Ел дамуының өзекті мәселелері бойынша республикалық референдумдағы маңызды салалардың бірі ретінде халықтың әл-ауқатын арттыруға зор мән берілген болатын.
Жетісудың агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор
473
оқылды

Онда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екеніне ерекше назар аударылып, агроөнеркәсіпті дамытудың, оның ішінде  жер игерудің ел игілігін арттыруға ықпалы нақтыланған еді. Осы орайда сәрсенбінің сәтінде Жетісу жеріне арнайы жұмыс сапарымен келген  Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин өңірдің бірқатар ауданын аралап, ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысын өз көзімен көріп,  егістік алқаптарында шаруа қожалықтарының жетекшілерімен жүздескенін айта кеткен жөн. 

Астаналық делегация облыс әкімінің бастауымен бірінші ке­зекте Көксу ауданы Балпық би ауы­­лындағы «Тәуелсіздік» ЖШС-на барды. Серіктестік ди­рек­торы Рахим Каримовтың ай­туынша, сүт бағытындағы бұл фер­­маның жылдық қуаты 5 500 тон­на өнім шығаруға қауқарлы. 10 жылға жылдық пайызы 2,5% бо­латын жеңілдік несие қарас­ты­рылған «Үлкен жоба» желісі бойын­ша көрсетілетін мемле­кет­тік қолдау арқасында ферманың іргесі кеңейе түскен.  «Даниядан 136 бас сиыр әкелінді, күзде тағы да алып келеміз. Сөйтіп, мал ба­сын 850-ге дейін жеткіземіз, со­ған сәйкес сүт өндіру көлемі де ар­­­тады. Қазір бір тәулікте сауы­ла­тын жалпы сүт мөлшері 18 тон­­на, ал күзге қарай бұл көлемді 20 тоннаға дейін арттыруды жос­пар­лап отырмыз. Негізінен, сүтті Талдықорғандағы «JLC Сүт» сүт зауытына өңдеуге тапсырамыз, – дейді ферма жетекшісі. «Жетісу» ӘКК-мен бірлесіп, 2018 жылы іс­ке асырылған «400 бас ірі қараға ар­налған тауарлы сүт фермасын құру» жобасының құны – 1,3 млрд теңге. Мұнда бірқатар ин­но­вациялық технология енгізіліп, сиыр сауудың роботтандырылған жүйесі қолданылады. 

Бұдан соң Вице-премьер Ес­келді ауданындағы «Хи­­­­­льниченко и К» сенім серік­тес­тігіне қарасты қызылша ал­қа­бының басына барды. Бұл шаруа­шы­лық негізінен мал және өсім­­дік шаруашылығымен айна­лы­сады. Дәнді және дәнді-бұр­шақ­ты дақылдар, соя, қант қы­зыл­­шасын егіп, ұсақ мал мен етті бағыттағы жылқы өсіреді. Қазір мұнда етті меринос қойларының саны 7 мыңнан, жылқы саны 500-ден асыпты. Сапалы өнім алу үшін ауыспалы егіс талаптары қа­таң сақталады. 

– Біз осы алқап­тан әр гек­та­ры­нан орта есеппен 830 цент­нер­ден өнім аламыз деп отырмыз. Ал шаруашылықтағы қант қы­зыл­шасының орташа өнімділігі гек­тарына 700 центнер­ді құрайды. Қы­зылшаны қалай күтіп-бап­тау­ды жақсы білеміз, ал заманауи аг­ро­технологиялар мен мемле­кет­­тік қолдаудың арқасын­да егіс ал­қаптарын көбейтіп қана қой­май, одан әрі өнімділікті арт­ты­ру­ға да баса назар аударып отыр­мыз, – деді А. Хильниченко.

Осы жерде облыс әкімінің бі­­­рінші орынбасары Әлібек Жа­қан­баев вице-премьерге өңірдегі ауыл шаруашылығының аяқ алы­сы туралы егжей-тегжейлі баян­дады. Облыстың агроөнеркәсіп­тегі әлеуеті мен мүмкіндігін бес сау­сағындай білетін бірінші орын­­басардың айтуынша, өңір­дің ауыл шаруашылығы саласын қолдауға биыл 34,9 млрд теңге бө­лініпті, оның 23,2 млрд теңгесі суб­­сидия. Был­тыр ауыл шаруа­шы­­­­лығының жал­пы өнімі 1,2% өсім­мен 57,8 млрд теңгеге жет­кен. Биыл ауыл шаруашылығы да­қылдарының егіс көлемі алдын ала есеп бойын­ша 7,0 мың гек­тар­ға ұлғайып, 524,8 мың гектар бо­лады. Егіс ал­­­қа­бын әртарап­тан­дыру нәти­жесінде дәнді да­қыл­дар 15,1 мың гектарға, картоп 0,9 мың гектарға қыс­қарып, ба­сым­ды дақылдар­дың егіс көлемі жал­пы 22,9 мың гектарға ұлғайды. 

– Қант өндіру саласын да­мы­ту бағытында 2026 жылға дейін қант қызылшасының егіс ал­қа­бын 15 мың гектарға немесе 3,6 есе­ге арттыру жоспарланған. Осы жы­лы қызылшаны 12,6 мың гек­тар­ға септік. Былтыр Ақсу, Көсу қант зауыттарында 357 мың тон­на өнім өңделді. Облыстағы қант өн­­­дірісі 63 мың тоннаға жеткі­зіл­ді, соның ішінде Ақсу қант зауы­ты 10 мың тонна, Көксу қант зауы­­­ты 53 мың тонна қант шы­ғар­­­ды, соның 27 мың тоннасы Көк­­­су қант зауытында қамыс құ­ра­­­ғынан өндірілді. Биыл 550 мың тонна тәтті түбір жинап, соның нәтижесінде 87 мың тонна қант өндіру көзделіп отыр, оның ішінде қант қызылшасынан 60 мың тонна, қамыс құрағынан 27 мың тонна өнім өндіреміз, – деп қант қызылшасын өсіру жайына тоқталған Әлібек Әскербекұлы шаруашылықтар 18,5 мың себу бір­лігі болатын қант қызылшасы тұқымымен қамтылғанын да атап өтті. Мемлекеттік қолдау шара­лары мен субсидиялау, пайдала­ныл­май жатқан жерлерді қайтару мен оларды қайта айналымға ен­­гізу, ауыл шаруашылығы тех­ни­­­каларын жаңарту, мал шаруа­шы­­лығын, суару жүйелерін да­мы­ту, ветеринария салаларын қол­­­дау шаралары жайына да жан-жақты тоқталды. 

Алқап басында Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Серік Жұ­ман­­ғарин ауыл шаруа­шы­лығында егіс­тікте қолданылатын тыңайт­қыш­­тар, гербицидтер, пести­цид­тер, биологиялық қоспалар, түрлі техникасын ұсынатын компа­ния­лардың өкілдерімен тілдесті. Сол сияқты «Ауыл аманаты» жо­ба­сымен мемлекеттен қолдау алып, жеке ісін бастаған кәсіп­кер­лермен әңгімелесті, олар шы­ғаратын түрлі өнім қойылған көр­мемен танысты. Шаруа қо­жа­лықтарының жетекшілерімен жүз­десу барысында ауыл шаруа­шылығына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар, мем­ле­кеттік бағдарламалардың тиім­ді­лігі, салаға жаңа технологиялар ен­гізу, еңбек өнімділігін арттыру туралы пікір алмасты. 

– Біздің басты міндетіміз – бюд­жеттен бөлінетін қаражатты фер­мерлерге жеткізу. Қазір егіс ал­қаптарын ұлғайту үшін ылғал үнем­дейтін технологияларды ен­гізуге көңіл бөліп жатырмыз. Сон­дықтан өз тарапымыздан қа­­зіргі заманғы суармалы жаб­дық­­тарды сатып алу шығын­да­ры­ның 50%-ын субсидиялаймыз. Бүгінде елімізде де осындай жаб­дық­тарды өндірушілер шығып жа­тыр. Сондай кәсіпорынның бірі жуырда Талдықорғанда ашы­латыны қуантады. Жалпы, қы­зыл­ша өндірісіне ерекше қолдау көр­­се­тіліп отыр. Қазір қант қы­зыл­шасы ең табысты дақыл са­налады. Әрине, қиындықсыз бол­майды. Бірақ біз қолдау шара­ларын үзбей қабылдап келеміз. Міне, жаңа осы шаруашылықтың базасында заманауи озық ауыл­шаруа­шылық техникаларын көр­дік. Жалпы, ел бойынша жағдай бас­қаша, яғни техниканың тозуы 85-90%. Сондықтан жыл сайын тех­никаны 8-10%-ға жаңартып отыруымыз керек. Бұл – Мем­ле­кет басшысының тапсырмасы. Оны жүзеге асыру үшін жыл сайын шамамен 400-500 млрд тең­ге қажет. Келесі жылдан бас­тап оған бөлі­не­тін тиісті қаражат кө­ле­мін ұлғай­туды жоспарладық, – деді Серік Жұманғарин.

Шаруалардың сұрақ­та­ры­на жауап берген ви­це-премьер қант қызылшасын, кар­топ пен жеміс-көкөніс дақыл­да­рын өндіру мен жинауға арнал­ған техниканы сатып алған жағ­дай­да қай елде өндірілгеніне қа­рамастан, 25%-50% дейін суб­си­диялау түрінде қолдау қарас­ты­ры­латынын атап өтті. Бұл ретте бас­қа дақылдар үшін тек өз елі­міз­де құрастырылған және елде өндірілетін ауыл шаруашылығы тех­никасының ішінде баламасы жоқ техника ғана субсидияла­на­ды. Артық өнімді сату проб­ле­ма­ла­рына келетін болсақ, қазір экс­порт көлемін, оның ішінде Қы­тайға да экспорттау көлемін ұл­ғайту мәселесі пысықталуда. Ол үшін шекаралас аймақтарда за­манауи қоймалар салынып жа­тыр. 

Вице-премьер Талдықор­ған­да «Жетісу» ӘКК же­лі­­сі бойынша іске қосылған кө­кө­­ніс қоймасының жұмысына на­­зар салды. «Жетісу» ӘКК бас­қар­­ма төрағасы Данияр Айқын­баев­­тың айтуынша, көкөніс қой­ма­­сын іске қосу жобасы ел Пр­е­­­­зидентінің өңірге жұмыс са­па­ры барысында берген тапсыр­ма­сы­ның аясында қолға алынған. 

– Жаңа көкөніс қоймасын салу үшін бізге 2 млрд теңге қажет бол­­ды. Сондықтан бюджет қара­жа­тын тиімді пайдалану мақса­тында алдымен мониторинг жүр­гіз­дік, қорыта келе бұрыннан бар қойманы жаңғыртқан тиімді де­ген шешімге келдік. Осы мақ­сат­қа 360 млн теңге бағытталды. Жа­пондық құрал-жабдықтар са­тып алынды. Қойма былтырғы жыл­дың қазан айында пайда­лану­ға берілді. Мұнда бір уақытта 4,5 мың тонна көкөніс, жеміс-жи­дек сақтауға болады, – деді Д.Айқынбаев. 

Өңірге жасаған жұмыс са­парын қорытынды­ла­ған Серік Жұманғарин Жетісу облы­сы­ның әлеуметтік-экономика­лық дамудағы жетістіктерін, не­гіз­гі көр­сеткіштер бойынша көш­бас­шылар қатарында екенін, сондай-ақ өңірдің қолайлы табиғи-кли­мат­тық жағдайлары мен ұйым­­­­­­­­дастыру жұмыстарының оң жүргізілгені осын­дай нәтижелерге жеткізіп отыр­ғанын атап өтті. Вице-пре­мьер ауыл шаруашылығы еңбек­керлеріне табыс тілей отырып, мемлекет тарапынан қажетті қол­дау көрсетілетінін, шаруа адам­да­ры айтқан ұсыныстың бар­лығы қа­растырылып, назарға алына­ты­нын жеткізді. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы