Алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан түлектер қазір Ұлттық бірыңғай тест тапсыру сынағынан өтіп жатыр. ҰБТ басталды дегенше, қоғам бір дүрлігіп қалатыны бар.
ҰБТ: Ереже неге бұзылды?
8,861
оқылды

Алып ұшқан арман жетегіндегі түлектерді айтпағанда, ата-ана, орта білім саласының мамандары да жанталас бір күйде болады. Әркім өзінің бәйгеге қосқан «тұлпарының» оза шауып, үздік болғанын қалайды. Бір әттеген-айы, қызды-қыздымен ҰБТ-ның ережелерін белден басатындар да кездеседі. Соңғы жылдары бақылаудың күшейтілгенінің нәтижесінде тестілеудің айналасындағы дау-дамай, байбалам азайды. Дегенмен дайын жауаптарды тарату, рация мен қалта телефондарын алып кіру оқиғалары әлі де кездеседі.

Алайда биылғы ҰБТ-ға қатысты та­лаптардың бұзылу оқиғасы өзгерек си­патта өрбіді. Stan.kz ақпарат агенттігі 6 маусымда ««ҰБТ сертификатынан айырылады»: Назарбаев зияткерлік мекте­бінің оқушылары емтихан cұ­рақ­тарын әзірлеп, шынайы тапсырма ретінде таратқан» деген ақпарат жариялады. Ақпаратта жазылғандай, «Назарбаев зият­керлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Facebook-тегі парақшасында білім ордаларының бірінде оқушы жалған тапсырмаларды әзірлеп, ал басқа оқушылар тобы оларды шынайы емтихан материалы ретінде таратқанын, және ол оқушыларға тәртіптік жаза қолданылғанын мәлімдеген. 

– Бұл оқушылар қорытынды емти­хандар аясында ҰБТ сертификатын алу мүмкіндігінен айырылады. Мате­риал­дарды таратуға қатысқан қалған оқу­шыларға да тәртіптік жаза қолданылды. Біз мектептеріміздегі білім беру про­цесінің сапасы мен тұтастығын сақтау үшін білім берудің жоғары стандарттарын, академиялық адалдық пен ашықтық принциптерін ұстануды бұдан әрі де жалғастырамыз, – деп жазған еді Әнуар Жанғозин.

Ол анықталған заңбұзушылықтарға сәйкес осындай келеңсіздікті туындатқан оқушыларға емтихандарды қайта тапсыру құқығынсыз емтихан нәтижелерін жою туралы шешім қабылданғанын түсіндірді. 

Біз өз тарапымыздан «ҰБТ серти­фикатынан айырылған оқушыларға қан­дай тәртіптік жаза қолданылғаны туралы және оларға қандай да бір мүмкіндіктер беріле ме?» деп сұрағанымызда «Назар­баев зияткерлік мектептері» ДББҰ бас­қарма төрағасының орынбасары Са­быржан Садуақасов:

– ҰБТ сертификатынан айыру сұрағына келсек, Зияткерлік мектептердің 12-сынып оқушыларына Кембридж бағалау кеңесі мен Педагогикалық өлшеулер орталығымен бірлесіп да­йындалған сыртқы тәуелсіз бағалау өт­кізіледі. Осы сыртқы емтихандардың нәтижелері негізінде ҰБТ сертификаты беріледі. Аталған жағдайда сыртқы бағалау емтиханының нәтижесі жойыл­ғандықтан, ҰБТ сертификаты сәйкесінше берілмейді. Аталған оқушыларға биылғы жылы жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін бірнеше мүмкіндік бар, – деп жауап берді.

С. Садуақасовтың айтуынша, Назар­баев зияткерлік мектептері оқушы­ларының бағдарлама негізінде тапсы­ратын сыртқы емтихандарда академиялық адалдықты бұзуы NIS жүйесінің беделі мен қызметіне, халықаралық стан­­дарт­тарға сай білім беру нормаларына қайшы. Сондықтан оқуға түскен кезде оқушылар мен олардың заңды өкілдері міндетті түрде мектептің ішкі тәртібі мен акаде­миялық адалдықты сақтау ережелерімен танысып, екі тарапты келісімшартқа қол қояды. Оқу барысында оқушыларға мектептердің ішкі тәртібі мен акаде­миялық адалдық нормаларын сақтау, оны бұзудың салдары туралы сынып сағат­тарында және түрлі іс-шара барысында үнемі түсіндіріледі. 

Ал Ұлттық тестілеу орталығына Назар­баев зияткерлік мектептерінде болған оқиғаға байланысты хабарлас­қанымызда: 

– Академиялық адалдықты қам­тамасыз ету мақсатында тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Талапкерлер рұқсат етілмеген заттарды (ұялы телефон, шпаргалка және т.б.) алып кірмеуі үшін әрбір талапкер тестілеуге кірер алдында тексеруден өтеді. Тестілеуге кіргізу ке­зінде қол және рамалық металл ізд­егіштер пайдаланылады. Бұл талап­­керлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережелерді бұзу мен тыйым салынған заттарды алып өтудің алдын алу үшін қажет, – деп жауап берді Ұлттық тестілеу орталығының бас­пасөз қызметі. 

Талапкерлердің ҰБТ кезінде ереже бұзуы көбіне қандай себептерге бай­ланысты туындайды? Оларға тәртіптік жаза қолданған кезде қандай мәселеге көбірек мән беру керек? Ереже бұзған оқушылардың болашағы қалай өрбуі мүмкін? Бұл сұрақтардың жауабын білу мақсатында Қазақстанның Еңбек Ері, білікті педагог Аягүл Миразоваға ха­барласқан едік.

– Меніңше, емтихан кезінде оқу­шының орынсыз қозғалақтағаны, оңды-солды бұрылып, жан-жағына бұрылып қарағаны үшін ескерту жасаған дұрыс. Бірақ емтиханнан шығарып жібермеген дұрыс. Ал шпаргалка қолданып, телефон пайдаланса немесе басқа да ереже бұзса, оған көз жұмып қарауға болмайды. Оқушы айтылған талапты орындауға тиіс. Ес­кертілген ереже бәріне ортақ қой. Сон­дықтан әрбір оқушы өз білімінің көр­сеткішін адал әрі әділ алуы тиіс. ҰБТ-ға байланысты көптеген ой бар. Білім сапасы өз дәрежесінде болмай жат­қаны туралы көп айтылады. Қазір диплом емес, бізге нағыз білімді, мамандығына сай еңбек ете алатын ұрпақ керек. Елдің бәрі жоғары оқу орнын бітіріп, бірнеше диплом құшақтап, саны бар, сапасы жоқ жастар санын көбейтудің қажеті жоқ. Әркім өзінің шама-шарқы келетін мамандықты таңдауы керек. Өзіне де, өзгеге де пайдасы жоқ дипломды алға­нымен, сол маман­дыққа тапшылық бар. Неге? Өйткені алған диплом талапқа сай болмай жатыр. Бұл еліміз үшін үлкен сын. Сондықтан ереже мен талапқа бағынып, білімді дә­лелдеген ұрпақ озады, – деді ол.

Биыл ҰБТ басталғалы бері талап­керлердің 315-і ереже бұзған. Ұлттық тес­тілеу орталығының баспасөз қыз­метінің бізге берген мәліметіне сәйкес, ереже бұзған талапкерлердің 219-ы смарт­фон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әре­кеті сал­да­рынан тест тапсыру мүмкін­дігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 89 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойыл­ды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойыл­ды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

– Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 164 мың рет тест тапсырылды. Оның ішін­де талапкерлердің 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 115 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Шекті балды 76% талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 68 балды құрады. Ең жоғары балл – 138. 266 адам 130 балдан жоғары көрсеткіш көрсетті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға төрт аптаның ішінде 510 талапкер қатысты, – деп жазылған Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз хабарламасында.

Жалпы, биыл еліміз бойынша 186 мың түлек 11-сыныпты аяқтады. Бөлінген грант саны – 112 мың. Бұл былтырғы көр­сеткіштен 23 мыңға артық.

Ұлттық тестілеу орталығының ди­ректоры Болатбек Әбдірасылов грант санының артуы жыл сайынғы демо­графиялық өсіммен байланысты дейді.

– Аталған грант мөлшерінің 79 мыңы – бакалавриат еншісінде. Оған 16 ма­мыр – 5 шілде арасында негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын 180 мыңнан астам талапкер таласады. Олар оқу сауаттылығы, математикалық сауат­тылық, Қазақстан тарихы және екі таңдау пәні бойынша білімін сынайды. Бұрын математика-физика екі бейіндік пәнді 19% абитуриенттер таңдаса, биыл мате­матика-физиканы таңдаған балалар саны – 16%. Ал биология-химия 16%-дан артықтау. Шығармашылық – 13% және 11% математика-информатика пәнін таңдап отыр. Бұл деген биология-химия бағытына жасалған, негізделген маман­дықтарды көбірек жастарымыз таңдауға мүмкіндік алатынын көрсетеді, – деді Болатбек Әбдірасылов.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, негізгі ҰБТ 43 өңірлік тестілеу орталығында 47 күн ішінде жүргізіледі. 

– ТЖ жарияланған 6 өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қос­танай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ҰБТ 25 мамырдан бастап 12 шілдеге дейін өткізіледі, осы өңірлер үшін өтініштерді қабылдау 20 мамырға дейін ұзартылды, – деді министр.

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің шешімі бойынша биыл талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Яғни, Ұлттық тестілеу орта­лығының баспасөз қызметі хабарлағандай, талапкер тестілеуге қатысуға екі мүм­кіндікті есепке алғанда 342 мың өтініш берген. Оның ішінде тапсырушылардың 75%-ы қазақ тілінде, 24,9%-ы орыс ті­лінде, 229 адам ағылшын тілінде тесті­леуден өтуге өтініш білдірген екен. Әрбір талапкердің және ата-ана, сала мамандары білуі тиіс елімізде ҰБТ өткізу және ака­демиялық адалдық қағидаларының сақ­талуын бақылау үшін тиісті бұйрық бекітілген. Ереже бұзған кез келген та­лапкерге қатысты тәртіптік жаза қа­рас­тырылған. Сондықтан әрбір талапкер өзінің 11 жыл бойы мектепте алған білімін әділ әрі адал дәлелдеп шығуға дағдылануы тиіс. Ал тәртіп пен білімді, әділдік пен адалдықты серік еткен ұр­пақтың келешегі кемел болатынын дә­лелдеу артық шығар...

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ