Мәжіліс лудоманияға қарсы заң жобасын мақұлдады.
Kcell, Beeline, Tele2, Алтел, Activ: онлайн казиноны қолдай ма?
Фото: istockphoto.com
578
оқылды

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын дайындады.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында лудоманиямен күресу үшін жүйелі жұмыс істеп, кешенді жоспар құруды, сондай-ақ тиісті заңды тезірек қабылдауды тапсырған еді. 

Лудоманияға қарсы заң жобасында құмар ойынның шырмауына түскен ойыншылардың проблемасын «AMANAT» партиясының депутаттары Мәжіліс мінберінде жиі көтерді. Бұл туралы «Айқын» газетінде «Құмар ойынға құмартпа» деп жазған болатынбыз. Психолог Амангелді Мейрамбекұлы  «Лудоман ойынқұмар екенін мойындамайды» деп құмар ойынның тұзағынан шығу қиын екенін талдап, айтып берген еді. 

Осының нәтижесінде, жаңа қабылданған заң жобасында бәс тігуге, казино ойнауға тыйым салынған азаматтардың санаты анық көрсетілді. Сондай-ақ бұған дейін құмар ойын ойнауға өзіне-өзі бір жылға дейін тыйым салынатын болса, бұдан былай бұл мерзім бір жылдан он жылға дейін ұзартылды. Шектеуді тоқтатуға болмайды. 

Мәжіліс депутаттары лудоманияға қарсы күресті табандылықпен жүргізіп, заң жобасын мақұлдады. Ал Қазақстандағы байланыс операторлары арқылы онлайн казиноға бәс тігіп, қаржы аударуға болады. Мысалы, бұл Sultan Games және тағы басқа да онлайн казиноның парақшаларында тайға таңба басқандай жазылып тұр (скриншот фотолары төменде ред.).

Атап айтқанда, Kcell, Beeline, Tele2, Алтел, Activ байланыс операторлары бар. Осы мәселе бойынша жоғарыда аталған байланыс операторларының өкілдеріне хабарластық, жауабын күтіп отырмыз.