Біз қазақтың музыкалық аспабы деп айтсақ, ойымызға бірден келетіні домбыра мен қобыз.
Шаңқобызды ұлттық мәнерде орындасақ
Фото: автордікі
1,360
оқылды

Алайда көпшілік біле білмейтін, дегенмен сахнадан түспей келе жатқанына міне, 50 жылдан асқан бір музыкалық аспап бар. Оның аты – шаңқобыз.

Шаңқобыздың зерттелуі мен қолданысқа енуіне бірден-бір себепкер болған маман – Болат Сарыбаев. Оқырман үшін жаза кетейік, Болат Сарыбаев бүгінде кеңінен қолданып жетіген мен шертер, сазсырнай мен дабыл секілді бірнеше аспапты қайта жаңғыртқан ғалым. Қазақ даласында шаңқобыздың таралуы жайлы толық зерттеу жасап, қағаз бетіне жазып қалдырған тағы да сол Сарыбаев. Сондықтан бұл мақаламызға негізгі арқау болатын Б.Сарыбаевтың 1981 жылы жарық көрген «Қазақтың музыкалық аспаптары» атты еңбегі.

Қазақ даласында шаңқобыздың кездескені жайлы ертеректе жазылған мәліметтер бар. Мысалы, 1718 жылы Семейге жақын жерде ұйымдастырылған сауда орындарында шаңқобыздың сатылып жатқанын 1795 жылы жарық көрген журналда жазылған. Сонымен қатар 1850 жылы қазіргі Орал маңына саяхаттаған саудагерлердің «қазақ қыздары шаңқобыз ойнап отырғанын» көрдім деп жазған жазбалары бар екен. Болат Шамғалиұлы 19 ғасырда мұражайларға тапсырылған бұйымдар ішінде шаңқобыздар да бар дейді. Олар Мәскеу мен Санкт-Петербургте сақталған.

Аспаптың атауына келейік. «Шаңқобыз» деген атау бізге қалыпты болып кеткенімен, ертеректе «шаңқауыз» және «шыңқобыз» деген атауы да болған екен.

Бұл жайында «Қазақтың музыкалық аспаптары» кітабында мұражайлардағы шаңқобыздар жайлы айтып, автор былай жалғастырады: «Түсініктеме жазуларында бірде шаңқобыз, бірде шаңқауыз деп аталыпты. Ал мұның өзі олардың әртүрлі аудандардан әкелгеніне дәлел. Себебі бұл аспапты Шымкент (қазіргі Түркістан – ред.)  пен Қызылорда облыстарының бірқатар ауданында, сондай-ақ Түрікменстан мен Өзбекстанда тұратын қазақтар шаңқауыз деп атаса, Қарақалпақстандағы қазақ тұрғындары шыңқобыз деп атайды».

Шаңқобыз жайлы бүгінгі күні аса құнды мәлімет берген Мырзатай Жолдасбеков еді. 2013 жыла «Егемен Қазақстанға» берген бір сұхбатында қазіргі Жамбыл облысы Талас ауданындағы балалық шағын еске ала отырып, келесідей айтқан: «Ол жылдарда, қайдан келетінін білмеймін, бақалшылар келетін ауылға. Оларды біз «долылар, сығандар» дейтінбіз, солар келетін кернейлетіп, сырнайлатып. Арбалары болады, арбасында айна-тарақ, неше түрлі жіп, ине, түйреуіш, керектің бәрін әкеледі. Сол жерден біздің ауылдың қыздары шаңқобыз алады. Мен талай жерде айтып жүрмін, мұндай құдіретті көрген емеспін. Менің күнделігімде де бар. Ауылдың қыздарының бәрі шаңқобызшы болатын. Кешке қарай мал жайғастырады, қозы-лақты көгендейді, ешкі-сиырды шешелеріне саудырады, бәрін тындырып келгеннен кейін, бәрі бір үйге жиналады. Бес қыз отырса шаңқобыз тартып, 6-шы, 7-ші, 10-шы, 15-ші қыздар келген жерден қосылып, тарта береді. Бұл қандай феномен! Дирижер жоқ, жетекші жоқ, арнайы білім жоқ, бірінен бірі үйреніп тартады. Ондай шаңқобызшыларды еш жерде көргенім жоқ. Біздің ауылдың қыздары, соғыс кезі, шаңқобыз тартқанда зар илетіп, сай-сүйегіңді сырқырататын».

Осы жерде бір жайтты түсіндіре кетсек. Шаңқобыз тектес аспап әлем халықтарында кең таралған. Орындаушылықтың шыңына жеткен хакас, якут секілді Алтай халықтарында бұл «варган» деп, ал көршілес қырғыз ағайындарда «темир комуз» деп аталады. Басқа да халықтарда түр-сипаты ұқсас, біртектес шаңқобыздар бар.

«Қазақтың музыкалық аспаптары» кітабында келтірілген мәліметке сәйкес, «Қыз Жібек», «Шоқ пен Шер» және басқа кинофильмдерге музыка жазғанда шаңқобызды домбырамен бірге немесе симфониялық оркестрдің құрамына қосып, ерекше үнін пайдаланған. 

Болат Сарыбаевтың қасында жүріп, шәкірт атанған Бейсен Жүнісов сол кездері Қазақ қыздар педагогика институтында тегі Бунин деген шебер болғанын айтты. Оның жасаған шаңқобыздары ең жақсы деп есептелген екен. «Шаңқобызды ең бірінші оркестр мен ансамбльге қосқан Гүлсара Піржанова» деді Б.Жүнісов. Бұл жайында Б.Сарыбаев та «Г.Піржанова небір күйлерді тамылжыта орындайтын маман шаңқобызшы ретінде танылып жүр» деп жазады. 

Бұл күндері шаңқобыздың насихатталуы жақсы. Шаңқобызды кәсіби және әуесқой деңгейін де тартып жүргендер баршылық. Десе де, бұл әрдайым болған емес. Болат Сарыбаев былай жазады: «Бұл күнде (кітап 1981 жылы шыққанын еске салайық) шаңқобыз таптырмайтын аспапқа айналды. Біздің қазақтың халық музыкасын жинайтын экспедиция 1966 жылы жазда… жалғыз ғана шаңқобыз таба алды. …Осы аспапта Әліпше Қарабаев деген кісі бізге бірнеше күй тартып берді».

Біздің уақытымызда шаңқобыз тартып жүргендер жайлы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының докторанты Әсет Жұмабаев өз пікірін білдірген еді. 

«Оркестрлік шығармаларда Гүлсара Піржанова қаншама әдемі дыбыстарды нақышты әуен ретінде, шығарманың нағыз реңін келтіріп тұрған. Марқұм Қожбанов Талғатта жақсы (дыбыс ерекшеліктері жағынан) үйреніп еді. Бір ғана «Ата толғауы» күйінің басында қандай әдемі мелодия естіледі!

Ал қазіргі күндегі ансамбльдерде шаңқобыз аспабын жөні жоқ жерге қосып темірдің дыбысын шығарып (Хакастар, Моңғол, Алтайлықтар, т.б. сияқты) сабалай береді. Меніңше, қазақ ән-күйлері сарынында дыбыстар ұлттық нақышқа сай әуен ретінде орындалса, онда ұлттық құндылығымыздың реңі ашылар еді». 

Әсет Жұмабаевтың пікірін негізге алып, музыка аспап жасау шебері Азамат Бақиядан да сұрап едік. Атақты «Тұран» және «Хассақ» ансамбльдерінің экс мүшесі келесідей жауап берді: «Бұл пікірмен келісем. Өкінішке қарай, біз де солай тартамыз арасында. Өйткені шаңқобызды тарту домбыра тарту сияқты. Сабалап тартуға болады. Дегенмен біздің шаңқобызды тартуымыз қырғыздарға келіңкіреу керек. Бұл жерде алдыңғы қатарға әуен шығады. Бұл өте қиын тәсіл. Меңгеруге болса да, мүмкін сұранысы жоқ шығар. Десе де, өзіміздің жеке ұлттық шаңқобыз тарту мектебін қалыптастыру керек. Қазіргі кезде сондайға ұмтылып жүргендер жоқ емес, бар. Мұның ұшқының Жалғасбек, Гауһар секілді жақсы шаңқобызшылардан көруге болады».

Құрметті оқырман, шаңқобыздың жағдайы – осындай. Дәстүрлі музыкаға өзгеше реңк беретін аспаптың насихаты мен орындалуы стилін әлі де жетілдірсе, ұлттық мақтанышқа айналуы әбден мүмкін. Бастысы, өзгеге еліктемей, өз күйіміз бен өз әнімізді, ұлттық нақышқа сай орындап жүрсе деген тілегіміз бар.

Бұған дейін Сарыбаевтар династиясы туралы жазған болатынбыз.