Мемлекет басшысы жыл басында экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың кредиттелуін төмендету жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.
Бәсеке болмай банк оңбас
310
оқылды

Мемлекет басшысы  банк секторындағы қазіргі күрделі ахуалдың шешімі ретінде шетелдік инвесторларды тартуды ұсынған еді. Өткен жылғы халыққа Жолдауында да бә­секелестікті арттыру үшін елге үш сенімді шетелдік банкті тартуды тапсырған болатын.

«Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн», – деді Президент.

Жыл басынан бері санкцияға ұшы­раған (Сбербанктің бұрынғы еншілесі – ред.) Bereke банкін сатып алу бойынша белсенді келіссөздер жүр­гізілген еді. Қаржы институты оның жағымсыз сал­дарынан сырт айналу мақсатында клиент­тік базаны жойғаннан кейін на­рықтағы өз пози­циясын жоғалтты. 2022 жылғы 1 нау­рыздағы жағдай бойын­ша бұрынғы Сбербанктің (Қазіргі – Bereke bank) борыштық жүктемесіндегі өзге міндет­темелердің үлесі небәрі 33,7% болатын. «Бәйтерек» ұлттық холдингінің банкті сатып алуын қаржы сарап­шылары Қазақ­станның инвести­­­циялық мәрт­е­бесін нығайтуда «ше­шуші» рөл деп бағалады. Сарапшы­лардың пікірінше, осы арқылы қазақ­стандық нарық алғаш рет саламатты бәсекелестікке бет бұрса, ал қарапайым халық пен корпоративтік орта үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.

Қазақстанға қатысты жоспарлары мен инвестиция көлемін ескерсек, атал­мыш қаржы институтын сатып алу – Қатар тарапынан қисынды қадам деуге келеді. Мұндай ауқымды келіссөздер мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуында Мемлекет басшысының рөлі орасан. Себебі еліміздің қаржы нарығында пайда болатын екінші шетел­дік банк те Президенттің тікелей қаты­суымен өткен Қазақстан–Корея бизнес-фо­румында айқын болды.

Корея Президентінің мемлекеттік сапары шеңберінде ұйымдастырылған бұл шара аясында BNK Financial Group Inc. Корея компаниясының құ­­рылы­мына кіретін BNK Finance Kazakhstan мик­роқаржы ұйымы екінші деңгейдегі банкке айналдыруға рұқсат алды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Банктік қада­ғалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойыл­ғанына тоқтала келе:

– Жаңа құжат арқылы ин­вес­тициялар қауіпсіздігін бақылаудың тәртібі рет­телмек. Елімізде корейлік BNK Finance Kazakhstan микро-қаржы ұйымы бар. Мен оны екінші деңгейдегі банкке ай­налдыру туралы шешімді қолдаймын, – деді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де Мемлекет бас­шы­сы­ның бұл ұсынысына қатысты қаржы на­рығында жаңа банктің пайда болуы сектордағы бәсекелестіктің кеңеюіне ықпал ететініне сенім біл­дірді.

«BNK Financial Group Inc. – ак­тивтері $129 млрд және «ААА» ұлт­тық рейтингі бар Оңтүстік Кореяның аса ірі қаржы тобы. Топ құрылымында 300-ден астам филиалы және «А2» халықаралық рейтингісімен 2 банк бар. 

2021 жылы BNK МҚҰ микро­қар­жылық қызметті жүзеге асыруға лицен­зия алды. Бүгінгі күні BNK МҚҰ микро­қаржы ұйымдары секто­рындағы актив­тер мөлшері бойынша 13-ші орында, 2021 жылдан бастап ХҚЕС активтері 5 есеге ұлғайып, 20,3 млрд теңгені құра­ды. Кредиттік портфель 6 есеге ұлғайып, 18,8 млрд теңгеге жетті. Агенттік BNK МҚҰ-дан келіп түскен өтініш пен құжат­тар топтама­сының негізінде Басқар­маның 2024 жылғы 7 маусымдағы № 26 қау­лы­сымен екінші деңгейдегі банкке айыр­бастау ны­санында BNK МҚҰ-ны ерікті түрде қайта ұйымдас­тыруға рұқ­­сат берді»,  – деп хабарлады Қаржы реттеуші. 

Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі төрағасының орын­басары Ол­жас Қизатов бизнес-форум кулуа­рында БАҚ өкілдеріне аталмыш МҚҰ 2024 жылдың желтоқсанында банк лицен­зиясын ала алатынын ха­барлаған еді.

«Алты ай ішінде аталмыш мик­роқаржылық ұйым ұйымдас­ты­ру­шы­лық-техникалық іс-шараларды өткізеді деп күтеміз. Яғни, олар кеңсе бөлмелерін дайындау, жабдықтар сатып алу, қызмет­керлер жалдау се­кілді жұ­мыстар аяқ­талуы керек. Нә­тижесінде, желтоқсан айында бұл ұйымға банктік лицензия берілуі мүм­кін. Банк ретінде лицензия алған күннен бастап олар ресми түрде жұмыс істей бастайды», – деді ол. 

Сонымен қатар агенттік төраға­сының орынбасары BNK Finance-тің Қазақ­станның банк нарығына кіруін оң баға­лайтынын айтты. 

«Біз BNK Finance-тің банк на­ры­ғына кіруіне жалпы оң көзқа­распен қараймыз, өйткені BNK Global Finance тобының өзі өте үлкен кореялық қаржы корпора­циясы. Әлемнің көптеген елін­де бұл ком­панияның бөлімдері бар және мұндай ірі қаржы институты отандық банк на­рығына енуі – жақсы құбылыс», – деді О.Қи­затов.

Аталмыш микроқаржылық ком­па­нияның ресми сайтында көрсетілген ақпаратқа сүйенсек, BNK Finance Kazakhstan елімізде 2018 жылдың қараша айынан бері жұмыс істей бастаған. Осы жылдың наурыз айында ЖШС акцио­нерлік қоғам болып қайта құрылады. Компанияның бас кеңсесі Алматыда орналасқан, Шымкент пен Астана қа­ла­­­ларында бөлімшелері жұмыс істейді.

Дегенмен кейбір қаржыгерлер көп­шіліктің нарыққа келетін шетелдік банктер жергілікті банктерге қарағанда арзанырақ несие бере бастайды деп күтуі орынсыз деген пікірде. Себебі олардың несие беру саясатының та­лап­тары одан да қатал болуы мүмкін. «Қазақстанның қаржы секторы: стра­тегиялық сын-қа­терлерге 25 жыл» форумында қаржыгер Бекжан Пір­матов жаңа банктер бизнесті немесе халықты жаппай несиелендіруі екі­талай деген пікірімен бөліскен бо­латын.

«Егер банктер бәсекелестік үшін кел­се, бұл – басқа мәселе. Әрине, ел эконо­микасы үшін халықаралық банктердің қатысуы оң фактор. Со­ны­мен қатар ха­лықаралық қаржы ин­ституттары көп­теген қазақстандық қар­жыгерді «тәр­биелеп» шығар­ғаны рас. Сондықтан білім алу тұрғы­сынан шетелдік ойын­шылардың келуі кадрлық қызметке де оң әсер етуі мүм­­кін. Басқа елдермен салыс­тырар болсақ, нарықтағы банктердің саны жеткіліксіз. Сондықтан банк нары­ғындағы ойыншылар санының өсуі клиенттер үшін тиімді болар еді», – дейді қаржыгер.

Ал еліміздегі ең ірі банктің бас­қар­ма төрағасы Үміт Шаяхме­тованың ойын­ша, ел арасында шетелдік банк келсе, нарық­тағы мәселелер шешіледі деген жаңсақ түсінік қалыптасқан.

«Бүгінде Қазақстандағы 21 банктің 12-сі шетелдік субъектілердің қаты­суы­мен жұмыс істеуде. Бұл банктердің жал­пы санының 50%-дан астамын құрайды. Алайда активтер, несие беру және де­позит­тер көлемінің 90%-ы отандық 9 банк­­­ке тиесілі. Яғни, бар­лық актив­тердің шамамен 10%-ы шетелдік банк­тер­ге тиесілі, олар саны жағынан 50%-дан асады», – деді ол.

Банкирдің бұл уәжі орынды-ақ. Дегенмен экономист Бауыржан Шур­мановтың айтуынша, елімізде өз қа­ражаты арқылы өнім ұсынатын банк­тер жеткіліксіз. 

«Қазір біздің қазақстандық банк­терде базалық мөлшерлемеге байла­нысты бар­лық шарт қарастырылған және одан төмендетудің ерекше қажеттілігі жоқ. Түптеп келгенде, олар жай ғана 14 па­йызбен ақша алып, оған 10 пайыз­дық үстеме қосады. Шетелдік банктердің келуіне қызығушылық бар және бұл нарық субъектілері үшін, ең алдымен, бәсекелестік тұрғысынан қиын­дық туды­рады. Шартқа сай шетел­дік банк­терден тиімді несие күте­міз. Бір кездегі ұялы байланыс нарығындағы принципті мысалға келтіруге болады. Мәселен, Tele 2 ком­паниясының нарыққа енуі ұялы бай­ланыс нарығындағы ойын шарттарын біржолата өзгертті. Ол кездері ұялы теле­фон байланысының 1 минуты 30 тең­ге болатын, олар бұл бағаны 5 теңге­ге дейін төмендетті. Менің ойым­ша, шетелдік қаржы субъек­тілерін ең бірінші Қазақ­станның корпоративтік секторы қызық­тырады. Халық санының аздығын ескере оты­рып, олар серіктестік орнатуға мүдделі деп есептеймін, – дейді эконо­мист.

Сарапшының сөзінің жаны бар. Себебі соңғы уақытта қаржы секто­рын­да­ғы корпоративтік несие көле­мінде оң өзгерістер байқалады. Мы­салы, Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агентті­гінің есебіне сүйенсек, 2023 жылы банктер бизнеске берген кредиттер портфелі 16,7%-ға, яғни 11,2 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл – соңғы 12 жылдағы ең жоға­ры көрсет­кіш. Ұлттық банктің кредиттік тір­келімінің деректері бойын­ша бизнеске ұлттық валютада берілген несиелердің орташа сыйақы мөлшер­лемесі бір жыл ішінде 16,5%-дан 20%-ға жеткен.

Құжатта: «Салалар бөлінісінде кре­диттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (29,7%), саудаға (26,2%), көлікке (7,3%), құрылысқа (5,3%), ауыл шаруашы­лығына (4%) және бай­ланысқа (1,8%) тиесілі. Заңды тұлға­лардың кредиттер портфелі 11,9%-ға, 9,6 трлн теңгеге дейін, оның ішінде ШОБ субъектілеріне қарыздар 13,3%-ға, 5,7 трлн теңгеге дейін, ірі бизнес субъектілеріне кре­диттер 10,1%-ға, 3,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте ЖК кредиттері 58,6%-ға, 1,5 трлн теңгеге дейін өсті», – делінген.

Жалпы алғанда, былтыр бизнес субъек­тілеріне барлығы 15,5 трлн теңге несие берілді, бұл 2022 жылмен салыс­тырғанда 22,1%-ға артық. Қаржы реттеу­ші мұндай көрсеткіштің негізгі себебінің бірі ШОБ субъекті­лерін қолдайтын мемле­кеттік бағдар­ламалардың әсері деп түсіндірді.

Кәмила ЕРКІН