табысымды қалай жұмсағаныма өкінемін. Сол қаржылық операциядан түскен қаржыға мен жаңа көліктер мен басқа да үлкен бағалы заттар сатып алдым.

Бүгінде мен ондай ақылсыз шешімдер жасамаймын. Қымбат ештеңе сатып алмаймын. Көптеген адамдар сияқты мен де бюджетпен өмір сүремін. Жүздеген миллион ұтып алсаңыз, бюджетіңіз мүлде басқаша болуы мүмкін. Мұның бәрі салыстырмалы. Мен өзімнің ұтысыма, табысыма ризамын, қанағат керек.

21 жасымда мен сонша ақшамен не істеу керектігін білмедім және кәсіби көмекке жүгіндім. Бұл дұрыс шешім болды. Өйткені бірнеше жылдан кейін кейбір лотерея жеңімпаздары сияқты тақырға отырғым келмеді.

Мен 1999 жылы ұтысымды көпшілік алдына шығып қабылдадым. Бұқаралық медиа құралдарына сұхбаттар бердім, өз тәжірибем туралы ашық айттым. Бірақ егер мен қазір 21 жаста болсам мен сыйлықты жасырын түрде алатын едім. Әсіресе, бұл үлкен жүлдеге ие болғанда маңызды. Өйткені сіздің өміріңізге үлкен ұтыс қалай әсер ететінін ешқашан білмейсіз. Сіз лотерея ұтып алсаңыз, бүкіл өміріңіз бен әлеміңіз бірден төңкеріліп түседі. Мен адамдарды жауапкершілікпен ойнауға шақырамын. Сізге мұндай ұтыс бір ғана билет арқылы беріледі».

Міне, бір күнде өмірі өзгерген мультимиллионердің шынайы оқиғасы   осы. Мол ұтысқа жеткендердің арасында осындай мағыналы өмірін сақтап қалғандар аз кездеседі. Ұтыс иелерінің көпшілігі үлкен байлықпен келетін сынақтан өте алмай жатады. Ал сіз 28 миллион доллар ұтып алсаңыз не істер едіңіз?! 

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.