Құстар – табиғат өркі, аспан елшілері, еркіндік символы. Адамзатқа келтіретін пайдасы да мол. Сондықтан қанаттыларды қорғау мен қамқор көрсету – адамзаттың міндеті.
Құстар, құстар  сызылтып ән салады...
517
оқылды

Әлем халқы құстарды қорғау мақсатында көптеген жобаларды іске асырып, көптеген заңдар қабылдады. Мысалы, құстарды қорғау мақсатында 1906 жылы 1 сәуірді – Халықаралық құстар күні ретінде белгілесе, 14 мамыр – Халықаралық жыл құстары күні боп аталып өтіледі. Бұл табиғат жанашырларының көңілін аулау үшін ғана күнтізбеге енгізе салған дата емес. Дүниежүзі экологтары мен орнитологтары осы күндері құстарды сақтауға және олардың сирек кездесетін түрін қорғауға шақырады. Ал елімізде қанша құс түрлері бар, оларды қорғау қай деңгейде?

Қазақстан құстарды қорғау мен сақтау барысында «Биологиялық алуандықты сақтау Конвенциясы», «Сулы-батпақты алқаптар туралы Рамсар конвенциясы», «Көшіп-қонып мекен ететін жануарларды сақтау Конвенциясы», «Жыртқыш құстарды сақтау келісімі», «Сүй­ріктұмсықты шалшықшы жөніндегі өзара түсіністік меморандумы» сияқты түрлі халықаралық құ­­жат­тарды ратификациялаған. Еліміздің аумағы арқылы құстардың небір көші өтеді. Жылына екі рет мил­­лиондаған құс еліміздің алып аумағын мекен етеді. Кейбірі ұя салып, балапан өрбітсе, кейбірі айлақ ретінде ғана пайдаланады. Ресейдің Шығыс Еуропаға жататын бөлігінен, Батыс Сібірден, Қазақстаннан жылы ме­кен іздеп ұшатын құстардың бір бөлігі Оңтүстік-шығыс Азияға, Шығыс Азияға, тіпті Африкаға дейін ұшады. Мамандардың мәліметі бойынша, Қазақстанның табиғат жана­шыр­лары көктем сайын қуана қар­сы алып, күз сайын қимай-қимай көз­бен ұзататын жыл құстары әлемнің 63 еліне ортақ табиғи ресурс болып есептеледі екен.

Қазақстанда 21 отрядқа және 61 тұқымдасқа жататын құстың 500 түрі кездеседі. Оның 90 түрі отырықшы, 313-і қоныс аударатын, 68-і ұшып келетін, 29-ы ұшып өтетін құстар. Қазақстанның «Қызыл кітабына» құстардың он екі отря­дының 57 өкілі кіреді. Мұндағы құстар далада да, шөлде де, орманда да, таудың бөк­тері мен биігінде, табиғи ай­мақ­тардың барлығында тіршілік етеді. Еліміздегі табиғи аймақтардың әралуандығының ерекшелігі – Қазақстан орнито­фау­насында қоқиқаз, жорға дуадақ, қара боз­торғай, бірқазан, қылаңтөс бұл­­­дырық, орақтұмсық, жұмақ шы­­быншы және басқа да таңғажайып құстар кездеседі, ал оларды табиғатта кездестіріп қалу – нағыз құс­сүйерлердің арманы. 

Биоалуандықты сақтау қауым­­дастығы Қазақстанның құстарды қорғау одағымен бірлесіп проб­лемаларға назар аудару үшін жыл сайын «Жыл құсы» ақпараттық нау­­қанын өткізеді. Мәселен, биыл жыл­дың құсы деп маубас жапалақ танылды. Қазақстандағы био­алуан­түрлілікті сақтау ассоциациясы (АСБК) мүшелері 2024 жылдың құ­сын анықтауда маубас жапалақ пен қара сайрақты қатар қойып дауыс бергенде алғашқысы 83%-бен озып шыққан.

«Жыл құсын» таңдау науқаны 2006 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Ең алғаш 2006 жылы тарғақ құсына сондай мәртебе берілсе, 2007 жылы – қар­­­лығаш, 2008 жылы – тырна, 2009 жы­лы – қара бозторғай, 2010 жы­лы – қараторғай, 2011 жы­лы – шымшық, 2012 жылы – дала қыраны, 2013 жы­лы – шиқылдақ қаз, 2014 жылы – ақбас үйрек, 2015 жылы – орақтұм­сық, 2016 жылы – торғай, 2017 жы­­­лы – үкі, 2018 жылы – то­­­­қыл­­­­­дақ, 2019 жылы – дуадақ, 2020 жы­лы – ителгі, 2021 жылы – бір­­қазан, 2022 жылы – бұлбұл, 2023 жы­лы көкқұс таңда­лыпты.

Мұндай тәжірибе шетелдерде кеңінен танылған. Мәселен, Жаңа Зеландияда жыл құсын таңдау шара­­сына тұтас халық болып атсалысады екен. АСБК мүшелері Қазақ­стандағы «Жыл құсы» ак­циясын барша аза­маттың қолдауын құп­тайды. 

Құстар туралы құнды кітап жарық көрді

Жуырда табиғат пен құссүйер қауым үшін сүйінші жаңалық болды. Қазақ орнитология ғылымының кітапханасы дерегі мол, мазмұны бай үлкен еңбекпен толықты. Аста­надағы Nur Alem (ЭКСПО) па­вильонында алғашқы таныс­ты­рылымы өткен «Қазақстан құс­тары. Далалық анықтағыш» деп аталатын бұл кітап еліміздің аума­ғында кездесетін 500-ден астам құстың түрін түстеп, суретін беріп, толық сипаттамасын жүйелеп ұсынған. Барлық құстың қазақша атаулары түгенделіп, биотобы, таралу аймағы және басқа да көптеген мәліметі қамтылған. Кітап сонысымен де аса құнды һәм маңызды.

Айта кетейік, кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы В.Рябицев, А.Ков­­шарь, В.Ковшарь, Н.Берё­зовиков сынды ғалымдардың авторлығымен алғаш 2014 жылы жарық көрген. Енді міне, Қазақстанның био­алуан­дығын қорғау ассоциациясы «Ше­врон» компаниясымен серіктестікте жүзеге асыратын Students for Nature жобасы аясында қазақ тіліне ау­дарылып, бұрын кеткен кем-кетік­тері ескеріліп, жарыққа шығып отыр. Анықтағышты қазақ тіліне аударғандар – кәсіпқой зоологтар, қазақ тіліндегі зоология оқу­­лық­тарының авторлары Бірлікбай Есжанов пен Қылышбек Мұсабеков (өкінішке қарай, Қ.Мұсабеков таяуда о дүниелік болып кетті). 

Кітап орнитологтер мен құстарға қызығатын адамдарға арналған: оны табиғатта кездестіріп қалған құстың түрін анықтау үшін қолдануға бо­лады. Әрбір құстың тұсында бір­неше суреті, таралуының сызба-картасы мен түрді анықтау керек кезде мән беретін белгілердің сипаттамасы жазылған. АСБК Құстардың да­ла­лық анықтағышын универ­ситет­терге, ерекше қорға­латын таби­ғи аймақтарға (ЕҚТА), мектептер мен кітапханаларға тегін беруге ниетті. 

Жабық өткен тұсаукесер кешінде Қазақстандағы Ұлыбританияның елшісі Кэти Лич, Парламент Мәжі­лісінің депутаты Жанар­бек Әшім­жан, Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің тө­р­аға­сының орынбасары Андрей Ким, АСБК ғылыми директоры Сергей Скляренко, Шеврон ком­пания­сының әлеуметтік инвестиция жөніндегі кеңесшісі Лейла Айт­мұханова мен түпнұсқа кітаптың құ­растырушысы, орнитолог Вик­тория Ковшарьлар сөз сөйледі. 

Бұл еңбекті Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич те жоғары бағалады. «Кітап қазақ тілінде болғандықтан, сөзімді түгел қазақша айтайын» деген ол авторлар құрамы өте зор, аса қажырлы іс тын­дырғанын атап көрсетті. Ал «Шев­рон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұханова осындай үлкен жобаны жүзеге асырған әріптестерге алғысын жеткізді.

Расында да, бұл кітап бір жа­ғынан орнитологтармен қатар, та­биғат пен құстарды сүйетін, құс қа­рауды, құстар әлемін қызықтауды жақсы көретін барлық қазақстандық үшін таптырмас көмекші құрал болса, екінші жағынан көптеген құстың қолданыстағы қате, жаңсақ атауларын бір ізге түсіруге де септігін тигізбек.

Айта кетейік, іс-шараға кітап авторларының бірі, орнитолог Вик­тория Ковшарь, орнитолог, АСБК қолданбалы биология орта­лығының директоры Сергей Скляренко мен басқа да ресми өкілдер қатысып, өз лебіздерін білдірді.

«Осындай тамаша кітаптың шы­ғуына мұрындық болу – біз үшін үлкен мәртебе. 10 жыл бұрын шық­қан орысша басылымның маңызы зор еді, бүгін шыққан басылымның да маңызы енді арта бермек. Орни­толог ретінде айтарым, Қазақ­стан­дағы құстар әлемі әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Кәсіби тұрғыда орнитологиямен айналысатын ма­мандар саусақпен санарлық. Сол себептен де адамдар ғалымдарға құс­­­тар туралы жаңа ақпарат алуға көмектесуі керек, бұл азамат ғылым деп аталады (ағылшынша – Citizen science). Ал қазақша басылған кітап бөдуочерлердің көбеюіне септігін тигізеді. Қазақстанның аумағы өте үлкен, оған бірнеше Еуропа елдері сыйып кетер еді. Қазақстан құста­­­рының тізімі жылдан-жылға артып жатыр. Жыл сайын қоныс аудару маусымында еліміз арқылы Қазақ­станда тіркелмеген құстардың түр­лері ұшып өтеді. Енді міне, ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда жұмыс істейтін не соның маңында тұратын адамдар, оқушылар мен қазақша әдебиетке зәру боп келген біраз адам осы жұмысқа қосыла алады. Пайдасы да, маңызы да зор кітап шықты. Басылымды дайын­даған барша адамға құтты болсын!» – дейді Сергей Скляренко.

Оған қоса, тұсаукесер кешінде National Geographic Qazaqstan ұйым­дастырған «Қазақстан құста­ры» фо­то­көрмесі ашылды. Көрмеде Қазақстан орнито­фау­насының әр­алуандығын суретке түсірген кәсіби фотографтардың жұмысы қойылды. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары көрмеге келіп, еліміздегі фаунаның әсемдігі мен байлығын көріп, биологиялық әралуандықты сақтап қалу неліктен маңызды еке­нін біле алады. 

«Мемлекет тарапынан қажетті қолдау мен көңіл бөлінуге тиіс»

Жалпы, құстарды зерттейтін ғы­лым саласын орнитология десе, құстанушыларды орнитолог дейді. Осы ретте біз орнитолог Руслан Ораз­ғалиевтан еліміздегі орни­­­тология саласындағы мәселелер мен дамуы жайында сұрағымызды қой­ған едік. Оның айтуынша, елімізде әлі де мемлекет тарапынан бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінуге тиіс деп санайды. 

«Қазақстанда орнитология ғы­лымы, басқа ғылымдар секілді, ерек­­­ше қолдауды қажет етеді. Біздің елде бұл саладағы жағдай күрделі күйде. Орнитологтардың зерттеу жұмыстарынан қажетті нәтижелер алу үшін мемлекет пен тиісті ми­нистр­ліктер тарапынан қажетті қолдау мен көңіл бөлінуге тиіс. Бірін­шіден, шетелде орнитология сала­сында қандай жұмыстар атқа­рылса, біздің қазақстандық маман­дар да сол жұмыстарды жасай алады. Шетелдік мамандардың жүргізетін зерттеу­­лерін отандық орнитологтер де жүр­гізе алады. Екінші мәселе – олардың зерттеулерінің нәтиже­­леріне мән беру. Шетелде ғалымдар мен маман­дардың зерттеу нәтиже­­лері мен деректеріне ерекше көңіл бөлінеді. Өкінішке қарай, Қазақ­станда ға­лым­дардың айтқан пікір­лері мен олар­дың зерттеу нәтиже­леріне кейде көңіл аударылмай, ес­ке­рілмей жата­ды. Басты айыр­машылық осында деп айтуға бо­лады», – дейді ол.

Жалпы, экологтар мен Мәжіліс депутаттары құстар мәселесін бір­неше рет көтерген болатын. Мәсе­лен, 2017 жылы Парламент Сена­тының депутаты Мұрат Бақ­­­тияр­­­ұлының әріптестері атынан сол кездегі Премьер-Министр Бақыт­жан Сағынтаевқа жолдаған сауа­лында елімізде аң мен құстың 300-ден астам түрі толық жойылуы мүм­кін екенін айтып дабыл қаққан еді. «Қазақстан – аяулы мекеніміз. Елімізде табиғи байлық мол. Соның бір көрсеткіші – аң мен құстар. Осы уақытқа дейін олардың көбісі Қызыл кітапқа енгізілді. Мемлекет тара­пынан қорғалатын табиғи қорық­тардың көлемі 23 млн гектар ау­мақты, ал аңшылық  шаруа­шы­лықтардың иелігіндегі аумақ 118 млн гектарды құрайды», – деді сенатор. Оның айтуынша, қор­шаған ортаны қорғау бағытында мемлекеттік бағ­дарламалар да бар­шылық. Алайда бұл мәселеде дабыл қағарлық жағдай көптеп орын алуда.

«Ресми мәліметке сүйенсек, же­рімізде мекендейтін аң мен құстың 300-ден астам түрі толық жойылып кету қаупінің алдында тұр. 2015 жыл­мен салыстырғанда, 2016 жылдың көктемінде Қазақстандағы құстар саны 2 млн-ға кеміп кеткен. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2017 жыл­­­ғы 16 ақпан мен 14 маусым ара­лығында көктемгі аң-құс аулау маусымына тыйым салды. «Комитет шешімі дұрыс емес, жануарлар дүниесіне аңшылардың еш қиянаты жоқ» деп қаптаған аңшылық мақ­саттағы шаруашылықтар ашық хат жазып, өре түрегелуде. Дерекке сү­йен­сек, соңғы бірнеше жыл көле­мінде 300-дей аңшылық шаруашы­лығы құрылған екен. Пайда таппаса, осыншама шаруашы­лық құрылар ма еді?» – деді Мұрат Бақтиярұлы Үкі­мет басшысы атына жолдаған де­путаттық сауалда.

Сонымен қатар соңғы уақытта ға­ламшар эволюциясындағы антро­погендік фактордың үлесі шарықтау шегіне жетіп, құс жолының бойында гибридті соғыс нүктелерінің көбейіп кетуі жыл құстарының да ұшып-қо­­нуын қиындатып отырғанын ай­тып ғалымдар жиі дабыл қағуда. Ас­­­­пан­нан тыныштық кетсе, тіршілік біт­­кеннің берекесі қашатынын Ук­­раи­надағы соғыс айқын көрсетіп берді. Қақтығыс басталғанына 4 күн бол­­ғанда Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігінің ресми сайты Қара теңіз өңірінен Қазақстан аумағына бағытталған транзиттік әуе рейстерінің саны бір тәулікте 257-ге жеткенін жазды. Ұшақтың үйрен­шікті жолы жабылса, аэронавиг­ациялық жетек бар. Тех­нологияның арқасында апатқа ұрын­дырмай, діттеген жеріне аман қондырады. Ал ғасырлар бойы бір ғана жолмен қатынап үйренген құстардың инс­тинкті технологиямен шендесе ал­майтыны анық. Таяу Шығыстағы тоқтаусыз соғыстар құстардың по­пуляциясына зор шығын келтіріп жатқанын айтып, дабыл қағып жүрген ғалымдардың уайымы бекер емес деген сөз. Сондай-ақ ғалымдар 2021 жылы Таяу Шығыстағы ұрысқа байла­нысты елімізде қоныс ауда­ратын құстардың 150 түрі жойылып кетуі мүмкін деп мә­лімдеме жасаған еді. Себебі мезгілге қарай көшіп жүретін құстардың көші-қон жолы Сирия арқылы өтеді екен. Зерт­теушілер құстардың қарулы қақ­тығыстар кезінде өлетінін хабарлап отыр. Осы себепті бұрын Қазақ­станда қанатты құстардың алуан түрі болса, қазір тіпті бозторғай да сирек кездесетін көрінеді.

 

ТҮЙІН:

Құстар өсімдіктерді тозаңдандыруда, жәндіктердің санын реттеуде және ыдырауға ұшыраған өлекселерді жоюда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар олар – табиғаттың бір бөлшегі, аспанның көркі. Ендеше қанаттылардың қанаты талмай, табиғатты әсен әуенге бөлеп, көгімізде еркін шарықтауға жазсын.

Наурызбек САРША