14 маусым күні Мюнхен қаласында бір айға жалғасатын футбол тойы басталды. Яғни, жазғы футбол вайбы қайта оралды.
Тосынсыйға толы турнир
1,003
оқылды

Есте болса, 2022 жылы әлем чемпионаты Катарда өткен еді. Қыста ұйымдастырғаннан кейін бе, жанкүйердің де тосылып қалғаны бар. Неліктен екі бөлек чемпионатты салыстырып отыр дерсіз. Біз емес Мбаппе Еуропа чемпионатының әлем біріншілігінен де қуатты турнир екенін айтқан-ды. Ендеше кәрі құрлық алыптары жүлдеге таласатын дода туралы аз-кем баяндайық.

Көптен күткен кездесу

Иә, Еуромайданда 24 команда бақ сынайды. Оның ішінде 20 құрама іріктеу кезеңінен тікелей жолдама алды. Қосымша іріктеу арқылы үш құрама қосылды. Германия болса алаң қожайыны ретінде талассыз тізімге енді. Осылайша, аталған командалар алты топқа бөлінді. Әрқайсысында төрт құрамадан бар. Ереже бойынша әр топтағы төрт команда өзара ойын өткізеді. Жеңіске жетсе үш ұпай, тең ойнаса бір ұпайға ие болады. Яғни, 1/8 финалға тобында бірінші және екінші орын алған 12 құрама жолдама алады. Оған қоса, үшінші орын алған үздік төрт команданың да 1/8-ге өтуге мүмкіндігі бар. Дода әрі қарай ширек финал, жартылай финал мен шешуші кезеңге жалғасады. Финал 14 шілдеде Берлинде өтеді. 

Жұлдызы жанған құрама

Ал «шақырту» алғандардың ішінде ерегі – Грузия. Олар Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып отыр. Кавказ елдері ішінен суырылып шыққан олар тастүйін дайындықпен келеді-ақ. Өйткені өткен Еуропа біріншілігіне қатысу мүмкіндігін уыстан шығарып алған-ды. 2020 жылы іріктеу кезеңінде Солтүстік Македониядан жеңіліп, еурожорықтан кейін шегінді. Араға төрт жыл салып, реванш алып, дегеніне жетті. Иә, Қазақстан құрамасы ойсырай ұтылған Грекияны жеңіп, пенальти сериясын мүлтіксіз орындады. Бастапқыда сарапшылар Грекияны фаворит санаған еді. Грузия болса, тау халқының рухын көрсетті ме, Мюнхенге жол тартқан жолаушылар пойызына соңғы болып секіріп мінді. Әрине, бұған Франция, Италия, Испания, Англия сынды чемпионаттарда доп тепкен сайыпқырандарының көмегі тигені хақ. Яғни, футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен айтқандай, шетел чемпионаттарында доп тебетін футболшылар көбейген сайын ұлттық құраманың деңгейі көтеріледі. 

Грузиядан бөлек, сербтер де чемпионаттағы тұсауын кеседі. Іріктеу кезеңінде Болгариямен тең ойнаған оларға Венгрия үміт сыйлағаны есімізде. Дәлірек айтсақ, Венгрия Черногориядан басып түсіп, сәйкесінше ұпай айырмасымен Сербия Еурододаға жолдама алды. Сербтер тек топтық кезеңде ойнап қана қоймай, әріге дейін шабуға мүмкіндігі бар тәрізді. Өйткені мамандар Англия мен Сербияны С тобында фаворит ретінде бағалайды. Фавориттер жайын кейінірек талқыласақ. 

Оған дейін бағы жанған бір-екі командаға тоқталайық. 

Тарқатып айтсақ, Украина да Мюнхенге «тікелей» келмей, ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы жолдама алды. Босния және Герцаговинаны, Исландияны да жеңіліп жатып, қапы қалдырды. Осылайша, Сергей Ребров баптайтын құрама футбол әлеміндегі ірі турнирден шет қалған жоқ. Лунин, Зинченко, Мудрик сияқты беделді ойыншылары бар құрама тосылмауды құп көріп отыр. 

Кімнің бағы жанады?

Кезек бойынша маңызды сұрақтың жауабын іздеп көрелік. Кәрі құрлықтың тартысты бәйгесінде кімнің айы оңынан туады? Бұған дейін спорт сарапшылары, букмекерлер мен жасанды интеллект осы сұраққа жауап іздеп көрді. Түрлі спорт додасына болжам жасайтын Opta Analytics компаниясы Англия құрамасын жеңіске жетеді деп отыр. Одан бөлек, үздік бестікте Франция, Германия, Испания мен Португалия құрамасы бар. Спорт сарапшыларының да ойы осы тізімге сәйкес келеді. 

Айталық, Англия үшін бұл таптырмас мүмкіндік әрі кеткен есені қайтару кезеңі. Есте болса, 2021 жылы Еуропа біріншілігінің финалында бұл құрама Италияға есе жіберген еді. Одан бұрын өткен әлем чемпионатында да (2018 ж) төртінші орын алып бармақ тістеп қалғаны бар. 2022 жылы Катарда да сәттілік ағылшындардың жағына шықпады. Әйтпегенде, мықты ойыншылар бас қосқан менмұндалап тұрған құрама екеніне сөз жоқ. Биыл да бес қаруын сайлап келіп тұр. Оның үстіне, Англия Еуропа чемпионатында топ жарып көрген емес. Егер сарапшылардың айтқаны дәл келсе, триумф болмақ. Гарет Саутгейт баптайтын құрамда Джуд Беллингем, Харри Кейн, Фил Фоден, Букайо  Сака, Кайл Уокер сияқты саңлақтар бар. Әрине, Тренд Александр-Арнольд пен «Челсиды» «арқалап» жүрген Коул Палмерді де есепке алған жөн. Жұлдызды ойыншылар тізіліп тұрған командада негізгі құрамды бекіту қиын болғаны анық. Өйткені Саутгейт Грилиш пен Рэшфордты қатарға қосқан жоқ. Бұл құрама С тобында Дания, Сербия, Словениямен бірге бақ сынайды. 

Одан кейінгі үміткер – Франция. Дидье Дешам баптайтын «суперқұрам» Мюнхенге босқа келмегені түсінікті. Олар кейінгі екі әлем чемпионатында финалда ойнады. 2018 жылы футболдан әлем чемпионы атанса, 2022 жылы финалда Аргентинаға жол берді. Бұл құрамның осынша жетістікке жететіндей қандай сиқыры бар дерсіз. Мәселе сонда, командада бапкер кез келген позицияда ойыншы жоғалтамын деп бас қатырмайды. Яғни, бірі жарақат алса, «сен тұр, мен атайын» дейтін футболшы дайын тұрады. Бір ғана шабуылда Гризманн, Дембеле, Жиру, Мбаппе кезек күтіп тұрады. Сол сияқты кез келген позицияда бәсеке бар. Ал бәсеке бар жерде өзін көрсеткісі келетін амбиция да қатар жүретінін ұмытпайық. Есте болса, 2016 жылы Франция Еуропа чемпионатының финалында Португалияға жол берген. Пайет пен Гризманн дуэтінің асқан шеберлігін көрген едік. Осы жолы Дешам шәкірттері Берлинге дейін жете ала ма екен? 

Сарапшылар турнирдің үздік үштігін Германия құрамасымен түйіндеп отыр. Құрамында Гюндоған мен Кроос сияқты әккі ойыншысы бар команда трофейден дәмелі. Немістер де өз алаңындағы бәйгеде өзгенің жеңіске жеткенін қаламасы анық. Жамал Мусиала, Флориан Вирц сияқты жас сайыпқырандары тағы бар. Бапкер Нагельсманн да екеуіне иек артатыны көрініп-ақ тұрады. Нойер мен Киммих сияқты «қамал» барын да ұмытпайық. Жалпы, құрамның тәжірибелі әрі үздік екені даусыз. Бірақ үздіктің бәрі мүлтіксіз ойнайды деп кім айтты? Кейінгі турнирлерде Германия құрамасының сыр беріп жүргенін көз көрді. Өз алаңында ойнаудың да қиындығы жоқ емес. Сондықтан Германия құрамасы туралы екіұдай пікір бар. 

Сонымен үздіктер қатарында Испания мен Португалия да бар. Екеуін салыстырар болсақ, қазір Португалия құрамасының салмағы басып тұрғандай. Мұнда да Франция құрамасындағыдай қай позицияда болсын бәсеке қызып тұр. Әрине, Дешамдыкі сияқты жұлдызқұрам емес, десе де алаңда ақ тер, көк тер болуға дайын.  Оның үстіне 2016 жылғы Еуропа чемпиондары деген атағы тағы бар. Роналду, Силва, Витинья, Мендеш сияқты футболшылары сақадай сай тұр. Ал Испанияның жас буыны кәрі құрлықтағы тісқаққан ойыншыларға төтеп бере ала ма? 

Қорыта айтқанда, осыған дейін Испания, Италия, Франция өз алаңында өткен Еуропа біріншілігінде топ жарған. Егер Германияның кубокқа қолы жетсе, тізім жаңарады. Англияның мерейі үстем болса, турнир тарихындағы алғашқы алтынына қолы жетеді. Жоғарыдағы бестікке назар аударсақ, Франция, Испания, Португалия кезекті рет жеңімпаз атануы мүмкін. Әрине, бұл болжам ғана. Жеңістің кімнің жағына шығары белгісіз. Бастысы жанкүйерлерге естен кетпес әсер сыйлағаны керек. Берлинде қай елдің жалауы желбірейтінін 14 шілде күні білеміз. Қазірше миллиондарды біріктіретін ойындарды өткізіп алмайық. Бір ай жалғасатын футбол фестивалі­нен қапы қалмайық, жанкүйер!

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ