Адамзаттың арманы асқақ, үміті зор: «келер күнім кемел болса екен, арғы күн одан да биік, таңы жадырап атып, күнін бұлт шалмай, күліп тұрса екен» дейді.
Ұрпақ тәрбиесі –  ұлтқа сын
200
оқылды

Бұл көбінде қарапайым бұқараның тілек-тілеуіндей көрінетіні және бар. Осымен күн кешіп, өмір өткізіп келеміз. Мұндай тірлікте құт мекен жері бар, көзге түртіп көрсетер рухани құндылығында кемдік жоқ, өнегесі өрісті, өрелі ұрпағы бүтін, түтіні түзу шығатын жұрттар ғана алаңсыз болатыны ақиқат.

Тәубе дейік, бағалай алсақ, өзім­шілдіктің жетегінде кетіп, жалған сөзбен желпінбесек, жат қылықтан тыйылсақ, әлгі өзім­шілдікті өзектен теуіп, ұлттық деген ұлы ұғымға ұйысақ, қазақ қапы қалмас еді. Бүгінгі қазақтың, кешегіден келген біздердің (кем-кетікті бір сәт естен шығарсақ) бақ-тәлейіміз тастан да зор екен десек, кім таласа қояды?! Неге десеңіз, амалы таусылып қорлыққа көніп, зорлыққа төтеп, осы күнді аңсап кеткен баба­ларымыздың «Қол-аяғым бұғауда, Тарылды байтақ кең жерім» (Жиембет жырау), «Дұшпаннан көрген қорлығым, Сары су болды жүректе» (Ақтамберді жырау) деген құсалы зарынан құтылып, құлдық сананың, құлқын­дылардың кесірі болмаса, «Біз – қазақ» дегенге тіл күрмелмейтін болды. Осы ұлы ұғымды ертеңгі ел иесі, болашақ­тың алтын арқауы болатын ұрпақ санасына қапысыз сіңіре алып жүрміз бе? Әлде сөз түзу, іс бұралаң ба?

Балаң ұрпақ арасында кездесе беретін «әттеген-айлар», қайырымсыздық пен қатыгездік әлгі сұрақтарды алға тарта береді. Оның себебін бүгіп қалып, салдарын саңқылдап айта беретін болдық. Нәтижесі күңгірт қала береді. Ел болғанда бүгінгі алдыңғы толқын бабалар үлгісімен: 

«Балаларыма өсиет,

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айырылма, 

Бірлікте бар қасиет» (Ақтамберді жырау), «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел-жұрт болуды ойлаңдар» (Майқы би), «Ұлым, саған айтайын өсиетін дананың: Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым» (М. Қашқари) деп толғаса, алаштық рухпен, таза ниетпен, өз мүддемізден оздырып, ұрпақ ала-құла болмасын деп, көз тіккен­дердің жанары жасаураған жері дарқан, халқы аздау жұртымыздың ұл-қызы бай баласы, кедей баласы секілді жетесіздік желкеден алмасын деп, «Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу – қазақ баласына міндет» (А. Байтұрсынұлы) дей алсақ, есеміз кім көрінгенге кетпес еді, жастар шетінен отаншыл болар еді.

Иә, отаншыл дегеннен шығады, Отаннан асқан биіктік, Отаннан есқан кие, құдірет жоқ болар. Халық даналығында «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» екен. Ал «Алтын анам – Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ деп, ер қайратына мін-дағы өрге бас» депті Мұхтар Әуезов, «Отан үшін отқа түс – күймейсің. Опасызда Отан жоқ. Отанда опасызға орын жоқ» десе Бауыржан Момышұлы, «Екі Отан жоқ. Жалғыз Отан – мекенің!» дейді Мұқағали Мақатаев. 

Отан деген ұлы ұғымды естігенде селт етпейтін, серпілмейтін кім бар екен? Сұрапыл соғыстардың бетін Отан сөзімен қаруланған қаһармандар қайтарғаны тарихтан мәлім. Оған Момышұлының жүрген жолы, семсер сөзі дәлел. Кешегі сұм саясат­тың соқпағын салып, өшпестей болған кеңесіңіз Отан сөзін ту етіп көтерді. Көп жерде сонымен ұтқан болды. Бірақ өз Отанын аңсағандар оны тырапай асырып, жарылқайды деп капитализмге тізгін тарт­ты. Нарық қарық қылады деді. Ол, шіркін, күшенген күштілерді балапандатып еді, қара қанаттанғанда арты күмәнді үстем оли­гарх бола қалды.

Дегенмен сол кеңес кезеңі жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл аударды. Өткеннің бәрін қоқыс дей бермей, қолға ілінген озығына «жан» бітірсе қайтер екен? Тәуелсіз елдің ұл-қызының рухын оятып, ертеңгі ел иесі сендерсіңдер деген озық ой аясында пайдалы шаралар ұйымдастырса да болатындай. Таяуда соның біріне куә бол­ғанымыз бар. Ол – Алматы облысы Еңбек­шіқазақ ауданының орталығы, төрткүл дүниені тамсандырған,  алтын адам табылған Есік қаласында «Қазақстан жас патриоттар академиясы» қоғамдық бірлес­тігінің ұйытқы болуымен, біраз жылдан бері өтіп келе жатқан отаншыл оқуш­ы­лардың форумы еді. Бұл істің мақсаты қандай дегенге келсек, өскелең ұрпақтың патриоттық рухын ояту, яғни алда ұлылар сөзінде айтыл­ған Отан ұғымын санаға сіңіріп, ойына орнықтыру, ұлттық құнды­лықтардың қасиетін танытып, зерделей білуге, өткен бабалар жолын бүгін жақсы тірлікпен ұштастыруға, білім мен тәрбиені қатар алып жүруге, мемлекеттік тілді, ділді түйсінуге, түйіп айтқанда, мемлекетшілдікке баулу.

Форумға Алматы, Қарағанды, Ұлытау, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарының өкілдері қатысып ой бөлісіп, тәжірибе алмасты. Салтанатты ашылу сәтінде білім мекемелерінің басшылары атқарылған іс, алда тұрған міндеттерге тоқталса, патриоттар академиясының іргетасын зейнетте жүріп қалаған, бүкіл саналы өмірін білім ісіне арнаған Тілдаш Битуова тоғыз жылға таяу уақыттан бері ұлы дала ұрпақтарын қатыстырған игілікті жұмыс барлық өңірде жалғасын тауып келе жатқанын, отаншыл мектеп оқушылары саны 3,5 мыңнан асатынын, алдыңғылары жоғары оқу орындарында білім алып жатқанын алға тартып, «Отаншылдық ұғымды әр баланың санасына мектеп партасынан сіңірсек, Анаңды қалай сыйласаң, Отаныңды да солай құрметтеуге тиіссің» деген ұлттық идея арқылы жат қылықтан бойын аулақ салуға жетелесек, бір сөзбен айтқанда, әр азамат, әр қазақ, әрқайсымыз отаншыл болсақ, ұрпағымыз тура жолдан таймайды деген ол Алматы, Жетісу облыстарындағы қоғамдық бірлестіктің филиал басшысы Жанатгүл Бітімбаеваға жүйелі жұмысына ризашы­лығын білдірді. Ал қоғамдық бірлестіктің ірге тіктеуіне көп үлес қосқан Мұхитдин Төлепбай ұрпақ қамын алдымен ойлаған елде мұндай пайдалы жұмыстың аса қажет­тігін атап, кеңес дәуірінде өзі «шекпенінен» шыққан ұйымдарды еске түсіріп, Қытайда 200 млн, Ресейде 16 млн жас өскінді біріктіретін қоғамдық орындардың барын айтып, Отанымыздағы барлық мектепте ел тануға, елге қорған болуға жетелейтін жас патриоттар бірлестігі болса екен деген ойын ортаға салды.

Генерал Абай Тасболатовтай рухты азамат қатысушыларға көгілдір экранда үн қатып, «әр бала Отан дегенде тік тұрып қызмет жасау парызым деуі тиіс» деді. Ел Қарулы Күштері, Ұлттық әскери-патриот­тық орталығы бастығының орынбасары – филиал басшысы Ербол Игісінов патри­от-

тық тәрбие арқылы жастарды белсенділікке ұмтылдыруға, ұлы Отанымыздың адал ұлдарының қатарына қосуға атсалысу ортақ борыш екенін атап, «Жалпы, ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін басты орын – мектеп, отбасы. Одан кейінгі тәрбие ұс­таз­дан, алдыңғы толқыннан, тіпті патриотизмді әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Бұрынғы аналарымыз ел ісінде ұлы күмілжісе, «сені құл болсын деп туғам жоқ, ұл деп тудым» деп қаһарына мінген. Алаш арыстары, Желтоқсан батырлары отан­шылдықтың символы емес пе, біз сондай ардақтылар аманатына өзіміз ғана адал болып қана қоймай, сап түзеп тұрған өскін ұрпақты да балапандай баулуымыз керек. Ұлт батыры Бауыржан Момышұлы бабамыз: «Ежелден ел тірегі – ел тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі» деп еді. Біз соған сай Отан­ымызға тік тұрып қызмет етуге міндеттіміз» деді. Сол секілді қазақ елінің Ішкі істер министрлігі М. Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары Елнар Жақиянов, нағыз ел ұланы болуды мектептен бастау бойынша іс атқарып келе жатқан қоғамдық бірлестіктің жұмысына оң баға беріп, Ту көтеріп тұрған жас патриот­тарға: «Сендер халқымыздың қаһарман батырлары секілді қазақ елінің рухы мықты, білімі терең Отанын шын сүйген нағыз азаматтары болуға тиіссіңдер!» деп ел сенімі ерге сын екенін жеткізді.

Семей, Шымкент, Жезқазған қалалар­ынан келген С. Түсіпов, Ш. Бейсембаева, Е. Серкебаев, ата-аналар атынан Ф. Махам­ет­кәрімова, өзге де ұл-қызға білім беріп, тәрбие үйретіп жүргендер қоғамдық ұйым­ның берер тағылымына тоқталып, өз тәжірибелерін ортаға салды. Әсіресе, ­­Т.Молда­ғалиев атындағы Мәдениет ғи­марат­­­ының салтанатын асырып, көк Туды желбіретіп, Әнұранды асқақтатқан көңілі таза, ниеті түзу, жалынды, отаншыл, әр тараптан жиналған оқушылардың қай­ыңдай тербелген қимылы, саңқылдаған үні, таспадай тартылған рухты сөзі жиылған жұртты ерекше әсерге бөледі. Іле ау­дан­ындағы №38 мектеп-гимназияның, Есік қаласындағы М. Ломоносов орта мектебінің «Жас сарбаз» сыныбы оқу­шылары көрсет­кен көріністер Отанға деген шын сүйіс­пеншілікті дәйек­теді. Соңында оқушы­ларды патриоттық рухта тәрбиелеуге үлес қосып жүрген әскери қызметкерлер марапатталып, үлгілі деп танылған бір топ оқушы Жас патриоттар академиясының қатарына қабылданып, оларға төсбелгілер тапсырылды.

Осы шарадан ұққанымыз, ұлттың тірегі, тынысы – толқын-толқын ұрпақ екені дау туғызбайды. Ұрпақ түзу жолға түссе, қилы-қилы сұмдықтар болмайды, шарадай бас шақшадай болмайды. Ол үшін мемлекеттік деңгейдегі осындай жұмылдырар ұйым болса ұтылмас едік. Иә, жоқ емес, бар. Басталуы дүрілдеп, соңы қожырайтын сәйкессіздіктен құтыла алмай келеміз. Осы­дан келіп, қазір ұранға айналдырып алған қорлық-зорлық, әлімжеттік етек алып бара жатқан жоқ па екен? Әлде тәрбие стан­дартының жүйесіздігінен бе? Білім мәселесі, білім стандарты жиі айтылады, тәрбие қалыс қала береді. Неге? Әлемдік дегенде таңдайымыздан шаң шығады. Әлемдік керек, көшіре салмай, жақсысын алсақ. Тәрбие жайы мәлім, халық педагогикасы ауызға алынбайтын болды. Халық педагогикасын әлгі әлемдікпен ұштастырып жаңа­ртсақ, халықтық қалыпты орнық­тырсақ, ұрпақ қанында, жанында бар адами қадір-қасиетті, ар-ұяты, жақсы мен жаманды, тыйымды түйсінер еді. Қанына, жанына үйлеспейтін қырсық қылықтардан аяғын тартар еді, қайырымсыздық, қатыгездік жойылар еді. 

Халқы көптер неден қаймықсын? Аттап өтіп, адымдап басып жүре береді. Жалпы, тәрбие ісін білім ісінен бір мысқал да қаға берісте қалдырмай, құстың қос қанатындай қатар қақтырмаса, жаға ұстатар жайттар азаймақ емес. Әл-Фараби айтқан, тәрбиесіз білім құмға құйған су болмақ.

«Құдайдан соңғы күшті нәрсе – рәсім» дейді Ә. Бөкейханов. Рәсіміңіз халықтық қалып, ұлттық тәлім-тәрбие ғой. Ендеше бұл іс бір білек болмай, әлемнің шуақтысын ғана ұлттық үлгімен қабыстырмай, зердеден өткізбей тұспалмен ала берсек, әттеңнен арылмаймыз. Ол балабақшадан, тіпті отбасынан басталып, барлық жерде қатаң қадағаланбаса, буын қатып, сүйекке сің­геннен кейінгі жерде, үркітуден, қор­қытудан, сарнап сөйлеуден түк те шық­пайды. Кеш сермеген қол – өкінте де, өкірте де береді. Оның түрлі көрінісі үрей­лендірумен келеді. Ертең қап деп қалмас үшін, баянды бастама, тіпті зорлық-зомбы­лыққа қатысты қабылданған заң секілді «бәрекелді» дегізер түзу құжат керек екені ақиқатқа айналып отыр. 

Алда сабақ болар деп, отаншылдыққа қатысты жанкешті әрекет етіп жүрген қоғамдық бірлестіктің талпынысын термелеп жазып отырмыз. Қалай десек те, тәрбие стандарты Отанымыздағы барлық білім ұясына темірқазық болуға тиіс. Оның зерттелген, жетілдірілген, уақыт талабына жауап беретін жаңа бағдары жасалып, қабылданып жатса нұр үстіне нұр болмақ. Заман, нарық деп ала қойды бөле қырық­қандай түрлі мектепті көбейтіп, әсіресе бай-бағлан, шіренген шенеунік делі­нетіндердің ұл-қызын бөлектей беру қалай болар екен? Бұл ұлттан бұрын заманды сылтауратып, еркіміз бар деп екпіндеп, ұлт ұрпағын алалау, қарғадайынан бөлектеу емес пе? Абай дана: 

«Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек, 

Заман оны илемек», – деп бекер айтпаған болар. Иленбесек екен.

Ана елдің білім жүйесімен, мына елдің білім тәсілімен оқытады екен деген білім ұялары жетеді. Ондағы тәрбие ісі не күйде? Онда шетелдік бағдар басым болып, отандық тәрбие стандарты жетімнің жайын бастан кешсе, ұлт жолы тарылды дей беріңіз. Советтен қалған, арыла алмай әлі жалпақтай беретін, шулап айтатын кейбір «кеселдер» сөзімізге дәйек. Оны ойлы жұрт біліп те, көріп те, естіп те жүр. Төлейтін ақшасы төбе-төбе «керемет» мектептерден шық­қандар, шетелден білім алғандар, таба­ны тас­қа тимей, қалы кілем басқандар сол ескі ізді алда жалғап кетуі ғажап емес. Кейбір нышандар байқалып та қалып жүр.

«Қазақ биін орыс судьясына аударамын дегеннің еш қисыны жоқ» (Ә. Бөкейханов) демекші, бір сәт ұлттық менталитетке де ден қойсақ, қане. Қазаққа дәл қазір қара табан кедей адам емес, артына ұялмай қарайтын «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады» (Ә. Бөкейханов) дейтін, сөзі мен ісінде алшақ­тық жоқ кемел адам керек болып тұр. Рухты оятпай, жетектеп кете берсек, бұл ұлтқа қауіп әкелуі мүмкін. Ең қиыны, ұрпағымыз ұлт ісін, намысты естен шығарып, ұрыншақ, есірік мінез танытса, қыңыр тартса, әттеңнің көкесі сонда болмақ. «Жігіттер күн болды ойланарлық...» демеп пе еді Шәкәрім. Ендеше ұлт ұрпағының тәрбиесіне ойланатын кез келді ме, әлде асып кетті ме?

Сүлеймен МӘМЕТ