Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда депутаттар Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады.
Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін қарады
278
оқылды

Есептерді қарау барысында былтыр­ғы жыл­дың қорытындысы бойынша рес­пуб­ликалық бюд­жеттің негізгі көрсет­кіш­теріне қол жеткізілгені атап өтілді. Нақ­ты айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,3 пайызға ұлғайды. Жылдық ин­фляция деңгейіне қатысты да оң дина­мика тіркеліп отыр.

«Бүгін біз 2023 жылғы республикалық бюджет­тің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін және Жо­ғары аудиторлық палата­ның қорытындысын қарадық. Бұл – ел экономикасының дамуы үшін маңызды мәселе. Талқылау барысында сенаторлар фискалдық тәртіп, мемлекеттік борыш, эко­номиканың нақты секторын қол­дау, инфрақұрылым және басқа да маңыз­ды салаларға тоқталып, өзекті проб­лема­ларды көтерді. Осы ретте Үкімет мүшелері бүгін айтылған барлық ұсынысқа мән беріп, оларды жұмыс барысында ескеруі аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар депутаттар экономика сала­ларындағы негізгі реформаларға на­зар аударды. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін қаржылық, бюджет-салық және ақша-кредит саясатын тиімді үйлестіру, сондай-ақ осы бағытта барлық мүдделі тараптың жұмысты жүйелі түрде жүргізуі міндетті шарт екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мак­ро­экономикалық саясатты қайта жандан­дыруды тапсырды. Қазір Парламент қабырғасында жаңа Бюджет кодексінің жобасы талқыланып жатыр. Жаңа заңнамалар оның ішін­де Салық кодексі мен «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң ел экономикасының үдемелі дамуының берік негізі болуға тиіс. Осы бағытта Сенат Үкіметке қажетті заңнамалық қолдау көр­сетуге дайын», – деді Сенат Төрағасы.

Есептерді қарау кезінде Қаржы ми­нис­трі Мәди Такиев, Ұлттық банктің Төрағасы Тимур Сүлейменов және Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Әлихан Смайылов баяндама жасады. Отырысқа Премьер-Министрдің орынбасарлары, министрлер және агенттіктер мен ұлттық компа­ния­лардың басшылары қатысты.

Үкіметтің есебі мен Жоғары ауди­тор­лық палатаның қорытындысын талқылау нәтижесінде сенаторлар Парламент палаталарының бірлескен отырысында аталған мәселені қарау кезінде Сенат аты­нан қосымша баяндама жасау үшін сенатор Бекболат Орынбековтің кан­дидатурасын бекітті.