Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла­ның атымен бастай­мын! Бар­лық мақтау Аллаға тән! Оның Пай­ғам­бары Мұхам­медке салауаттар мен сә­лемдер болсын!
Құрбан шалудың сыры
3,033
оқылды

Құрметті бауырлар! Кеше ғана қасиетті Рамазан айын аяқтап, Ораза айтты тойлаған едік. Көзді ашып-жұмғанша Құрбан айт мерекесі де келіп жетті. Ұлық мерекеге аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкір­лер мен мадақтар болсын!

Бұл күндері әлемнің әр бұрышынан Мекке мен Мәдинаға ағылған мұсылман үмбеті Исламның бес тірегінің бірі болған қажылық парызын орындауда. Оның ішінде біздің де отандастарымыз бар. Қағбаны тауап етіп, тәубе етіп, құлшылық жасап жатқан барша мұсылманның дұға-тілегі мен қажылығы қабыл болғай. 

Алла Тағала кімге құрбан шалатын мүм­кін­дік берсе, яғни қолында қаражаты бар мұсылман баласы Жаратушы Жаббар Иесіне жақындау ниетімен Оның рақымы­нан үміт ете отырып, құрбан шалуы міндет болып есептеледі. Себебі «құрбан» сөзі «жақын­дау» деген мағынаны білдіреді. Демек, пенде Алланың разылығын көздеп, Оның мейіріміне бөленуді шынайы қалап құрбан шалу арқылы Жаратқанның жарылқауына бөленеді. Құрбан шалудың шариғаттағы анықтамасы мынадай: Құ­дайға құлшылық ниетімен ереже-шарт­тарын ескере отырып, мал шалу.

Кімнің бір қойды сатып алып, оны құр­бандыққа шалуға шамасы жететінін Алла жақсы біледі. Құдай біздің ішкі ние­тімізден де толық хабардар. Сондықтан құрбан шалу­дың негізгі мақсаты – адамды Аллаға жақындату. Тіпті, құрбан шалуға шамасы келмеген адамдар бұл күндері мұқ­таждарға садақасын беріп, Құдайдың мейірімінен үміт етеді. Құрбан айт күндері әр адам өзі­нің материалдық мүмкіндігі аясында құр­бан шалып, жақсы істерге ұмтылатыны сон­дықтан. 

Құрбан шалу – Аллаға деген ықыластың үлкен белгісі. Исламдағы барлық құлшы­лықтың түпкі мәні мен мақсаты – пенденің ықыласын арттыру, шынайы ниетті шыңдау. Өйткені қорасында қойы бар шаруа немесе қолында қаражаты бар адам малдың ең жақсысын, яғни семізін, ірісін Алла жо­лына арнап, құрбандыққа шалады. 

Жаратушы Иеміз Құранда мұсылман баласына ең жақсы көрген нәрсені садақа етуді, яғни Алла жолында жұмсауды бұйыр­ған. Бұл туралы қасиетті кітабымызда былай делінген: «Жақсы көрген нәрсе­леріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла оны сөзсіз толық біледі» («Әли Имран» сүре­сі, 92-аят). Жомарт жан Алла үшін барын ая­май­ды. Жақсы көретін дүниесінің ең жақ­сысынан құрбан шалып, садақа береді. Мұндай игі істі ыждағатпен орындаған адам міндетті түрде жақсылыққа кенеледі. 

Ислам тарихынан белгілі, Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қартайған шағында қаншама жыл күткен баласын құрбандыққа шалып жатқанын түсінде көреді. Бұл Раббысының әмірі еке­нін түсінген ол шынайы берілу, толық мойынсұну, Алланың нағыз досы екенін дәлелдеу ниетімен ауыр сынақ бола тұра үлкен құрбандық жасауға бел буады. 

Алланың сынағынан сүрінбей өткен Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сә­­лемі болсын) көктен көк қошқар түсі­ріледі. Құрбан шалу рәсімі осы сәттен бастап мұсылман үмбеті үшін сүннет амал болып қалды. «Құрбан шалу – Ибраһим бабаларыңның салып кеткен жолы. Құр­бан­дыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар» деген ха­дистің мәні осында жатыр. 

Адам баласы қажет кезде Алла жолында ең құнды нәрсесін қия білуі керек. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) үшін ең бағалы, ең құнды, ең сүйікті, жүре­гімен жақсы көрген перзенті болса, соның өзін Алла үшін еш ойланбастан құрбандық етуге дайын болған еді. Алдында екі таңдау тұрғанда еш қиналмастан Жара­тушысының разалығын таңдады. Біз бұдан Алланың разы­лығы ең жоғары құндылық екенін жіті түсінеміз.  

Шын мәнінде, Алла біздің мал-мүл­кімізге, бала-шағамызға, атақ-абы­ройы­мызға, мансабымызға мұқтаж емес. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған та­қуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят) делінген. Алла Та­ға­ла біздің шынайы ықы­ласы­мыздың дәрежесіне қарай мәртебемізді де жоғары көтереді. Өйткені тапқан табысының белгілі бір үлесін Алла жолына арнау үлкен жомарттықты қажет етеді. Бұл – сараң адам үшін ауыр амал. Тіпті, Алла ондай адамдарға құрбандық жасау бақытын бұйырмайды. 

Құрбан шалу рәсімінің жеке адамға тигізер пайдасына келер болсақ, ең әуелі пенде бұл арқылы Аллаға жақындай түседі, тақуалығын арттырады. Құрбан шалу амалы адамның Аллаға деген шүкірін кө­бей­теді. Жүрегіміздегі Аллаға деген ма­хаббатты оятып, ықыласымызды арттыра түседі. Сонымен қатар дүниеге деген сүйіс­­пеншілігімізді азайтады. Жүректі дүние­құмарлықтан тазартады. Жүректі кір шалса ол жерге иман ұяламайтыны белгілі. 

Шын мәнінде, Жаратушыға жақын­дататын амалдардың бірі – Алла жолында дүние жұмсау. Хақ Тағала жақсылық жолында шынайы ниетпен дүние жұмсаған адамның байлығына береке нәсіп етеді. Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят) делінген. 

Құрбан шалудың қоғамға тигізер пай­дасы да ұшан-теңіз. Сол үшін асыл дініміз жағдайы келген мұсылманға құрбан шалуды міндеттеген. Тіпті, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын): «Шамасы жете тұра құрбан шал­маған жан намаз оқитын орнымызға жақындаушы болмасын!» – деп қатаң ескерткен. Иә, байдың малында кедейдің ақысы бар. Қара суды қанағат тұтып жүрген жандар мейрам күндері ет жеп, мәз-мейрам күй кешеді. 

Құрбан айт – бай мен кедейдің арасына мейірім­ділік сезімдерін сыйлайтын сәт. Расында, айт – ағайын арасын жа­қын­дастыра түсетін, адамзат бала­сын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәу­беге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күн­дері барша мұ­сылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. 

Жаратушыға иман келтірген үмбеттің әрбір ғи­ба­даты, құлшылығы, тіршілігі Алла Тағалаға бой­сұнушылыққа негізделген. Хақ Тағала Құран Кәрімнің Әнғам сүресінде былай деп бұйырды: «Шын мәнінде, менің намазым да, құлшылығым да, тіршілігім де, өлімім де әлемдердің Раббысы Алла үшін деп айт». Сондықтан да мүміннің қуанышы, мерекесі де Жаратушымен бірге, Раббысының әмір-тыйымын орындау ар­қылы болады.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін та­­ны­ған адамға да, таны­маған жанға да ас беруді, оған қайырымдылық жа­сау­ға үндеген. Шын мәнінде, Құрбан айт ренжіскен кісілердің көңілін жібітеді. Құрбан айт қоғамда әлеуметтік мәселелерді шешуге оң ықпал етіп келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын Құрбан айт мейрамы кезінде жо­март жандардың көмегінің арқа­сында мыңдаған тұрмыс жағдайы төмен отбасына, жетімдерге, қараусыз қалған қарт­тарға, жалғызбасты аналарға, жалпы, кө­мекке мұқтаж жандарға құрбандық етін үлестіріп келеді. Имамдарымыз Құрбан айт күндері қоғамға қайырымдылық істерді дәріптеуге барынша үлес қосуда.  

Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер аза­маттарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеу­меттік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұрт күнде тұтынатын азық-түлік­ке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сын­ды адамгершілік құндылықтарды қалып­тастыру екенін естен шығармаған абзал. Алла­ның рақым нұры төгілетін айтта жұрты­­мызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.

Алла Тағала еліміз бен жерімізге берекесін жаудырып, шалған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды, айт күндері амал­ға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істерімізді қабыл еткей. 

Айттан айтқа аман-есен жете берейік! 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти