«AMANAT» партиясы мен Yeni Azərbaycan партиясы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниетті.
«AMANAT» пен Yeni Azərbaycan  өзара тиімді диалогті жалғастыруда
430
оқылды

Баку қаласында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек пен  Yeni Azərbaycan  партиясы Төрағасының орынбасары – Орталық аппарат басшысы Тахир Будагов өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол қойды,  деп жазады Aikyn.kz.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек екі мемлекет арасында дәстүрлі достық қарым-қатынас сақталып келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, аталған меморандум екі елдегі саяси партиялардың өзара диалогін жандандырып қана қоймай, мемлекетаралық қатынастардың достық пен тату көршілік рухында дамуына серпін береді.

 Yeni Azərbaycan  партиясы Төрағасының орынбасары – Орталық аппарат басшысы Тахир Будагов екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың тарихи және мәдени-гуманитарлық аспектісіне тоқталды. Ол  Yeni Azərbaycan  партиясының мемлекеттер арасындағы тату көршілік қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында «AMANAT» партиясымен ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екенін растады.

Тараптар партиялық құрылыс мәселесі, экономикалық және мәдени-гуманитарлық даму, заң шығару, жастар және гендерлік саясат секілді өзара ынтымақтастықтың бірқатар бағытын айқындады. Сонымен қатар кездесуде қатысушылар партиялық оқыту мен партия кадрларын даярлауды дамыту саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Кездесу соңында тараптар партияаралық диалогті белсенді нығайтуға уағдаласты, сондай-ақ күн тәртібіндегі екіжақты және халықаралық кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сонымен қатар Дәулет Кәрібек Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің рухына тағзым етіп, 1990 жылғы қайғылы оқиға құрбандары жерленген және Таулы Қарабақ үшін болған шайқастарда қаза тапқан бауырластар зираты – «Шаһиттер аллеясындағы» Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.