Қазақтың танымал геолог-ғалымы Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығына арналған биылғы «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің үшінші маусымы өз мәресіне жетті.
Рүстем Досжанов, шабандоз:  «Ұлы дала жорығы» халықтың сүйікті жобасына айналды
518
оқылды

Жеңімпаздар анықталып, күзде өтетін халықаралық марафон-бәйгеге жолдамалар үлестірілді. Алдағы үш айда командалар тынымсыз дайындықта болады. Оның үстіне, бұл жарысқа алыс-жақын шетелдерден бірнеше команда келуге ниетті. Осы орайда екі жыл қатарынан «Ұлы дала жорығының» жеңімпазы атанған Жетісу өңірінің команда жетекшісі Рүстем Досжанов мырзамен жолығып, өткен жарысты талқылап, алдағы әлемдік деңгейдегі додаға дайындық туралы сұрап-білген едік.

– Жарыс жеңімпаздары мен нәтижелерін болжауда қандай негізгі критерийлерге, әдіс-тәсіл­дерге сүйе­несіз?

– Өзіңіз білесіз, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен «сен тұр, мен атайын» деген мықты ко­мандалар қатысты. Биыл үшінші рет өткендіктен, шабандоздарда бі­раз тәжірибе жинақталған. Шы­ны керек, өткен жылдың чемпионы бола тұра, осы атақты биыл да сақтап қалу біз үшін оңайға соққан жоқ. Бәсекелестер осал емес. Шама-шарқымызша жақсы дайындықпен келуге тырыстық. Қаңтар айынан бастап аттан түскен жоқпыз. 

Былтыр 1 300 шақырымға шапқанда, 10 ат қатысты, бір рет жылқы ауыстыруға мүмкіндік берілді. Сол себепті ат таңдау мәселесі қиындау болды. Биыл 500 шақырымға шаптық. 5 ат қана қатыстырылды, сол себепті де атты таңдап, дайындау анағұрлым оңай болғаны тағы бар. Сонымен қатар былтыр алғашқы 10 күнде бар күшімізді салмай, асықпай, үздік үштік-төртікте жүріп отырдық. Соңғы 2-3 күн қалғанда ғана бар күш-жігерімізді салып басқанымыз рас. Биыл жарыс бес күн ғана бол­ғандықтан, «мен» деген командалар алғашқы күннен бастап уақытқа жұмыс істей бастады. Сол себепті біз де стратегиямызды аяқ астынан ауыстыруға мәжбүр болдық. Ко­ман­далардан кем дегенде отыз минут алға озып, содан кейін барып асықпай желіске бастық. Осындай амал-тәсілмен биыл жұмыс істедік. Ең бастысы, қанша озсақ та, басты мақсат аттарды шаршатып, бол­дыртып алмау болды. 

Тағы бір маңызды жайт, алғаш­қы күндері қарсылас команда­лардың аттары неге жарайтынын, қандай осал және ұтатын тұстары барын байқап, меңзеп алдық. Содан кейін барып өзіміздің жоспар-бағдарымызды құрдық. 

– Бәйге-марафон барысында ұйым­дастырушылар мен қаты­сушылар қандай қиындықтарға кезікті және оларды қалай жеңе білді деп ойлайсыз?

– Алдыңғы жылғы маршрутқа қарағанда биылғы Павлодар–Астана бағытындағы жол ана­ғұр­лым ыңғайлы болды, оны мойын­дау керек. Жер болғасын, сазы да, тасы да болады. Оған қоса, жа­уыны, желі бар. Күннің суықтығы – өз ал­дына бір хикая. Жарысқа қатыс­қан команда­лардың барлы­ғының да тәжірибесі мол болған­дықтан, ешкім аса бір қатты қиналды деп айта алмай­мын. 

18 өңірден қатысушылар келді, яғни сан алуан пікір мен көзқарас болды, дау-дамай да туындамай тұрмайды. Бәріне бірдей жағу, көңілін табу оңай емес. Дей тұр­ғанмен, «Жорық» федерациясы­ның жігіттеріне алғысым шексіз. Олар барлығын әділ шешіп, ұйым­дастыру жұмыстарын толыққанды жүргізді.

Әсіресе, төрешілердің әділдік­ке негізделген жұмысын ерекше атап өтер едім. Бас төрешіні алыс шетелден алдыртыпты, өзімізден адам табылмағаны ма дегендердің қарасы көп болды. Бұл – жеңіле білмейтіндердің артық әңгімесі. Отандық төрешілердің қандай да бір аймаққа, командаға бүйрегі әркез бұрып тұратыны жасырын емес қой. Сондай тұстарды болдыр­мау үшін ешкімге алып-кетері жоқ, бейтарап адамды арнайы алыстан шақырғаны өте дұрыс шешім болды деп санаймын. 

– Өткен жылдармен салыс­тыр­ғанда биыл командалардың қа­тысуын­­да қандай өзгеріс, шараны ұйымдастыруда жаңалық байқа­дыңыз?

– Басты байқағаным, коман­далар биыл бірыңғай киім үлгілері мен аттардың жағдайын жақ­сартқан. Алдыңғы жылдары ша­бан­доз­дардың салмағы да ауыр болатын, ол атқа қосымша күш салатыны анық. Биыл командалар оған да ерекше мән берген. Жарысқа қатысқан шабандоз­дардың сал­мағы әжептәуір жеңіл­деп қалғанын бірден байқадық. Аттардың жай-күйі де жоғары деңгейде. Алдыңғы жорықтарда мәреге үш-төрт коман­да әрең жеткен болса, биыл бірден он команда мәре сызығын жеңіл кесіп өтті. 

Бір байқағаным, өткен жылы да, биыл да біз мәреге үш атпен жеттік. Маңғыстау, Ал­маты мен Жам­был төрт ат болып келді. Бұ­ның барлығы командалардың ат таңдау жағынан мол тә­жірибе жинаған­дарын аңғартады. 

Ұйымдастырушылар биыл жарысқа тағы бір өзгеріс енгізіп отыр. Тұқымдар арасында бір-бірін артқа тартпасын деп, жеке тұқым дәлелдеу мақсатында жаңа формат енгізді. Ол үшін арнайы қазақтың тұқымдарын бірік­тіре­тін «Рекорд» командасы жасақ­талған. Оның құрамында алты шабандоз шауып, төртеуі мәреге дейін сүрінбей жетті. 

Қазақта әр өңірде кемінде бір тұқымнан болған ғой, соны қал­пына келтіру ісін JORYQ ат спорты федерациясы қолға алып отыр. Құптарлық бастама. Бұл қазанат­тар мен азаматтарды дәлелдеумен қоса, тұқымдардың статус алуына өзін­дік септігін тигізетін бастама бола ма деп ойлаймын. Қазіргі таңда Жетісу арғымақтары коман­далық жарыста да, жеке тұқымдар арасын­дағы бәсекеде де өздерінің мықты екендерін дәлелдеп отыр. 

Ветеринар дәрігерлердің жұмы­сын да ерекше атап өткім келеді. Мал дәрігерлерінің асқан шеберлігі болмағанда биыл жарысқа қаты­сып, ауырған аттардың көбісі мәре­ге жетпей қалар ма еді. Алайда олай болған жоқ. Бір-екі ат қана болмаса, қалғандарының барлығы, тіпті іші өткен аттардың өзі мәреге дейін аман-есен жетті. 

Ұйымдастырушылар биыл аттардың жүретін жолын да өте жақсы таңдапты. Жолдың бар­лығы атқа ыңғайлы жазық далалы, салқын желді, көгал болды. Суды да кешіктірмей, дер кезінде жет­кізіп отырды. Алдыңғы жылы кет­кен барлық олқылықтар ес­керілген. 

– Марафон-бәйгеге қатысу барысында өздеріңізге қандай міндеттер мен мақсаттар, талаптар қойдыңыздар?

– Осы жобаның авторы Бақыт­жан Тұрлыбеков пен бастамашы жігіттер үлкен істі қолға алып отыр. «Ұлы дала жорығының» басты идеясы аттарды оздырып, ұзақ шақырымды қысқа уақытта шауып өту ғана емес. Оның мәні тереңде жатыр. Ең бастысы – қазанаттар мен азаматтарды халық арасында кеңінен танымал ету. Екіншіден, ұлттық брендті қалыптастыру, асылтұқымды аттарды сұрыптау мен насихаттау. Одан қала берді, біздің ата-бабаларымыз аттың тұяғымен, найзаның ұшымен ұлан-ғайыр жерге ие болып, оны аман-есен сақтап қалып, келесі ұрпаққа аманат етіп жеткізгенін де халық арасында кеңінен дәріптеу – бүгінгі күннің батырларына бұйырған үлкен жауапкершілікті талап ететін игі шара. 

Өзімізге қойған басты міндет пен мақсат өткен жылғы чемпион­дық атақты сақтап қалу үшін шабандоздар мен аттарды жоғары деңгейде дайындау болды. Алдың­ғы жылғы жіберілген қателіктер­мен біраз жұмыс істедік. Қаңтар айынан бастап үздіксіз жиындар өткіздік. Сол кездің өзінде биылғы «Ұлы дала жорығында» қайткенде де жеңіске жетіп, күзде өтетін халықаралық жарыста еліміздің көк туын желбіретсек деген ұлы мақсат қойғанымызды жасыр­маймын. Бірінші мақсатымыз орындалды. Енді келесі межеге дайындықты одан да күшейтіп, білекті сыбана жұмысқа кірісіп кеттік.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында өтетін «Ұлы дала жорығында» Жетісу өңірінің арғымақтарының мәртебесі мен мерейін үстем етіп, мықты тұқым екенін дәлелдеп, статус алып шықсақ деген асқақ арман бізде де жоқ емес. Сол мақсатта тер төгіп, еңбектеніп жатырмыз. Оның нәтижесін алдағы қыркүйек айында көрерсіздер. 

– Осы жылғы тәжірибеңізге сүйене отырып, алдағы уақытта жобаға қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар енгізуді ұсынар едіңіз? 

– Алдағы күзде өтетін жарысқа еріктілердің (волонтер) көмегі қажет болатын сияқты. Себебі алыс-жақын шетелдерден шабан­доздар келетін болса, әрбір 5-10 шақырым жерде жол бағытын меңзеп, қандай да басқа қажетті көмек беруге дайын тұратын еріктілер болса, жақсы болар еді. Оған қоса, мүмкін болып жатса, жол бойы, әрбір бұрылыста арнайы нұсқаулар орнатылса. Командалар ережені бұзбай, тек қана бекітілген картамен ғана жүрсе екен. 

Ветеринар дәрігерлер мәреге аяғын әлсіз ғана сілтеп келген аттарды бірден жарыстан шығара салмай, демалысқа белгіленген уақытта тұлпарларға тиісті мас­саждарын, ем-домдарын жасатуға мүмкіндік беріп, келесі жарыс алдында тағы бір тексеріп шықса деген тілек-өтінішіміз бар. Себебі ақсаудың да түр-түрі бола­ды ғой. Аяғын жай ғана тіреп қалған ат­тарды қисынсыз шыға­рып таста­май, тағы бір мүмкіндік берсе. Келесі елу шақырымды жүріп өткенде ақсаған жері асқынып, тіпті жарамай бара жатса, жарыстан шығарса, еш өкініш те, реніш те болмайды деп ойлаймын жарысқа қатысушылар тарапынан. Өйткені кейбір аттар аяқасты табанымен тас басып кетіп, уақытша ғана ақсаңдап қала­тын сәттер болады. Келесі күні ары қарай басып кетіп, соңы­на дейін жетіп жатқан аттарды көрдік. Сол себепті осы жағынан жеңілдік­тер болса құба-құп. 

– Биылғы жылдың күзінде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің халықаралық кезеңі өтеді. Сіздің ойыңызша, V Дүниежүзілік көшпен­ділер ойындары қарсаңындағы «Ұлы дала жорығының» ерекшелігі мен маңыздылығы қандай болмақ?

– «Ұлы дала жорығының» болашағы зор деп есептеймін. Биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өткізілгелі отыр. Бұл – біз үшін үлкен сын әрі абырой. 

Атты қолға үйреткен жер дәл осы Алаш жері екенін ғалымдар дәлелдеп, бүкіл әлем мойындап отыр. Сол себепті қазақтың тұлпар­ларын дәріптеудегі басты мақсат – ұзақ қашықтықты жеңіл еңсере алатынын дәлелдеп беру бүкіл әлемге.

Арамызға қыздардан жасақ­талған команданың қосылып жатқаны да ерекше қуантады. Жігіттер тұрмақ, қыз балалардың атқа мініп, шапқанын, ұзақ қа­шықтықты бағындыра алатынын, жігіттерге есесін жібермей, тай­таласа алатынын басқа қай елден көресіз?! Әлемде бар шығар – араб елдерінде, Еуропада аз қашық­тыққа жарысатындары, ал біздің елде секілді бес жүз шақырымды ба­ғындырамын деп тәуекел еткен­дерді осы уақытқа дейін еш жерде кездестірмеппін. 

«Ұлы дала жорығы» дәл қазір басқа спорт түрлеріне қарағанда халықтың ең сүйікті жобасына ай­налғаны жасырын емес. Наси­хат жұмысы, халықтың шын ықы­ласы, әлеуметтік желілердегі қаралым мен таралым жағынан жоба басқа­ларынан бір саты алда тұр. 

Үш-ақ жылдың ішінде «Ұлы дала жорығы» халық кәдімгідей асыға тосатын жағдайға жетті. Менің жеке ойым, алдағы «Дүние­жүзілік көшпенділер ойынының» сәнін де, мәнін де келтіретін бірден-бір ат спорты түрі болса, дәл осы «Ұлы дала жорығы» болмақ. Ол Көшпенділер ойынының абы­ройын асқақтатып, еселей түсетін бәсеке болады деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Арда КЕМЕЛ