Айару Алтынбек жеті жасынан бері шахматпен айналысады. Бүгінде бұл ойыннан әлемде қарсылас шақ келтірмей жүр.
Президент жас шахматшының бала күнгі арманын орындады
Фото: Ақорда
348
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан әлем чемпионы атанған 13 жастағы Айарумен кездесіп, оның бала арманын орындады, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24KZ арнасына сілтеме жасап.

Жеткіншек кішкентайынан Президентпен кездесіп, қолтаңбасын алуды армандаған екен. Сол үшін Мемлекет басшысына хат жазыпты. Арада ай өтпей жауап та келген. Астаналық оқушы арманы орындалғанда керемет сезімде болғанын айтады. Президентке жазған хатта ол шахматқа байланысты жоспарларын баяндап бергісі келетінін айтқан. 

Айта кетейік, Айару Алтынбек жеті жасынан бері шахматпен айналысады. Бүгінде бұл ойыннан әлемде қарсылас шақ келтірмей жүр. Азияны бағындырып, әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. 

Ол хатты 13 мамырда E-otinish сайты арқылы жолдаған. Алайда бұл орындалмас армандай көрінгенмен, жеткіншектің қалауы орындалды. 

Президент жас шахматшыға «Әке туралы ойтолғау» кітабын тарту етіп, ішіне қолтаңбасын қалдырды. Оған қоса бағалы сыйлық табысталды.

«Арманым орындалғанына бақыттымын. Енді ары қарай еңбек етіп, әйелдер арасында әлем чемпионы болғым келеді», – дейді Айару.

Айарудың анасы Индира Алтынбек Президентпен кездесу қызына шабыт сыйлағанын айтады.

«Хат жазайық. Егер қалауың орындалса жақсы, ал орындалмаса, көңіл күйіңді түсірме» деп жұбатып қойдым. «Осылай чемпион бола берсең, үлкейгенде сені Президент шақырады» деген едім. Алайда бір айға жетпей кері байланысқа шықты. Біз бақыттымыз», – дейді Индира Алтынбек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.