Болашақ геологтар кәсіби шеберлікпен қатар спорттық сайыстарға қатысып, шығармашылық жарыстар да өткізді.
Алғашқы республикалық геологиялық универсиаданың жеңімпаздары анықталды
532
оқылды

Сәтбаев университетінің Жамбыл облысы Майлы Қаратау жотасының маңында орналасқан полигонында 5 күн бойы еліміздің тоғыз жоғары оқу орны мен колледж студенттері арасында Жер туралы ғылым бойынша жарыс өтті.

Универсиада қорытындысы бойынша Семей геологиялық барлау колледжінің командасы 1-орынды, Сәтбаев университетінің командасы 2-орынды иеленсе, үздік үштікті Назарбаев университетінің студенттері түйіндеді.

Универсиада бағдарламасында ғалымдар мен практиктердің жалпы және құрылымдық геология, кристаллография және минералогия, петрография, палеонтология, гидрогеология және геофизика бойынша лекциялар мен кеңес болды.

Қатысушылар үшін шатырлы қосын құрылды. Олар осында түнеп, күндіз нағыз геологтарға лайық, жоспарланған маршруттар бойынша жорыққа шығып, бір-бірімен жарысты, минералды тастар мен пайдалы қазбаларды қағып өтті. Ал кешкісін олар кеңсе жұмыстарымен айналысып, карталар жасады және күнімен істеген жұмыстары туралы гитараның әсем әуенімен оттың айналасында талқылады.

Болашақ геологтар кәсіби шеберлікпен қатар спорттық сайыстарға қатысып, шығармашылық жарыстар да өткізді. Ұйымдастырушылар сонымен қатар студенттерге арналған геологиялық квест ойластырды. Бұл жас мамандар мен геология ғылымының көрнекті өкілдеріне бір-бірімен қарым-қатынас жасауға және өзара тәжірибе алмасуға қосымша мүмкіндік болды.

Сәтбаев университетінің Қаратау геологиялық полигоны Тараз қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан. Ғаламшар бетіндегі бұл нүкте Жер тарихының миллиардтаған жылдарын қамтитын бірнеше геологиялық дәуірлерге жатады. Бұл табиғи оқу құралы ғаламшар тарихына қол жеткізуге, геологиялық процестердің дәлелін өз көзіңізбен көруге және қазақтың ұлы ғұлама ғалымы Қаныш Сәтбаевтың ізімен зерделей отырып, оларды қолдағы балғамен ашық геологиялық карта арқылы түйсінуге мүмкіндік береді. 

«Біздің жер қойнауымыздың кен ресурстары орасан зор екеніне және Менделеев таблицасындағы барлық металдың бар екеніне қарамастан, көптеген кен қорымыз сонау кеңестік кезеңнен бері барланып келеді, олардың көбі сарқылуға жақын. Қазіргі жағдайда геология саласына жаңа көзқарас, жаңа ізденіс қажет. Бұл көмірсутектер саласындағы ғана емес, сонымен қатар цифрлық индустрияға және басқа да салаларға қажетті сирек кездесетін металдар саласында жаңа кен орындарын ашу арқылы экономиканы дамытуға елеулі мүмкіндіктер туғызады», – дейді Сәтбаев университеті Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры Асқар Сыздықов.

Универсиаданы өткізуге бастамашы болған – Қазақстан Геология комитеті, ал негізгі ұйымдастырушысы – Сәтбаев университетінің Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институты.

Университет барлық дайындықты өз қолына алды. Жан-жақты конкурстық бағдарлама әзірледі, жетекші мамандарды тартып, қатысушылар үшін барлық қажетті жағдайды жасады.

Іс-шараға «Қазақмыс Барлау», «ERG Exploration» және «KAZ Minerals» секілді ірі компаниялар қолдау көрсетіп, Универсиаданы жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік берді. Ал еліміздің әр өңіріндегі университеттер мен колледждерден келген белсенді өкілдері іс-шараға үлкен мән берді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.